Жылдың ең үлкен қасіреті
26 тамыз күні кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы № 28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Ресми деректерге сай, төтенше оқиғалар салдарынан 17 адам қаза тауып, бір сарбаз әлі күнге табылмай жатыр. Оны іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Әскери бөлімнің түбіндегі Қайнар шағынауылында 17 үйде 90-ға тарта тұрғын мекендейді. Аудан көлемінде 118 үй бүлінген еді. Қаза тапқандардың жақындарына көмек ретінде республикалық бюджеттен 10 миллион, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктердегі несиесі кешірілді. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасының жарылуы бүгін болып, ертең ұмытылар қорқынышты түс емес екенін жұртшылық та ұғынды. Арыстағы оқиғадан кейін қайталанып отырған бұл апат өзге өңірдегі ағайынның да үрейін еселей түскендей. Бұл оқиға төтенше жағдайлар қызметіне түбегейлі талдау жүргізіп, жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін ұқтырды. Байзақтағы апаттан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті.Жыл есімі
Құрмет Талапқазы – Түркістан облысының тұрғыны. Құрмет қуаңшылықтан малы қырылып жатқан өңірлерге шөп жеткізу жұмысын ұйымдастырды. 24 жастағы жігіт алты вагон шөп пен жоңышқа дайындаған. Достары мен еріктілерді жинап, шөп шабуға жұмылдырды. «Шағын шаруашылықпен айналасатындарға қиын заман туды, соған құлазып жүрмін. Көмек бастап кеткеніме қуанамын, әрине бұл мақтану үшін емес. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр. Бірақ мен рақметін күтпеймін, әрбір қазақ, өз елінің азаматы менің ісімді жасар еді. Қазір бәріміз жиналып, көмектесуге шақырамын», – дейді ол. Құрметтің игі ісін өзгелер де жалғап кетті. Республиканың түкпір-түкпірінен қуаңшылық жайлаған аймақтарға шөп жеткізді. Бұл да еріктілердің арқасы. Құрмет Талапқазы бір сөзінде: «Қазақстанның батысын шөппен қазір қамтамасыз етпесек, қыста мал қырылады. Қыста тіпті батыста ғана емес, оңтүстікте де, Қызылорда мен Аралда да мал қырылады. Келесі жылы шөп те қымбаттайды, ет те. Қазір еттің келісі 2 мың болса, келесі жылдары 7-10 мың теңге болады. Күз бен қыс келмей тұрып, шөп әзірлеуіміз керек. Әр облыстан 10-15 вагоннан жіберсек жақсы болар еді. Қазір Түркістан мен Шымкентте Қазығұртқа, Қаратауға және Созаққа барар жолдағы даланы шауып жатырмыз. Сосын Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысына шөпке барамыз» деген екен. Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай, тағы басқа аудандардың азаматтары да шөп дайындауға білек сыбана кіріскен. Құрметтің бастамасымен Түркістан облысының өзінде 100 мың түктен артық шөп жиналған. Еріктілер оңтүстік жұртшылығының көмегін қуаңшылық болған аймақтарға теміржол арқылы жеткізіп берді.Жылдың ең үздік фильмі
«5:32» – шынайы оқиғалар негізінде түсірілген тұңғыш детектив сериал. Елімізде ХХ ғасырдың 90-жылдарында адам етін жейтін қаскөйлер болған. Бірақ кейбір кейіпкерлер ойдан шығарылған. Жамбыл облысында Тараздан 60 шақырым жерде Жаңатас пен Қаратау қалаларында түсірілген. «5:32» – Salem social media жобасы. Режиссері – Әлішер Утев. 12 сериядан тұратын сериал көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болған туындылардың бірі. Атауының өзі ерекше, түсірілім тобы оны Құран сүресіне негіздеп алғанын айтады. Әзірге сериалдың 7 сериясы көрерменге ұсынылды. Ең алғашқы серияның YouTube желісіндегі қаралымы 7 миллионнан асты. Режиссер Әлішер Утевтің: «5:32» сериалын түсіретін кезде де «тақырыбы ауыр», «түсіру қиын, адамдар қарамайды» деп айтқандар көп болды. Бірақ мен ешкімді тыңдамаймын, бағытым бөлек. Өзіме не ұнайды, түйсігім қалай дейді, соны түсіремін» дегені бар. Осы тұрғыдан келгенде, режиссердің түйсігі алдамаған секілді.Жылдың ең үлкен сәтсіздігі
Токио Олимпиадасы – еліміз үшін ең сәтсіз Олимпиадалардың біріне айналды. ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары ел спортына жанкүйер болған қауымның көңілін біраз бәсеңдетіп жіберді. Бірде-бір спортшымыз жартылай финалдан аса алған жоқ. Бар-жоғы 8 қола медальге қол жеткізіп, рейтингте 83-орынға бір-ақ жетті. Тіпті, бұған Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударған. Президент: «8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек», – деген-ді. Қалай десек те, Токио Олимпиадасы ел спортында шешімін табуы тиіс мәселелердің бар екенін көрсетті. Бұдан түйгеніміз, келер Олимпиадаға дейін спортшыларымыз сақадай-сай болып баруы үшін жағдай жасалуы тиіс. Мұны Мемлекет басшысының өзі де қадап тапсырып отыр.Жылдың ең үлкен қылмыстық ісі
Елімізде соңғы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласында 960 жемқорлық қылмысы тіркелген екен. «Бүгінде біздің тарапымыздан 62 қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Бұл іске 2 300 шаруаның қатысы бар. Осы жағдайды ресми түрде қарастырар болсақ, онда олардың барлығын кінәлі деп тануға болады. Қазірдің өзінде жүздеген жаңа іс қозғап, шаруалардың ісін тоқтата алар едік. Бірақ олар көп жағдайда қылмыстық айла-әдістердің құрбаны болып отыр», – деген еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов. Бұл оқиға бойынша 62 қылмыстық іс тіркеліп, 16 адам қамауға алынды. Бір ғана бағдарлама бойынша 80 миллиард теңге бөлініп, оның 40 миллард теңгеден астамы тиімсіз игерілген. Субсидия дауы Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысы Сапархан Омаровты орынтағынан кетірді. Субсидия түрінде бюджеттен бөлінген жүздеген миллиард қаражатты ұрлаудың шын ауқымы енді ғана айқындалып жатқан секілді. Ұрлық схемасын теріс пиғыл, қара басы үшін пайдаланған фермерлердің саны 3 мыңға жуықтаған. Солай десек те, фермерлердің және биік лауазымды тұлғалардың көбі жазаланбауы бек мүмкін.Айым БЕКТҰР