Биылдың ең ірі жанжалы ауыл шаруашылығы субсидиясымен байланысты болды. Дау дүмпуі Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысы Сапархан Омаровты орынтағынан аударып тастады. Субсидия түрінде бюджеттен бөлінген жүздеген миллиард қаражатты ұрлаудың шын ауқымы енді ғана айқындалып отыр. Ұрлық схемасын теріс пиғыл, қара басы үшін пайдаланған фермерлердің саны 3 мыңға жуықтады. Дегенмен фермерлердің және биік лауазымды тұлғалардың көбі жазаланбауы мүмкін.
Жемқорлардың қолындағы «алтын сырға»
Жалпы, субсидияны жымқырудың схемалары сан алуан болған. Мысалы, фермерлер өзара ымыраласып, асылтұқымды сиырлардың бір табынын бірнеше табын орнына пайдаланған: жоғарыдан комиссия келе қалса, олардың сырғаларын ауыстырып, бір шаруа қожалығынан екіншісіне айдайтын болған. Ал «босаған» табындарды түн ішінде КамАЗ-ға тиеп, еліміздің өзге өңірлеріне немесе көрші Өзбекстанға тірі күйінде сатып отырған. Бұл қылмыстарға құзырлы меморгандардағы жауапты тұлғалар көз жұма қараған, кей жерде тіпті соны жүзеге асыруға қол ұшын берген. Негізі, төрт түліктің әрбірінің құлағындағы сырғасы малдың өзіндік паспортына айналуы тиіс еді. Оны енгізгенде АШМ бұл тетік әрбір малдың туғаннан бастап сойылғанға немесе өз ажалымен өлгенге дейінгі өмірін қадағалауға мүмкіндік береді деп дәріптеді. Өмірде олай болмады. Білікті ветеринар, «Шығыс Қазақстан облысы ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бәкімбаевтың түсіндіруінше, бұл салада былық көп. Біріншіден, сырғалар өте кеш келеді. Салдарынан, жаңа туған төлдер 7-8 айлық болғанға дейін есепке алынбайды, сырға келгенде 3 айлық ретінде тіркеле салады. «Малдың, әсіресе сиырлардың сырғалары өте сапасыз, ағашқа сүйкенсе не аяз қысса, сынып, түсіп қалады. Жылына мал сырғасының 25-30%-ына дейін жоғалады. Малдардан қан алынып, егу жұмыстары жүргізілгенде сырғасы жоқ малдарға жаңа сырға салынады. Сол себепті ол малдар жаңа мал ретінде қайта есепке қойылады. Бұл Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасындағы (АШМБ) бейберекетсіздікке әкеп соқтырады. АШМБ базасындағы малдың саны нақты санынан бірнеше есе артып кетеді. Мал иелерінің басым көпшілігі жоғалған сырға туралы хабарламайды, оның дубликатына өтініш бермейді. Өйткені бұл оларға тиімді емес. Әрі сырға дубликатын дайындап, жеткізу проблема», – дейді Е.Бәкімбаев. Субсидияның талан-тараж болуына тосқауыл қою үшін өзге шаралар сыртында, мал сырғаларының уақытында, қажетті мөлшерде келуін қамтамасыз етуге және олардың сапасына айрықша көңіл бөлу қажет. Қалай болғанда да, еліміздегі төрт түлік саны азайып жатыр. Мысалы, Ұлттық статистикалық бюро дерегінше, кейінгі бір-ақ ай ішінде сиыр саны 255 мың басқа күрт кеміді. 2021 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша барлық санаттағы шаруашылықтарда 8 млн 112,8 мың ірі қара мал ғана қалған. Салыстыру үшін айтсақ, бір ай бұрын, қараша айында Қазақстанда 8 млн 368,3 мың Зеңгі баба түлігі болған. Жылқы саны қарашадағы 3 млн 331,1 мыңнан 3 млн 256,1 мыңға дейін, түйе саны 242,5 мыңнан 239,8 мыңға дейін, қой саны 19,5 млн-нан 18,8 миллионға дейін, ешкі саны 2 млн 446 мыңнан 2 млн 353 мыңға дейін азайып кетті. Осының өзі фермерлердің қолдағы малын жаппай сойып сатып, құтылып жатқанын аңғартса керек. 2021 жылғы қаңтар-қарашада шаруашылықтарда төрт түліктің барлық түрін сою көлемі 1 миллион 830,4 мың тоннаға жеткен. Бұл өзіндік рекорд болған былтырғы жылғы көрсеткіштен де 5,7% көп.Ел қаражаты бақылаусыз шашылуда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, тек соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға ел бюджетінен 2 триллион теңге жұмсалған. Осы бесжылдықта шенеуніктер мен ауыл шаруашылығы өндірушілері үстінен қозғалған қылмыстық істердің көбі дәл осы демеушілік қаржымен байланысты. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы саласында 960 қылмыс тіркелген, оның жартысынан астамы (54%) субсидия жымқыруға қатысты. Субсидия туралы қылмыстық істер аясында күдікке іліккен фермерлердің саны 3 мыңға жуықтады. Антикор дерегінше, субсидияны жаппай ұрлауға қатысты тергеліп жатқан істерге тартылған фермерлердің бәрі бірдей жауапкершілікке тартылмайды. Себебі олардың көбі субсидиялаудың жетілмеген, кемшілікке толы әрі айқын емес жүйесінің құрбаны болған. «Әрине, басқа жағдайда осы мыңдаған фермердің бәрін қылмыстық топтардың сыбайластары деп танып, лауазымды тұлғалармен бірге қылмыстық жазалауға болар еді. Бірақ біздің басты мақсатымыз – АӨК саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тауып, жою. Өйткені осы бүкіл схемаларға жүргізілген терең талдау аграршылардың көпшілігі қылмыстық айла-шарғылардың құрбанына айналғанын көрсетіп отыр», – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы. Антикор жүргізген талдау бюджет миллиардтарының бақылаусыз жұмсалғанын анықтады, қаптаған жемқорлық схемасы, субсидияларды ұрлаудың түрлі тәсілі әшкереленді. Енді олардың ары қарай қолданылуын тоқтату шаралары қабылдануда. Кейбір дерек бойынша, біраз биік лауазымды тұлға – АШМ шенеуніктері, әкімқаралар, тіпті депутаттар тексеріліп жатыр, олардың шетелге шығуына тосқауыл қойылған. Мәселен, 5 жыл ішінде ет өндірісін дамытуға 465 миллиард теңге бөлінген. Осынша қаражат ішкі нарықты, ел сұранысын отандық ет өнімдерімен толық қамтуға жетуі тиіс еді. Алайда кейінгі жылдары елде ет тапшылығы жиі туындап жүр, базардағы өнім бағасы барған сайын қымбаттап жатыр. Еліміздің ет импортына тәуелділігі артты. «Бұл салада ел қаржысын алаяқтар мен коррупционерлер талан-таражға салады. Осы мақсатта ақпараттық жүйедегі деректер базасының, қағидалардың көптеген олқылығы пайдаланылған. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде (ИСЖ) малдың жасы, жынысы түзетіледі, есептік мәліметтері қолдан жасалады және қосарланады. Осының бәрі өмірде жоқ малды субсидиялау, бекітілген критерийлерді айналып өту, бір малға екі рет субсидия алу үшін жасалып келген», – деді Марат Ахметжанов. Мысалы, Жамбыл облысында облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы жұбайымен мәмілелесіп, құжат жүзінде ғана сатып алынған 1 мыңнан астам асылтұқымды қой мен сиырға субсидия алған. Өйткені қағидалар да, жүйе де осыған мүмкіндік береді. Ал Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» кеден бекеті арқылы бір түн ішінде Өзбекстанға 9 автокөлікке тиелген 277 бас ірі қара мал өткен, бұл мал Ақтөбе облысынан сатылған. 10 айлық осы бұқалардың (олардың экспортына тыйым салынған) жасы базада кәрі, 24 айлық деп көрсетілген. Оның қан сынамалары бруцеллез ауруына тексерілмеген, 21 күнге карантинге қойылмаған және сатылды деп базадан шығарылмаған. Бұл мал із-түзсіз жоғалуы үшін жасалады.Саланы бюджет сүйреп келеді
Ақпараттық жүйелердегі жөнсіздіктер мен кемшіліктер биліктегілерге аграршылармен тізе қосып, субсидияларды ұрлауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау аясында қаражаттардың түскені туралы инсайдерлік ақпаратты сатуға мүмкіндік берген. Соның кесірінен ақпараттық жүйеде субсидиялар тарату бастала салысымен бірнеше минут ішінде оны алдын ала құлағдар болғандар үлестіріп әкетіп, өзге фермерлерге тиын да тимейтін болған. Олар ұзақ уақыт кезекке тұрып, демеуқаржыны босқа күтуге мәжбүр. Әрине, ең қомақты субсидиялар «инвестициялық» деп аталады: ол арқылы мемлекет саладағы құрылыстың бр бөлігін, құрал-жабдық пен техниканы сатып алу шығындарын бюджеттен өтеп, қолдау көрсетеді. Айталық, тек жайылымдарды суландыруға 5 жыл ішінде 21 миллиард теңгеден астам қаражат төленді. Жемқорлар оны да заңсыз баю көзіне айналдырды: схеманың мәнісі сол, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармаларының лауазымды тұлғалары өзіне бағынышты жалған жеке кәсіпкерліктер (ИП) арқылы су сорғыларын қуаттандыру үшін Қытайдан ең арзан, мүлдем сапасыз күн панелдерін сатып алады да, соған миллиондаған субсидия төлейді. Кейбір жағдайда күн панелдері мүлдем орнатылмаған, алайда жалған актілер бойынша ақша алынған. Қазақстанда құдық қазу үшін де демеуқаржы беріледі. Бірақ ол да көбіне қолы мен теріс пиғылды шенеуніктердің қалтасына түсіп келген: қазылмаған құдықтар үшін акті толтырылады, ақпараттық жүйеде субсидия алуға фермерлердің цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш беріледі. Антикор тінту кезінде күдіктілердің бірінен 500-ге жуық бөтен адамның ЭЦҚ-сын тәркілепті. Жемқорлар ЭЦҚ көмегімен субсидияларды мүлдем хабарсыз фермерлердің есепшоттары арқылы айдап, жылыстатқан. Осыған ұқсас қылмыстар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау облыстарында әшкереленіп, тергелуде. Салдарынан жүздеген мың гектар жайылым қағаз жүзінде ғана суландырылған. Шындығында, қазақ даласы шөлге айналып барады. Осындай былықтар бірінің үстіне бірі жамалып, саладағы проблемаларды арылу аса қиын «Авгийдің ат қорасына» айналдырып жіберді. Биылғы маусым айында қызу тексерістер мен тергеулерге кіріскен құзырлы органдарға жылдар бойы ит тұмсығы батпас нуға айналған түйткілдердің күрмелген түйінін тарқатып, мұқият зерделеуге мәжбүр. Қылмыстық істерді зерттеудің ұзаққа созылуы да осыдан болса керек. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, ештеңе кедергі болмаса, осының бәріне жауапты тұлғалар анықталып, келесі жылы биік лауазымды тұлғалар жазаға тартылуы тиіс. Осы ауанда Ауыл шаруашылығы министрлігінің тым-тырыс отырғаны қайран қалдырады. Таяуда «Бірінші кредиттік бюро» Qoldau-мен бірлесіп, «Аграрлық сектор» атты аналитикалық дайджестін жариялады. Мұны АШМ жасауы керек еді. Құжатта ауыл шаруашылығындағы мемлекеттің рөлі тым үлкен екені, агросектордың 65%-ын мемлекет өз құрылымдары арқылы бюджеттен қаржыландырып отырғаны айтылған. Бұл – жемқорлық өркен жаятын өріс. Дайджесте аграршылардың қарызының жалпы көлеміндегі мемлекеттің үлесі 90%-ға дейін жетуі мүмкін делінген. Банктер, керісінше саланы несиелендіруді азайтып жатыр. Ауыл шаруашылығының әрбір кәсіпкері орта есеппен 2-ден астам өтелмеген заемға ие (2020 жылы 1 ғана болған). Басты кредитор – мемлекет қатысуындағы ұйымдар. Ендеше фермерлер салаға жауапты шенділердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Мұндай қыспақ жағдайда нарықтың еркін дамуы туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Сарапшылардың байламынша, келесі жылы Үкіметке таңдау жасауға тура келеді: не субсидиялаудан бірте-бірте бас тарту, не саланы ары қарай бюджет көмегімен ілгері сүйрей беру. Бірінші жолға түссе, ауыл шаруашылығы өндірушілері бағаны күрт көтермек. Бірақ баға онсыз да басқа шауып, төске өрлеп барады.