Жамбыл жерінде бір ай бойы жарылыс жасалады
Жамбыл жерінде бір ай бойы жарылыс жасалады
201
оқылды

Жамбылдағы жарылыс­тың жаңғырығы басылар емес. Күні кеше Байзақ ау­да­ны Сарыкемер ауылын­да­ғы инженерлік оқ-дәрі қой­масының аумағында тағы бір дүмпу үні естіліп, бұқа­ра­ны дүрліктірді. Жалынды көр­ген жұрт 40 күн бұрынғы жағдай  қайталана ма деп, жап­пай қашқанын да жа­сыр­маймыз. Алайда ке­йін­нен билік өкіл­дері басу ай­тып, мән-жайды түсіндір­ген­дей болды. Бірақ олар­дың сөзі көпшіліктің көкейі­не үміттен гөрі үрей ұялатты.

Жұмбағы мен сұрағы көп жауап

Олай дейтініміз, 10 қазан күні болған жарылыстан кейін Жамбыл облысы әкімдігі таратқан ресми ақпараттың жұмбағы мен сұрағы көп болды. Сарыкемер ауылындағы инже­нерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді. Жарылыс салдарынан оқ-дә­рі­лердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта болған. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудан­дағы ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да мұндай жағ­дай қайталануы мүмкін. Одан бө­лек, қойма аумағында қауіпті оқ-дә­рілердің бақыланатын жары­лыс­тары жүргізілетін болады», – делінді ресми хабарламада. Әрі дәл осы мәлімдемені Қорғаныс министрлігі де таратқан. Ресми мәлімдемінің «рельсіне» түсетін болсақ, «бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді» деген сөз сананы сан-саққа жүгіртіп тұр. Себебі еліміздің Қорғаныс ми­нистр­лігі де, жергілікті билік те тілсіз жау ауыздықталып, қойма ау­мағындағы өрт толықтай өші­ріл­генін айтқан болатын. Сонда 44 күн бойы жанып бітпей жатқан бұл қан­дай өрт? Егер оқ-дәрілердің қал­дықтары жанды дегеннің өзінде, жауапты мамандар соны жинағанда оның өртенуі мүмкін екенін білмеді ме? Екіншіден, әкімдіктің «алдағы уақытта да мұндай жағдай қайта­лануы мүмкін» деген сөзін қалай тү­сінуге болады? Билік өкілдері бұ­қараға басу айтудың орнына неге халықтың үрейін үдетіп отыр? Әлде бұл ақиқаты анық шын­дық­тың бір ұшы ма? Егер олай болатын болса, жақын маңдағы ауылдардағы аға­йын­ның тұрғын үйін жөндеп, қай­та қоныстандырғанша, ке­рісінше оларды басқа жерге көшір­мей ме? Ресми ақпаратта әкімдік «қойма аума­ғында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүр­гізілетін болады» деп те айтты. Бұл қандай жарылыс? Қашан және қай жерде жүргізіледі? Аталған жары­лыстардан жұртшылық тағы жапа шекпей ме?

Жарылыс жұмыстары бір ай жүргізіледі

Сұрағы көп, жауабы жоқ Жам­былдағы жарылысқа қатысты бай­ламнан гөрі болжам көп айтылға­нын ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті, осы күнге дейін бір әскеридің табылмай жатқаны да терең ойға қалдырады. Ал жергілікті биліктің «қойма аумағында қауіпті оқ-дә­рі­лердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады» деген ресми мәтіннен кейін Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бір ақпараты «жылт» етті де, жарты сағаттан ке­йін қайта жоқ болып кетті. Алайда қырағы журналистер бұл ақпаратты қағып алды. «Жамбыл облысы Байзақ ауда­нындағы әскери қоймадағы оқ-дәрі қалдықтарының жарылуына бай­ланысты оларды жою уақыты қайта қаралды. Оқ-дәрі бөлшектерін жою үшін әскери бөлімнен 12 шақырымда орналасқан таулы аймақ таңдалып отыр. Қазір мамандар аталған ай­мақты мұқият тексеруде. Ол маңда елді мекендер болмағандықтан, қал­дықтарды жаруға қолайлы бо­лып тұр. Оған қоса, таулы аймақ жа­рылыстан оқ-дәрі қалдық­тары­ның жан-жаққа ұшуына тосқауыл болады. Жарылыс үні халыққа естілетін болғанымен, бірақ ауыл тұрғындарына еш қауіп төндірмейді. Қазір жарылыс орны егжей-тег­жейлі тексерілуде. 10 шақырым жер­дегі төрт түлік пен малшылар қауіпсіз жерге көшірілетін болады. Және жарылыс аумағы толықтай қор­шалып, үш күн бұрын Тараз қа­ласы мен Байзақ ауданының тұр­ғында­ры­на хабар беріледі», – делін­ген Тараз гарнизонының хабарла­масында. Бұл ақпараттың не себепті бір пайда болып, қайта жоқ болып кет­кенін білмек мақсатта Тараз гар­ни­зонының баспасөз қызметінің же­тек­шісі Дина Мухариноваға хабар­ластық. Маман жарылыс жұмыс­та­ры 14 қазаннан басталғанын растады. – Бұған дейін хабарланған ақ­­­па­рат алдын ала жоспар болатын. Алай­да 14 қазаннан бастап жарылыс жұмыстары жүргізілетін болып ше­шіл­ді. Оқ-дәрі бөлшектерін жою қа­­раша айынының 13-не дейін дүй­сенбі мен жұма аралығы күнделікті жүргізіледі. Тұрғындарға қауіп төн­­дірмейтін барлық сақтық шара­лары сақталды, – дейді Дина Мухаринова.

P.S.

Міне, осылайша Жамбылдағы жарылыстан екі айға жуық уақыт өткенде құзырлы органдар сөзден іске көше бастады. Жауапты ма­мандар жарылыстан жақын маңдағы ауыл тұрғындары жапа шекпейтінін айтып отыр. Жарылыс жұмыстары бір ай уақыт жүргізілетінін ескерсек, жиналған оқ-дәрі бөлшектері аз емес деген байлам жасауға болады. Әй­теуір барлық жұмыстар жоспарға сай өткізіліп, қара халықтың жүрегі ор­нына түссе болғаны. 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы