Түркістандық қошқардың 18 миллион тұратындай не қасиеті мен құдіреті бар?
Түркістандық қошқардың 18 миллион тұратындай не қасиеті мен құдіреті бар?
969
оқылды
Соңғы жылдары елімізде гиссар шаруашылығымен айналысатындар көбейіп келеді. Әсіресе, жуырда 40 мың долларға, яғни 18 миллион теңгеге қошқар сатып алған қазақ жігіті туралы ақпарат елді елең еткізді. Әрине, ол жарты тонна салмақ беретін атан түйе не болмаса жесең тамақ, мінсең көлік болар жылқы емес. Уақ малдың құны неге осынша ақшаға бағаланды?

Каштанның қозысы 1 000 долларға сатылады

Сонымен, бойы 1,05, салмағы 176 келі тар­татын қошқардың 18 миллион тұратындай не қасиеті мен құдіреті бар? «Каштан» деп аталатын қошқарды сарыағаштық Қуаныш Мықтыбаев осы өңірдің фермері Рустам Тұрғыновтан са­тып алған болатын. Каштан осын­да туып-өсіп, жетілген. Демек, осынша салмақты, асыл­тұ­қым­ды қошқар өсіруді қазақ­стан­дықтар да меңгерді деген сөз. Негізінен, құйрықты асыл­тұқым­ды Гиссар қойын өсіру Қырғыз Республикасында кең тараған. Тіпті, олар биыл арашан деген атаумен қойды патенттеп, ресми түрде тіркеді. Жалпы, гиссар тұ­қымды қойлар тез өсіп, салмақты да тез жи­найды және еті дәмді келеді екен. Қуаныш Мықтыбаев гиссар шаруа­шылығымен 7 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Қорасындағы асыл­тұқым­ды көркі көз тартар қошқарларды Ауғанстан мен Тәжікстан, Өзбекстаннан және қырғыз елінен тасымалдап, осында саулықтарға салып көбейткен. Ел ішінде «Қай жерде мықты қошқар шығады, баға­сы­ның қымбаттығына қарамай Қуаныш Мық­тыбаев сатып алады» деген сөз тараған.  Мұның дәлелі ол жуырда ғана алған 40 мың долларлық каштан қошқары. Бұл жөнінде «Гиссар қойларына ықыласы бө­лек» екенін атап өтті. «Мықты қошқар ту­ра­лы естісем, шынында қатты қызығатыным рас. Келбетін көріп, қай жерінде қандай айырмашылық, керемет қасиеті барына көз жеткізген соң оны сатып алып, өзіміздің саулықтарға салсам деймін. Тұқымын көбейтіп, қозыларын Қазақстандағы осы салаға қызығушылық танытатын қауымдағы жігіттерге қолжетімді бағада сатуды көздей­мін. Бұл да болса еліміздегі асылтұқымды қойды көбейтуге қосар үлесім деп ой­лаймын. Себебі бағасы қымбат қошқарды сатып ала алмай жүргендер көп. Мәселен, менде 3 000 аналық бас бар. Содан асыл­тұқымды бірнеше қозы аламын. Бұл өзіміз­дің бизнеске де, халыққа да тиімді тәсіл. Бірте-бірте кез келген адам қолжетімді ба­ғада алған тұқыммен қойларын асылдан­дырып, ірілендіріп ала алады», – дейді фер­­мер. Мәселен, каштаннан алған қозыларды кемі 1 000-2 000 долларға сатуды көздеп отыр­­ға­нын жеткізді. «Каштан өзінің 40-50 қозысымен-ақ ақшасын өтейді», – дейді ол. Тіпті, каштанның ерекше түскен баласы өзінен асып түсетін ірі болып шықса, ондай­да тіпті құны жоғары бағаға сатылуы да ғажап емес. Каштан жүнінің жылтырлығы, құйрығының жуандығы, құлағының әдемі­лігі және түсінің ерекшелігі фермерді өзіне баурап алған. Тіпті, «тұрысының өзі айрық­ша», – дейді ол. Фермердің 2019 жылы 10 мың долларға Қырғыз Республикасынан алған салмағы 188 келіні тартқан гулливер қошқары II Халық­аралық асылтұқымды қойлар фести­валінің чемпионы атанған. Бүгінде 10 жастағы гулливердің талай ұрпағы сатылып, өзі де біразын қорасында байлап отыр. Енді каш­танды гулливердің ұрғашыларына жібермек.

Қазақ гиссары патенттелмек

Одан бөлек, фермердің қорасында, мықты-мықты саналатын әрқайсысы бір төбе болатын миллион, гулливер, шторм, волчак, малыш, длинный, шо­колад қошқарлары  бар. Сатуға  арнал­ған қозы-қошқарлар павильонын жасақтап қойған. Олар туғаннан соң анасы­нан ажыра­тылып, арнайы жемшөппен бап­талады. Ұрықтыққа алатын адам осында келіп саудаласып ала береді. Мұнда гул­ливер­дің, авганның балалары бар. Ал вол­чак қырғыз еліндегі танымал Фокус деген қошқардың бауыры. Демек, екеуінің атасы мен анасы бір. Мұнда ұрықтыққа пайдаланылып жүр­ген мықты қошқарлар бөлек ұсталады екен. Олардың арасында жасы 2-ге тақаған кейбір асылтұқымды қошқарлардың біразы биыл ұрықтандырылыпты. Олардан қаңтар айы­ның соңғы күндерінде біраз төл алуды жос­парлап отыр. Қуаныш Мықтыбаев жеке-жеке пави­льонда барлық малға жағдай жасаған. Олар­дың әрқайсысын таразға тартып, жеке жем­шөп береді екен. Әрқайсысының науасын­да жеке тұзы бар. Себебі шектен тыс тамақ жеуге де, не болмаса азығы мөлшерден төмен болуға да болмайды. Сондай-ақ бір қызығы қошқарлардың азығы біртектес болып кетпеуі үшін кейде қуырып, кейде суға салып, құрғақтай да беретінін айтады. «Таңғы уақытта бидай жүгері, кебекті ара­ластырып қуырып береміз. Себебі олар қытыр­латып жегенді жақсы көреді. Мәсе­лен, адамзат бір кезде сорпа, кейде қуырыл­ған тамақ жегісі келеді ғой», – дейді ол. «Малға бар махаббатыңды төгіп, ерекше ықыласпен қарасаңыз, оның күтімі де жақ­сы болады. Мал екеш мал да бәрін сезе­ді. Атүсті қараған адам жетістікке жете ал­майды. Оларға мейірленіп қарап, шар­шауыңды басасың, ол бір керемет сезім ғой», – дейді тағы бірде фермер. Фермер қошқарларының бағасын, оларды қаншаға алғанын айтты. Аяғының жуандығы ат сияқты каштаннан кем түспейтін  миллионды 30 мың долларға сатып алған екен. Оны тіпті каштаннан да артық көретінін жасырмады. Биылғы көрмеде алғашқы орындарды алады деген сенімде. 1 ай бұрын ғана таудан келіп, енді ғана салмақ қосып жатқан  миллионның  дәл қазіргі салмағы 189 келі болды. Гул­ливер­ді 16 мың долларға алса, малышты 18 мыңға, длинныйды Қырғыз Респуб­ликасынан  20 мың долларға сатып алған. Қошқарларының ешқайсысы да 10 мың доллардан кем болмаған. «Гулливерді 3 жыл бұрын 16 мың долларға алсам, 3 жыл бойы оның қозысын саттым. Әрқайсысынан ша­мамен 500-600 мың теңге пайда таптым»,– дейді фермер. Асылтұқымды гиссар қойы жылына екі рет төлдейтінін ескерсек қанша пайдаға кенелгенін есептей беріңіз... Жалпы, Қуаныш Мықтыбаев мықты қошқарды ататегіне қарай ажырататынын  атап өтті.  Салмақ көтере алатын аяғының жуандығы, жүнінің жылтырлығы, бойының биіктігі, құлағының ұзындығы, тұмсығының дөңкестігі, майды көтере алатындай құйры­ғы­ның таңқалығы да таразыға түседі екен. Салмақпен тексеру соңғы кездері пайда болыпты. Саланы ғылыми түрде көркейтіп, асыл­тұқымды малдың ұрпағын көбейтуге бір­ден-бір үлес қосып отырған  фермер сүйінші жаңалық жеткізді. Таяу күндері қазақтың өз қазақи гиссары ресми түрде жарияланбақ. Мәселен, қырғыз елі  арашан деген атаумен асылтұқымды қойға патент алып, ресмилендірді. Еліміздегі ғылыми институт қазақы асылтұқымды қойдың ДНК-сын алып, одан қорытынды да келіпті. Енді жақында қазақтың өз асылтұқымды қойы болады. Оған гиссар шаруашылығымен айна­лысып жүрген жігіттер қауымы ақыл­даса келе қазақи гиссар деген атау бермек. Тағы бір жағымды жаңалық, Шымкент қаласында келесі жылдың  26 наурыз күні Қазақстан бойынша гиссар қойының көрмесі ұйымдастырылады. Ең мықты деген ауыр салмақтағы қошқарға 10 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде берілмек. Теледидар, тоңазытқыш секілді жүлде қорлары бар.

Шаруашылық та трендке айналды

Шымкент қаласында тұратын журна­лист Берік Сұлтан – осы салаға қатты қызы­ғу­шылық танытатындардың бірі. Қаланың қақ ортасында тұрғанына қарамастан, үйінің ауласынан кішігірім қора салып, бүгінде әжептәуір қошқар баптап отыр. Негізінен Америкада көп жүретін Берік қошқарларына деген сағынышы елге  тартып тұратынын айтады. Бизнес үшін емес, хобби ретінде қолға алған бұл салаға  күннен-күнге дендеп енуде.  «Соңғы 4-5 жылда бұл сала жақсы дамып жатыр. Трендке шыққанына бір жылдай ғана болып қалды. Біздің қоғам қой-қошқар десе, есекке мініп алып, қырда қой бағып жүрген адам­ды елестетеді. Бірақ қазір қызыл-жа­сылды дүниеге қызығатын қоғам үшін біздің жігіттер шаруашылықты да трендке айнал­дыра алатынын дәлелдеді. Қалада тұрып та осындай шаруашылықпен айналысуға бо­лады. Жалпы, мал ұстағанда да асыл­тұқымдысын баққан дұрыс деп ойлаймын. Екеуінің күтімі бір. Бірақ асылтұқымдының пайдасы орасан. Қалада тұрсақ та, ауылдан шыққандықтан, ауылдың иісін сағынып тұрамыз. Сол себептен ауылдан қол үзгім келмей, осы істі 2 жыл бұрын бастадым. Әсіресе, бала-шағамыздың ауылдан қол үзбеуіне бірден-бір себеп болады. Әрі бала тәрбиелеуге де септігін тигізеді. Мәселен, қойдың астын тазалап, уақытылы жемшөбін беріп өскен бала жауапкершілікті сезініп өседі», – дейді Берік бізбен әңгімесінде. Қошқарларының бітім-болмысына, әрекетіне қарай  Техас,  Алтынбет,  Сникерс деген аттар қойыпты.  Техастың тұмсығы дөң, өзі бұзық. Сникерс 40 мың долларға сатылған каштанның баласы. Америкадан осылар үшін түрлі дәрумендер әкеліпті. Оны жемшөбіне араластырып береді. Гиссар қойлардың жүні бұйра емес жылтыр, қылшықты болып келеді екен. Жалпы, қошқарлар 35 келі ет берсе, гиссар қойлары 100 келінің үстінде ет береді. Бүгінде Қуаныш Мықтыбаевтың қойын алып, қораларында баптап жатқандар көп. Беріктің өзі де шоколад  деген қошқарын Қуаныш Мықтыбаевқа 4 мың долларға сатыпты. «Болмысы, басын қайқайтып жүретіні, түсінің өзгешелігі мені ерекше тартты, әрекетінің өзі жылдам», – дейді  Қуаныш. Сатып алғанда 70 келі болған қошқар бүгінде 92 келіні тартты. Осылайша, қазақ жігіттері бір гиссардың еті 3-4 қазақы қойдың етіне татитын бұл шаруашылықты күннен-күнге дамытып келеді. Біз осыған қуандық...

Шымкент қаласы