Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) ЖШС-ның газ-химиялық кешенінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу-реттеу кезеңі басталды. Бұл айтулы жоба елімізде мұнай-химия кластерін қалыптастыруға жол ашты. Тәуелсіздік жылдарының несібесіне айналуы тиіс газ-химиялық кешен полипропиленнің 65 түрлі маркасын өндіруге қауқарлы.
27 желтоқсанда жаңа зауыт Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропанның алғашқы партиясын қабылдады. Қараша айында зауытқа азот пен құрғақ сығылған ауа берілді. Шілдеде зауыт Karabatan Utility Solution ЖШС-нан басты қосалқы стансаға электр энергиясын, кейін бастапқы тұзсыздандырылған, минералсызданған және техникалық суды сәтті қабылдады. Осылайша, зауыт іске қосу-реттеу жұмыстарына, іске қосу және өндіріске қажетті барлық ресурсты қабылдауды аяқтады.
– Бүгін біз Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропанды қабылдай бастадық. Пропан кешен аумағына теміржол арқылы вагон-цистерналармен жеткізіледі. Эстакадада америкалық EMCO WHEATON компаниясының саңылаусыз пропан құю жабдығы орнатылған, ары қарай шикізатты италиялық SIAD компаниясының компрессорлары айдайды. Біз бір уақытта екі жерден 18 вагон қабылдай аламыз, барлығы 36 вагон өнім аламыз. Зауыт толық қуатына қосылған кезде күніне 72 вагон қабылдауға болады. Теміржол эстакадасында операторлар шикізатты құйып алады, кейін ол газ қауіпсіздігін анықтайтын жүйемен жабдықталған пропанды сақтау паркіне айдалады. Әрі қарай пропилен алу үшін пропанды дегидрлеу қондырғысына жіберіледі. Ал полимерлеу қондырғысында соңғы өнім – полипропилен алынады, – деді КРІ бас инженері Денис Козырев.
Алғашқыда зауыт полипропиленнің 11 маркасын шығарады, қалғаны нарықтағы сұранысқа сай дайындалады. KPI-дың 2022 жылға арналған өндірістік бағдарламасы Энергетика министрлігімен келісілген.
– Біздің болашақтағы жоспарларымыз бойынша полипропилен отандық нарық сұранысын толықтай қанағаттандырады. Бұл көрсеткіш қазір – 45 мың тонна. Өндірістік бағдарламамыз бойынша Қазақстанға 60 мың тоннасын беруді жоспарладық. Республикадағы сұраныстың артуына сай, ең алдымен, отандық нарықты толық қамтуға тырысамыз, – деді бас инженер.
Сайып келгенде, еліміздегі тұңғыш газ-химия кешені, яғни KPI отандық нарықтағы сұранысты өтеп болған соң қалған өнімді шетелге асырмақшы. Өйткені одан пайда көп. Зауыт экспортпен Қытай, Түркия мен Еуропа елдерін қамтитын болады.
Жобаны жүзеге асыра отырып «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ жаңа сала – көмірсутекті терең өңдеуді игере бастады. Осылайша, еліміз бен Атырау өңірі үшін жоғары экономикалық және әлеуметтік маңызы бар жаңа газ-химия саласы өз жұмысын бастап кетті. Бұл салаға салынған әр доллар экономикада қосымша 2-3 доллар пайда әкеледі және аралас салаларда 7 жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
Зауыт толық іске қосылған соң кәсіпорында шамамен 500 жұмыс орны ашылады. Құрылыс барысында 29 мың тоннадан астам металл құрастырылым монтаждалып, 165 мың текше метрден астам бетон құйылды, 2,5 мың километр кабель мен 261 километр технологиялық құбыр желісі тартылды.
Бас мердігер – қытайлық CNCEC компаниясы, құрылыс-монтаж жұмыстарына 40-тан астам қазақстандық компания қатысты.
Елімізде мұнай-химия кластерін қалыптастыру және қосымша құны жоғары, экспортқа бағытталған өнімдерді шығару, өнеркәсіп салаларын әртараптандыруға арналған полимерлер өндірісі кешенін салу оңайлықпен жүзеге аспағаны белгілі. Тіпті, өткен жылы пандемия кезінде де зауыт құрылысын тоқтатпау үшін «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ барлық жағдайды саралай отырып жұмыс істеді.
– Құрылыстың ең қарқын алған шағында пандемия орын алып, карантин шектеулері енгізіліп, өндіруші зауыттардың жұмысы тоқтатылса да, біздегі құрылыс тоқтаған жоқ. Үкіметтің қолдауымен және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бюджеттен аспай отырып жұмыс қарқынын сақтап қалдық, – дейді «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімов.
Кешеннің қуаттылығы – жылына 500 мың тонна полипропилен, бұл шикізат машина құрылысында, медицина мен электротехникада пайдаланылады, қаптама материалдарын өндіруге, ыдыстар, желілер, тұрмыстық электроника, халық тұтынатын тауарлар, бақша және кеңсе құралдары мен ыстық су тұрбалары мен фитингтер өндіруге қажет. Пропан сақтайтын паркте төрт резервуар бар, олар Оңтүстік Кореядан жеткізілген. Әр резервуардың ұзындығы – 42 метр, ал сыйымдылығы – 2 500 мың текше метр. Жобаны жүзеге асыруда әлемге әйгілі озық тәжірибелі Siemens, MAN, SGS, Air Liquide, Mitsubishi сияқты компаниялар атсалысты. Қондырғыларды орнату мен мамандарды оқыту кезінде Атырауға өндіруші зауыттардың шеф-инженерлері келді.
– Зауытымыздың заманауи дамуы үшін жұмысшыларды оқыттық. Теориядан бөлек тәжірибеден өтті, лицензия иесі – америкалық компаниядан арнайы компьютерлік жаттықтырғыш алдық. Ол компьютерде жұмысшылардың болашақ зауытта жұмыс істейтін бағдарламалары енгізіліп қойған. Қазір, міне бір жылға жуық олар зауыттың бағдарламасымен жұмыс істеп келеді, сондықтан дайын өндірісте жүргендей қолдарын үйретіп алды. Бұл компьютерлер виртуалды түрде штаттан тыс апаттық жағдайда әрекет ету, қысымды көтеру, температураны жоғарылату сияқты жағдайларды реттей алады, – деді Дамир Әшімов.
KPI жобасында жаңа технологиялар қолданылған. Мекеме толық цифрландырылады. Қоймадағы операциялар, өнімді қаптау, сақтау және авто-теміржол көлігіне тиеу жұмыстарын арнайы робототехника адамның қатысуынсыз жүзеге асырады. Ал ақпараттық технологиялық шешімдер мен корпоративтік есеп жүйелері бұл жұмысты мінсіз атқаруға септігін тигізеді.
Кәсіпорын өкілдері зауыттың барлық экологиялық талаптарға сай екенін атап өтті. Барлық зиянды қоспалардан тазартылған пропан, алдымен пропиленге, кейін өндірістік тізбек бойынша полипропиленге айналады.
Бұл процестер барысында күкіртсутек, күкірттік ангидрид және хош иісті көмірсутек тәрізді зиянды заттар пайда болмайды.
Су пайдалану жағынан да экологиялық таза кәсіпорында технологиялық процестерге қажетті айналма сумен қамту жүйесі қолданылады.
Karabatan Utility Solutions ЖШС тазарту қондырғысының ағындарды толықтай тазалау және қайта пайдалану жүйесі есебінен суды пайдалану көлемі азайып келеді.
Мұнай-химия саласының ірі өкілі СИБУР компаниясымен жобаны жүзеге асыру бойынша қол жеткен стратегиялық серіктестік маңызды қадам болып табылады. Серіктес компанияның тәжірибесі мен құзыреті «ҚазМұнайГаз» компаниясына қазақстандық өнімді жаңа нарыққа шығаруға жол ашады.
Еліміздегі тұңғыш біріккен газ-химия кешенінің құрылысын жүзеге асыру мерзімі ұзаққа созылғаны белгілі. Дегенмен мұнай мен газды өндіріп қана қоймай, өңдеп, экспорттауға ерекше жағдай жасау мақсаты қойылған ауқымды жоба өз қызметін бастады деп сеніммен айта аламыз. Бұның нәтижесін ел Тәуелсіздігінің 40 жылдығында толықтай көріп, ел экономикасына әсерін бағалайтын уақыт та келері сөзсіз.
Атырау облысы