Жыл жеңімпаздары – 2021
Жыл жеңімпаздары – 2021
433
оқылды
Санаулы күндерден соң барыс жылына аяқ басамыз. Cынаққа толы болса да, сиыр жылы бағындырған белес­теріміз бен жеткен жетіс­тіктеріміз аз болған жоқ. Енді, міне  кейінге шегініс жасап, 2021 жылды қоры­тын­ды­лайтын кез келді. Осы орайда биыл әлем­дік додаларда ел мерейін асқақтатқан жыл жеңім­паз­дарының үздік ондығын назар­­­ларыңызға ұсынбақпыз. Иманбек ЗЕЙКЕНОВ. Белгілі қазақстандық диджей 2019 жылы Saint JHN-тің Roses әніне ремикс жазып, аз уақыттың ішінде әлемге танылды. Иманбектің нәтижелі жұмысы америкалық рэпердің туындысын жаңаша түрлендіріп, тыңдарманның жүрегін жаулап алды. YouTube-та мил­лиондаған қаралым жинап, U.S. Billboard Hot 100 рейтингінің бестігіне енді. 2020 жылы мамырда британ хит-шеруінде бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Содан кейін Effective records атты ресейлік дыбыс жазатын компаниямен серіктестік орнатып, Roses әнін орындаған танымал әншімен ремиксті ресми түрде шығаруға келісті. 2021 жылы наурызда Иманбек қазақстан­дықтардың арасында алғаш болып «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды. 63 Grammy сыйлығын марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте өтті. Бұл марапат музы­ка саласында жылдың ең басты жүл­десі саналады. Иманбек Зейкенов бүгінде Marshmello, Usher, Rita Ora, David Guetta және тағы да басқа әйгілі музыканттармен бірге ән жазып, шығармашылығын шыңдауда. Рухия БАЙДҮКЕНОВА. Дарынды жас әнші Беларусь Республика­сының Витебск қала­сын­да өткен «Славянский базар» байқауын жеңіп, ел мерейін асқақ­тат­ты. Әлемнің 14 елінен келген ән­шілер арасында Қазақстан аты­нан сынға түскен Рухия Байдүкенова бас жүлдегер атанса, бірінші орын­ды – Сербия, екінші орынды – Украина, үшінші орынды Словакия мен Әзербайжан елінің өнерпаздары алды. Елімізге олжалы оралған қазақстандық әнші «Алтын лира» және 20 мың доллар көлемінде ақ­шалай сыйлыққа ие болды. Сәкен БИБОСЫНОВ. Сәкен үшін биылғы жыл табысты өтті. Токио Олимпиада­сын­да керемет өнерімен көзге түскен былғары қолғап шебері төрт­жылдықтың басты додасында қола жүлдені жеңіп алды. Бірнеше айдан кейін Түркістан өңірінің тумасы Белградта өткен әлем чем­пио­натын­да топ жарды. Биыл  Аltyn Samǵaý – 2021  спорттық байқауының «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» (ерлер арасында) аталымына боксшы Бибосынов лайық деп танылды. Давид ДЕГТЯРЕВ. Токиодағы Паралимпиада ойын­дарында Қазақ­стан коман­дасы­ның қоржы­нына алғашқы ал­тын медальді Давид Дегтярев салды. Осылайша, ол пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, Паралимпиада чемпионы болды. Спортшы 174 келіні көтеріп, қарсыластарын басып озды. Осы жылы Тбилиси қаласында өткен парапауэрлифтингтен ерлер арасындағы әлем чемпионатында да 54 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Қазақстандық спортшы бұл жолы 178 келі салмақты көтеріп, Токио­дағы көрсеткішін жаңартты. Әлемдік додаға 68 мемлекеттен 400-ден астам спортшы қатысты. Софья БЕРУЛЬЦЕВА. Софья Аltyn Samǵaý – 2021  сайысында «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» (әйелдер арасында) номинациясын иеленді. Токиода­ғыда каратэші жарыстың жартылай финалына шығып, Олимпиаданың қола жүлдесін еншілегенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Екі айдан соң Софья каратэден Қазақстан бірін­шілігінде өнер көрсетіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды. 2021 жылғы әлем чемпионатында да Берульцева 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем біріншілігінің қола медалін мойнына тақты. Жәнібек ӘЛІМХАНҰЛЫ. Сиыр жылы Жәнібек Әлім­хан­ұлы үшін жеңісті, жемісті жылдар­дың бірі болды. Қазақстандық боксшы бұрынғы әлем чемпионы француз Хассан Н'Дам Н'Жикамды мерзімі­нен бұрын жеңіп, WBO Global тұжырымы бойынша орта салмақ­тағы чемпиондық титулын қорғап қалды. 10 раундтық жекпе-жек Лас-Вегаста Теренс Кроуфорд пен Шон Портердің андеркартында өтіп, сегізінші раундта аяқталды. 28 жастағы былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткенін де айта кетейік. Төлепберген БАЙСАҚАЛОВ. Қазақстандық актердің еңбегі Сочи кинофестивалінде жоғары баға­ланды. Актер әлемдік деңгейдегі марапатын 2021 жылғы Х Russian British Sochi International Film Festival & Awards мерейтойлық фести­валінде «От» фильмінде сомдаған рөлі үшін алды. Сонымен қатар «От» фильмі Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival негізгі бағдарламасында, 32-Сингапур кинофестивалінде де ұсынылды. Кейін танымал қазақстандық актер Asian World Film Festival кинофес­тивалінде режиссер аталған фильм­дегі жұмысы үшін «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін иеленді. Айта кетейік, бұл фестиваль голливудтық және азиялық ойын-сауық индус­триясы арасындағы байланысты нығайтады. Биыл байқауға 20-дан астам елде түсірілген 30 фильм қатысты. Қазақстан футзал құрамасы. Литвада өткен әлем чемпионатында жер жаһанды таңғалдырған фут­залдан Қазақстан ұлттық құрамасын жыл жеңімпаздарының қатарына қостық. Жартылай финалда әлем чемпиондары Португалия құра­масы­нан пенальти сериясында же­ңіл­ген құрамамыз­дың ойынын жан­­күйер­лер бас бармақпен баға­лады. Күні кеше Ұлттық олимпиада ко­митетінің ұйымдастырған бай­қауында «Жылдың үздік командасы» атағын Қазақстан футзал құрамасы еншіледі. Биыл футзалшылар әлем чемпионатының жартылай фи­налына шығып, төртінші орынға табан тіреген болатын. Соған қарап, Қазақстанда футболдан гөрі фут­залда көп ілгерілеу барын бағамдауға болады. Жанкүйерлер футзал­шыларымыздан келер жылы өтетін Еуропа чемпионатынан да жүлде күтеді. Айта кетейік, Еуропа чем­пионатының финалдық сатысы 2022 жылы 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қала­ларында өтеді. Динара СӘДУАҚАСОВА. Қазақстандық шахматшы, әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Испанияда өткен әлем чемпио­натының жеке сынында қола жүлдені жеңіп алды. Испания­дағы әлем чемпионатына әлемнің 12 елінен ең мықты әйелдер құрамасы қатысты. Чемпионатта Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камали­денова және Гүлмира Дәулетова секілді  Қазақ­стан құрамасы шахмат тақтасында өнер көрсетті. Коман­далық есепте Қазақстан құрамасы үздік төрттікті қорытындылады. Әмір ЗӘКІРОВ. Қазақстандық биші Әмір Зә­кіров Польшада өткен әлем чем­пионатында 1-орын алды. Әлем чемпионаты әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңнан аса талантты бишілердің басын қосты. Ол ақтық сында 16 брейк-дансерлер қатарында өнер көрсетті. Бұл спорт түрі 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының бағдар­ламасына енді. Әмір, бұдан бөлек 2021 жылдың қыркүйегінде Бельгияда өткен JBL Unbreakable ірі халықаралық брейк-данс турнирінде де жеңіске жеткен. Финалда ол бельгиялық Майти Джимммен бақ сынасты. Сондай-ақ Әмір ТНТ арнасындағы «Танцы» шоуының 3-маусымының қатысу­шысы, Қазақстан чемпионы және брейктен республика құрамасының мүшесі, көптеген Ресей және Еуропа чемпионатында ел мерейін асқақтатты.