Жүйрік жылқының құны қанша?
Жүйрік жылқының құны қанша?
©А.Ахметқазы

Ат ұстайтынның бәрі бірдей шабандоз емес. Кейбірі бәйгеге сәйгүлігін қосып, көрермен ретінде трибунадан тамсанғанды ұнатады. Енді бірі бәйгеге өзі қатысады. Үшінші біреу – асылтұқымды сәйгүлікті ермек үшін ұстап, онымен серуендегенді жақсы көреді. Барлығының басын біріктіретін бір нәрсе – жылқыға деген құштарлық және алып-сату. Осы тұрғыда асылтұқымды малдың бағасы және оларды ұстау қаншаға түсетінін анықтауға тырыстық...

Хобби-класс

Хобби-классқа негізінен спорттық сайыстарға немесе ірі бәйгелерге қатысып жүріп, жарақат алған, күйі төмен немесе дайындығы әлсіз, не болмаса жаратылысынан бұл топқа жатпайтын жылқылар жиналған. Көбіне мұндай  жылқыларды серуендеуге, жас шабандоздарды сайысқа дайындауға пайдаланады. Оның құны   4 мың мен 8 мың доллар аралығында бағаланады. Егер асылтұқымды болса, бағасы да қымбаттай түседі. Ондай сәйгүліктер 6-7 мың доллардан басталады. Мұнда көбіне сәйгүліктің асылтұқымды болуына, әрі  сырт келбетінің келістігіне, көркіне қарап, сатып алады. Мәселен, Нұр-Сұлтан маңында «Балқарағай» демалыс үйінде арнайы ат орталығы бар. Атқа міну 15 минутқа – 2 мың теңге, ал 30 минут – 4000 теңге. Атқа мінуді үйренетін болсаңыз, 10 сабақ – 50 мың теңгеге түседі.

Аламан бәйге

Қандай да бір  спорттық жарысқа қатысатын жылқыға қойылатын талап та басқаша. Ең алдымен, олардың дайындығы да бөлек. Жылқылар қысқа қашықтықта кедергілерді өткеру мен ұзақ қашықтықтағы сайысқа қатысатын деп бөлінеді. Аламан бәйгеге қосатын сәйгүлік басқаша бапталады. Сонымен қатар асылтұқымды жылқының шыққан тегін тізбектеп, түп-тамырына дейін қарайды. Осыған қарай қандай сайысқа қатысқаны, жеткен жетістігі, алған орындарына сай баға да белгіленеді. Ал бағаның шарықтау шегі – шексіз. Әйтеуір, асылтұқымды сәйгүлік кемінде 10 мың доллар тұрады. Елімізде ең қымбат жылқы кезінде 60 мың еуроға бағаланған. Бірақ мұндай қымбат жылқылар көбіне шетелден әкелінген. Шетелде асылтұқымды жылқылар тіптен қымбат тұрады. Мысалы, голландтық айғырды немістер 21 млн долларға сатып алған. Шетел үшін сәйгүлікті қымбатқа бағалау – қалыпты жағдай. Ал бізге таңғаларлық дүние. Мысалы, «әнші Тоқтар Серіковтің 5 мыңға жуық асылтұқымды жылқысы бар. Бір айғырының өзі 7-8 миллион теңге тұрады» деген де әңгімелер шыққан.

 «Мал баққан озар»

Кейбір атбегілер жылқыны жастайынан сатып алып, баққанды тиімді көреді. Өйткені құлын, тай кезінде алынған мал әлдеқайда арзанға түседі. Асылтұқымды құлынның орташа бағасы – 3 мың доллар. Бұл жерде құлынның шыққан тегіне қарап, олардың жеткен жетістіктеріне аса мән береді. Соған қарай болжап, құлынның келешекте сәйгүліктің үздігі болатынын сезеді. Алайда құлыныңыз асылтұқымды болса да, бәйгеде біріншілікті бермейтін сәйгүлік атанады деген кепіл жоқ. Бәрі уақыт еншісінде. Егер де серуенге арналған көрікті ат болсын десеңіз, ондай құлынды 1000 доллардың шамасында сатып алуға болады. Ондай құлынды арнайы ат қорада баптап ұстаудың өзі қосымша қаражатты қажет етеді. Жем-шөптен бөлек, қосымша дәрумендер беріледі. Орнын тазалап, құлынды күтуші адам қажет болады. Уақытылы қарап отыратын мал дәрігері тағы бар. Мұндай  жылқыны ат қорада ұстау  үшін айына кемінде 100 мың теңге жұмсауыңыз мүмкін. Кей жылқының шығыны тіпті миллионнан асып жығылады. «Мал баққан озады» демекші, елдің көбі мал шаруашылығымен айналысып кетті. Оның үстіне, оларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, 2021 жылғы 1 қаңтарда елімізде барлық санаттағы асылтұқымды ірі қара мал саны 978,6 мың жеткен. Соның арқасында ел ішінде көп адамның тұрмысы жақсарып, бай-бағланға айналғандар да бар. Мәселен, қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпталған Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың 18 мыңдай жылқысы бар деген алып-қашпа әңгіме де шыққан еді. Біреу сенер, біреу сенбес, бірақ үйір-үйір жылқы ұстайтындар көбейген.