Соңғы жылдары елімізде гиссар шаруашылығымен айналысатындар көбейіп келеді. Әсіресе, жуырда 40 мың долларға, яғни 18 миллион теңгеге қошқар сатып алған қазақ жігіті туралы ақпарат елді елең еткізді. Әрине, ол жарты тонна салмақ беретін атан түйе не болмаса жесең тамақ, мінсең көлік болар жылқы емес. Уақ малдың құны неге осынша ақшаға бағаланды?
Каштанның қозысы 1 000 долларға сатылады
Сонымен, бойы 1,05, салмағы 176 келі тартатын қошқардың 18 миллион тұратындай не қасиеті мен құдіреті бар? «Каштан» деп аталатын қошқарды сарыағаштық Қуаныш Мықтыбаев осы өңірдің фермері Рустам Тұрғыновтан сатып алған болатын. Каштан осында туып-өсіп, жетілген. Демек, осынша салмақты, асылтұқымды қошқар өсіруді қазақстандықтар да меңгерді деген сөз. Негізінен, құйрықты асылтұқымды Гиссар қойын өсіру Қырғыз Республикасында кең тараған. Тіпті, олар биыл арашан деген атаумен қойды патенттеп, ресми түрде тіркеді. Жалпы, гиссар тұқымды қойлар тез өсіп, салмақты да тез жинайды және еті дәмді келеді екен. Қуаныш Мықтыбаев гиссар шаруашылығымен 7 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Қорасындағы асылтұқымды көркі көз тартар қошқарларды Ауғанстан мен Тәжікстан, Өзбекстаннан және қырғыз елінен тасымалдап, осында саулықтарға салып көбейткен. Ел ішінде «Қай жерде мықты қошқар шығады, бағасының қымбаттығына қарамай Қуаныш Мықтыбаев сатып алады» деген сөз тараған. Мұның дәлелі ол жуырда ғана алған 40 мың долларлық каштан қошқары. Бұл жөнінде «Гиссар қойларына ықыласы бөлек» екенін атап өтті. «Мықты қошқар туралы естісем, шынында қатты қызығатыным рас. Келбетін көріп, қай жерінде қандай айырмашылық, керемет қасиеті барына көз жеткізген соң оны сатып алып, өзіміздің саулықтарға салсам деймін. Тұқымын көбейтіп, қозыларын Қазақстандағы осы салаға қызығушылық танытатын қауымдағы жігіттерге қолжетімді бағада сатуды көздеймін. Бұл да болса еліміздегі асылтұқымды қойды көбейтуге қосар үлесім деп ойлаймын. Себебі бағасы қымбат қошқарды сатып ала алмай жүргендер көп. Мәселен, менде 3 000 аналық бас бар. Содан асылтұқымды бірнеше қозы аламын. Бұл өзіміздің бизнеске де, халыққа да тиімді тәсіл. Бірте-бірте кез келген адам қолжетімді бағада алған тұқыммен қойларын асылдандырып, ірілендіріп ала алады», – дейді фермер. Мәселен, каштаннан алған қозыларды кемі 1 000-2 000 долларға сатуды көздеп отырғанын жеткізді. «Каштан өзінің 40-50 қозысымен-ақ ақшасын өтейді», – дейді ол. Тіпті, каштанның ерекше түскен баласы өзінен асып түсетін ірі болып шықса, ондайда тіпті құны жоғары бағаға сатылуы да ғажап емес. Каштан жүнінің жылтырлығы, құйрығының жуандығы, құлағының әдемілігі және түсінің ерекшелігі фермерді өзіне баурап алған. Тіпті, «тұрысының өзі айрықша», – дейді ол. Фермердің 2019 жылы 10 мың долларға Қырғыз Республикасынан алған салмағы 188 келіні тартқан гулливер қошқары II Халықаралық асылтұқымды қойлар фестивалінің чемпионы атанған. Бүгінде 10 жастағы гулливердің талай ұрпағы сатылып, өзі де біразын қорасында байлап отыр. Енді каштанды гулливердің ұрғашыларына жібермек.Қазақ гиссары патенттелмек
Одан бөлек, фермердің қорасында, мықты-мықты саналатын әрқайсысы бір төбе болатын миллион, гулливер, шторм, волчак, малыш, длинный, шоколад қошқарлары бар. Сатуға арналған қозы-қошқарлар павильонын жасақтап қойған. Олар туғаннан соң анасынан ажыратылып, арнайы жемшөппен бапталады. Ұрықтыққа алатын адам осында келіп саудаласып ала береді. Мұнда гулливердің, авганның балалары бар. Ал волчак қырғыз еліндегі танымал Фокус деген қошқардың бауыры. Демек, екеуінің атасы мен анасы бір. Мұнда ұрықтыққа пайдаланылып жүрген мықты қошқарлар бөлек ұсталады екен. Олардың арасында жасы 2-ге тақаған кейбір асылтұқымды қошқарлардың біразы биыл ұрықтандырылыпты. Олардан қаңтар айының соңғы күндерінде біраз төл алуды жоспарлап отыр. Қуаныш Мықтыбаев жеке-жеке павильонда барлық малға жағдай жасаған. Олардың әрқайсысын таразға тартып, жеке жемшөп береді екен. Әрқайсысының науасында жеке тұзы бар. Себебі шектен тыс тамақ жеуге де, не болмаса азығы мөлшерден төмен болуға да болмайды. Сондай-ақ бір қызығы қошқарлардың азығы біртектес болып кетпеуі үшін кейде қуырып, кейде суға салып, құрғақтай да беретінін айтады. «Таңғы уақытта бидай жүгері, кебекті араластырып қуырып береміз. Себебі олар қытырлатып жегенді жақсы көреді. Мәселен, адамзат бір кезде сорпа, кейде қуырылған тамақ жегісі келеді ғой», – дейді ол. «Малға бар махаббатыңды төгіп, ерекше ықыласпен қарасаңыз, оның күтімі де жақсы болады. Мал екеш мал да бәрін сезеді. Атүсті қараған адам жетістікке жете алмайды. Оларға мейірленіп қарап, шаршауыңды басасың, ол бір керемет сезім ғой», – дейді тағы бірде фермер. Фермер қошқарларының бағасын, оларды қаншаға алғанын айтты. Аяғының жуандығы ат сияқты каштаннан кем түспейтін миллионды 30 мың долларға сатып алған екен. Оны тіпті каштаннан да артық көретінін жасырмады. Биылғы көрмеде алғашқы орындарды алады деген сенімде. 1 ай бұрын ғана таудан келіп, енді ғана салмақ қосып жатқан миллионның дәл қазіргі салмағы 189 келі болды. Гулливерді 16 мың долларға алса, малышты 18 мыңға, длинныйды Қырғыз Республикасынан 20 мың долларға сатып алған. Қошқарларының ешқайсысы да 10 мың доллардан кем болмаған. «Гулливерді 3 жыл бұрын 16 мың долларға алсам, 3 жыл бойы оның қозысын саттым. Әрқайсысынан шамамен 500-600 мың теңге пайда таптым»,– дейді фермер. Асылтұқымды гиссар қойы жылына екі рет төлдейтінін ескерсек қанша пайдаға кенелгенін есептей беріңіз... Жалпы, Қуаныш Мықтыбаев мықты қошқарды ататегіне қарай ажырататынын атап өтті. Салмақ көтере алатын аяғының жуандығы, жүнінің жылтырлығы, бойының биіктігі, құлағының ұзындығы, тұмсығының дөңкестігі, майды көтере алатындай құйрығының таңқалығы да таразыға түседі екен. Салмақпен тексеру соңғы кездері пайда болыпты. Саланы ғылыми түрде көркейтіп, асылтұқымды малдың ұрпағын көбейтуге бірден-бір үлес қосып отырған фермер сүйінші жаңалық жеткізді. Таяу күндері қазақтың өз қазақи гиссары ресми түрде жарияланбақ. Мәселен, қырғыз елі арашан деген атаумен асылтұқымды қойға патент алып, ресмилендірді. Еліміздегі ғылыми институт қазақы асылтұқымды қойдың ДНК-сын алып, одан қорытынды да келіпті. Енді жақында қазақтың өз асылтұқымды қойы болады. Оған гиссар шаруашылығымен айналысып жүрген жігіттер қауымы ақылдаса келе қазақи гиссар деген атау бермек. Тағы бір жағымды жаңалық, Шымкент қаласында келесі жылдың 26 наурыз күні Қазақстан бойынша гиссар қойының көрмесі ұйымдастырылады. Ең мықты деген ауыр салмақтағы қошқарға 10 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде берілмек. Теледидар, тоңазытқыш секілді жүлде қорлары бар.Шаруашылық та трендке айналды
Шымкент қаласында тұратын журналист Берік Сұлтан – осы салаға қатты қызығушылық танытатындардың бірі. Қаланың қақ ортасында тұрғанына қарамастан, үйінің ауласынан кішігірім қора салып, бүгінде әжептәуір қошқар баптап отыр. Негізінен Америкада көп жүретін Берік қошқарларына деген сағынышы елге тартып тұратынын айтады. Бизнес үшін емес, хобби ретінде қолға алған бұл салаға күннен-күнге дендеп енуде. «Соңғы 4-5 жылда бұл сала жақсы дамып жатыр. Трендке шыққанына бір жылдай ғана болып қалды. Біздің қоғам қой-қошқар десе, есекке мініп алып, қырда қой бағып жүрген адамды елестетеді. Бірақ қазір қызыл-жасылды дүниеге қызығатын қоғам үшін біздің жігіттер шаруашылықты да трендке айналдыра алатынын дәлелдеді. Қалада тұрып та осындай шаруашылықпен айналысуға болады. Жалпы, мал ұстағанда да асылтұқымдысын баққан дұрыс деп ойлаймын. Екеуінің күтімі бір. Бірақ асылтұқымдының пайдасы орасан. Қалада тұрсақ та, ауылдан шыққандықтан, ауылдың иісін сағынып тұрамыз. Сол себептен ауылдан қол үзгім келмей, осы істі 2 жыл бұрын бастадым. Әсіресе, бала-шағамыздың ауылдан қол үзбеуіне бірден-бір себеп болады. Әрі бала тәрбиелеуге де септігін тигізеді. Мәселен, қойдың астын тазалап, уақытылы жемшөбін беріп өскен бала жауапкершілікті сезініп өседі», – дейді Берік бізбен әңгімесінде. Қошқарларының бітім-болмысына, әрекетіне қарай Техас, Алтынбет, Сникерс деген аттар қойыпты. Техастың тұмсығы дөң, өзі бұзық. Сникерс 40 мың долларға сатылған каштанның баласы. Америкадан осылар үшін түрлі дәрумендер әкеліпті. Оны жемшөбіне араластырып береді. Гиссар қойлардың жүні бұйра емес жылтыр, қылшықты болып келеді екен. Жалпы, қошқарлар 35 келі ет берсе, гиссар қойлары 100 келінің үстінде ет береді. Бүгінде Қуаныш Мықтыбаевтың қойын алып, қораларында баптап жатқандар көп. Беріктің өзі де шоколад деген қошқарын Қуаныш Мықтыбаевқа 4 мың долларға сатыпты. «Болмысы, басын қайқайтып жүретіні, түсінің өзгешелігі мені ерекше тартты, әрекетінің өзі жылдам», – дейді Қуаныш. Сатып алғанда 70 келі болған қошқар бүгінде 92 келіні тартты. Осылайша, қазақ жігіттері бір гиссардың еті 3-4 қазақы қойдың етіне татитын бұл шаруашылықты күннен-күнге дамытып келеді. Біз осыған қуандық...Шымкент қаласы