Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы жаздағы қуаңшылық тұсында ауылдарға жемшөп жіберіп, қоғамдық бастамаға мұрындық болған еді. Қытайда туып-өскен ол Қазақстанға 19 жасында көшіп келген. Пандемия кезінде тіпті үйіне қайта бара алмаған. Халық құрметіне бөленген азамат бүгінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Белсенді азаматтар бастама көтеріп, Құрметке ел-жұрт баспана сыйлады. – Қуаңшылық кезінде еріктілерді бастап, батысқа жемшөп жібергеніңізден хабардармыз. Шөп ору асарын бастауға не түрткі болды? – Оңтүстік өңірден 170 вагон жемшөп жөнелтілді. Күннің 40 градус ыстығында көмектесуге ниеттілердің бәрі далаға шығып, шөп шапқысы келе бермейді. Ауызбен орақ орғанша, тірлік істейін, пайдам тисін дедім. Далада, тоғайда түнеген кездер болды. 4 күн бойы жалғыз өзім шөп ордым. Су белден келеді, шөп орамын деп жүргенде беліме шаншу қадалды. Ашуға булығып, бәріне қол сілтеп, кетіп қалғым келген кездер болды. Бірақ істі бастаған соң аяқсыз қалдыру мүмкін емес еді. Жан-жақтан хабарласып, көмектесеміз деп жатқанда ауру ұмытылып кетті. Бесінші күні 15 адам келіп, асарға қосылды. Әр жерден «көмектессек» деген ел-жұрт хабарласа бастады. Бірі шөппен, енді бірі ақшалай көмектесті. Жинаған шөпті жеткізу қиын болды. Ел біліп, жұмыс жүре бастағанда «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мал азығын тасымалдау құнын 75 пайызға арзандатып берді. Оралда 25 вагон тегін жемшөп жиналып, Маңғыстау облысына жіберілді. Сонда теміржол тасымалының ақысын төлей алмай, 3,5 миллион қарызға баттық. Дайын жепшөпті жеткізу үшін бір кісіден қарыз алғанбыз. Ол қайта-қайта ақшасын сұрап, біраз қажытты. Артынан ел ағалары көмектесіп, қарызды қайтардық.
ЕЛГЕ КЕТЕМІН ДЕГЕНІМДЕ ЕШКІМ ҚОЛДАМАДЫ
– Бір сұхбатыңызда «әке-шешем, туыс-туғаным Қытайда қалған. Отбасымды көрмегеніме 5 жылдан асты», – дегеніңіз бар. Қазір ол жақтағылардың жағдайы қалай? – Еркіндік жағынан болмаса, жағдайлары жақсы. Төрт түлік малы бар, 2 мың гектардай жері бар. Қазақстанға келемін десе, қазір шекара жабық. Қытайда 3-сыныпта оқып жүргенімде Қазақстанға баруды қатты армандайтын едім. Отаныма келіп, елімнің қамқоршысы боламын деген бала арман болды. Мектеп бітіріп, елге кетемін дегенімде ешкім қолдамады. Сол кезде шахтада жұмыс істейтінмін. Миллион теңгеден аса қаражат жинап, жартысын әке-шешеме беріп, қалғанына оқуға түсемін деп құжат жасаттым. Қазақстаннан оқуға шақырту келген соң ауыл ақсақалдарына көрсетіп, бата сұрадым. 2016 жылы туған-туыстар үлкен той жасап, елге жіберген. М.Әуезов атындағы университетке грантқа түстім, алайда аттестатым Алтайда қалып қойған соң тегін оқуға қабылдамады. Ауылға хабарласуға қысылып, ақылы оқимын деп шештім. 2-курста оқудың ақшасын төлеймін деп жүріп, құрылыста жұмыс істеп жүргенде аяғымның сіңірі үзіліп кетті. Жарты жылдай жүре алмай қалдым. Содан 2-курстан кейін оқуды тастадым. Денсаулығым жақсарған соң зауытқа жұмысқа орналастым. – Атажұртқа келгенде халықтың қабылдауы күткеніңіздей болды ма? – Туған-туыс, бауырларын, әке-шешесін шетелде қиып тастап кету екінің бірінің қолынан келмейді. Сол себепті өкінеді. Бірақ өкініп-өкініп қояды, себебі одан пайда жоқ екенін біледі. Көше сыпырып, иен далада ит пен құсқа жем болсаң да, өз Отаныңда жүргенге ештеңе жетпейді. Мен қарапайым қазақ жігіттеріне кінә таға алмаймын. Көмектесейік дегенде асарға келмеді деп өкпеге қимаймын. Өйткені қазіргі қоғам солай. Біреуге біреудің жаны ашуы екіталай. Керісінше, осы жағдайдан кейін халық мейірлене түсті деп ойлаймын. Мен қырылып жатқан малды көріп, қатты күйзеліске түстім.ҚАЗАҚПЫН ДЕП ҚАНША АҚТАЛСА ДА...
– Бұған дейін «Ендігі мақсат – ата-анамды елге көшіру» дегеніңіз бар. Бірақ жоғарыда «Қазақстанға көшемін дегенімде отбасым қарсы болды» деп айтып қалдыңыз. Олардың түбегейлі елге оралуы мүмкін бе? – Бұйыртса, Сыртқы істер министрімен, ел Президентімен жолығып, шетелдегі қандастарымыздың жайын айтқым келеді. Өз отбасымның ғана емес, Ирандағы, Ауғанстандағы, Моңғолиядағы, Ресейдегі қандастар мәселесі оң шешімін тапса деймін. Олар елге бос келмейді, зауыттарымен бірге көшіп келуі мүмкін. Көші-қонды қайта жандандыру қажет. Кейбір кісілер отбасыңды елге алдыртайық деп жатыр, ауылды тастап, өз отбасымды ғана алдыртсам, жігіттігіме сын. Бір ауыл ғана емес, Қытайдағы қазақтардың бәрі атажұртын аңсап отыр деп ойлаймын. Арнайы комиссия құрылып, нақты әрекет болса, 12 ауданның 65 пайызы Қазақстанға көшеді деп сенемін. Елге ораламын деген адам бірінші, туып-өскен жерді қимайды. Екіншіден, өз еліме кетемін деген адамға Қытай тарапынан қолдау жоқ, ал біздің елдікі шамалы. Сол себепті бір отбасында алты адам болса, төртеуі Қазақстанға көшеміз десе, біреуі міндетті түрде қарсы болады. Сол үшін шетелдегі қандастарға Қазақстанға келіп, саяхаттау жағын шешіп берсе, туған жердің кереметін, қауіпсіз екенін түсініп, қалып қояр еді деп ойлаймын. Қытайда алдағы 3-4 жылда төлқұжатта тек Қытай азаматы деп жазылмақ, яғни ұлты жазылмайды. Ол кезде қандастарымыз қазақпын деп қанша ақталса да, кейбір «қазекеңдер» азаматтық алуға жәрдемдесудің орнына, қытайсың деп қуып жіберетін шығар.УАЙЫМ БАР
– Қайтарымсыз кәсіпкерлік грантқа ие болдыңыз. Министрлік марапаттап жатыр. Журналист, меценат, халық болып баспана алып берді. Басында билікті сынадыңыз. Қазір қоғамға деген көзқарасыңыз өзгерді ме? – Үкіметтегілерді жұмыс жүру үшін сынадым. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейді. Бұрын көп нәрсеге көңілім толмайтын. Осы жағдайдан кейін көзқарасым өзгерді. Себебі істің басы-қасында жүріп, басқарудың оңай емес екенін түсіндім. Халқымызда «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Жағдай қиын болса, бейжай қарап тұра алмаймын. Маған атақ та, билік те керек емес. Жер ақысын, ел ақысын өтеп жатырмын. Тегін оқуға түсемін, тегін үй аламын деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген. Алланың қалауымен еңбегімді елеп жатқандары үшін халқыма, кәсіпкерлерге, ел ағаларына мың алғыс. Кейде бұрынғы кезімді сағынамын, ол кезде алаңсыз едім. Қазір елге қандай пайдамды тигізе аламын деген уайым бар. Жауапкершілікті сезінесің. – Шөп шабу науқаны ойдағыдай аяқталды ма? Жалпы, шаруа қалай шешілді? – Ойдағыдай болмады. Жағдай әлі қиын. Біз қолдан келгенше 14 мың тонна жемшөп жібердік. Бірақ ол түк те болмайды. Семейден бір ағамыз 15 вагон жемшөп жібергелі жатыр. Сонда да көктемге дейін шамамен 20 мың тонна жіберу керек. Сол кезде ғана мәселе шешілді деп айтуға болады. – Әңгімеңізге рақмет!