Тәуелсіздікке – 30 жыл
Биыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. 1991 жылы 16 желтоқсанда әлем картасында жаңа жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Бұл тәуелсіздік – ата-бабаларымыз қанша ғасырдан бері аңсаған, армандаған азаттық еді. Жас мемлекетті барша әлем елдері мойындап, қолдау көрсетті. 30 жыл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Осы уақыт ішінде еліміз біраз қиындықты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсе білді.Жаппай вакциналау басталды
Биылғы ақпан айында республика бойынша коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Екпе салу науқанының қарқынын арттыру үшін түрлі акция өткізіле бастады. Тіпті, кейбір аймақта екпе алғандардың арасында пәтер ойнатылды. Ұялы телефондар мен тұрмыстық техника таратылды. Бүгінде вакцинаның екі бірдей дозасын алған қазақстандықтардың саны 8 миллионнан асты. Қазір республика бойынша ревакцинация басталған. Бала емізетін әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға да вакцина салынып жатыр.Парламент сайлауы – 2021
Парламент Мәжілісіне «Nur Otan» партиясы – 76, «Ақ жол» партиясы – 12, Қазақстан Халық партиясы – 10, Қазақстан халқы Ассамблеясына 9 мандат бөлінді. Сондай-ақ бұл сайлауда «Nur Otan» партиясы 71,09 пайыз дауыс жинаса, «Ақ жол» партиясы 10,95 пайыз дауыс иеленген. Сайлауға қатысқандардың 9,10 пайызы Қазақтан Халық партиясына дауыс беріпті. «Ауыл» партиясы – 5,29 пайыз, ADAL партиясы 3,57 пайыз дауыс жинаған. Биыл аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланды. Ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы 25 шілдеде басталды. ОСК мәліметі бойынша, сайлауға 2 297 кандидат қатысқан.Құрғақшылық қысып, мал қырылды
Биыл еліміздің бірнеше өңірінде жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық қысты. Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облысы қуаңшылықтан қатты зардап шекті. Тіпті, құрғақшылықта қалған Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ресми мәліметке сенсек, Маңғыстау облысында 1 304, Қызылорда облысында 596 бас мал аштан қырылды. Қиналған жұрт малын аман алып қалу үшін шөбі болмаса да, қылтанақ өсетін аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Құрғақшылыққа ұшыраған қос аймаққа құзыретті органдардан бұрын ел азаматтары тізгінді өз қолдарына алып, асарлатып азық дайындап, вагон-вагон шөп жөнелтті.Зейнетақы жинағын жұмсадық
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға қордағы ақшаны баспана, емдеу және инвестициялық басқаруға беруге рұқсат етілді. Ресми ақпарат бойынша, маусымға дейін 16 мың адам зейнетақы қорындағы ақшаның көмегімен ипотека қарызынан құтылған. Алайда жаңа жылдан бастап қордағы ақшаны алу шарты өзгереді. Ол бойынша қорда міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері шамамен екі есе ұлғаймақ.Халық санағы
Елімізде бұл науқан он жылда бір рет өтеді. Бұған дейінгі санақ 2009 жылы болған. Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген науқан алғаш рет онлайн және офлайн форматта қатар ұйымдастырылды. Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жетті. Оның 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер, 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Сондай-ақ еліміздегі қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткен.Air Astana Қазақстан мен шетелге ұшу жиілігін арттырды
17 желтоқсанда Air Astana Нұр-Сұлтаннан Дубайға ұшу жиілігін арттырып, аптасына 7 рейстің орнына 9 рейс орындап жатыр. Сондай-ақ 25 желтоқсаннан бастап Алматыдан Коломбоға (Шри-Ланка) ұшу жиілігі ұлғайтылды. Енді Air Astana аралға дүйсенбі мен бейсенбіден басқа аптасына 5 күн ұшады. Сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында әуекомпаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында қосымша рейстерді қосты. 30 желтоқсанда 2 рейс, ал 31 желтоқсанда 3 рейс енгізіледі.Байзақтағы жарылыс
Өкінішке қарай, өтіп бара жатқан жылды жұрт Байзақтағы жарылыстың жарасы арқылы жадында сақтап қалды. Есте болса, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі коймалардың бірінде жарылыс болған еді. Салдарынан жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың ішінде азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор бар. Тағы бір сарбаз әлі күнге іздестіріліп жатыр. Қираған үйлер қалыпқа келді. Қаза тапқандардың жақындарына көмек көрсетілді. Екінші деңгейлі банктердегі несиесі кешірілді.