«Тәуелсіздік тағылымы» – Елбасы мақаласы төңірегінде ой-толғау
«Тәуелсіздік тағылымы» – Елбасы мақаласы төңірегінде ой-толғау
©А.Ахметқазы
227
оқылды
Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесін артқа тастадық. Бүгінде «орда бұзар» жастағы біздер жүріп өткен жолымызға, артта қалған түрлі қиындықтар мен алған асуларымызға тәуелсіздік тұғырының 30 жылдық биігінен қарап отырмыз. Күні кеше жария етілген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» деп аталатын мақала егемендікпен бірге өскен ұрпақтар үшін қатты әсер еткені де сондықтан. Біз тәуелсіздікті алған күнгі ата-аналарымыздың көз жасын көрдік, жоқшылықтан өттік, 90-жылдардың қиындығын да еңсердік, сөйте тұра болашаққа нық қадаммен аяқ басып, мемлекетіміздің алдында үлкен жауапкершілікті сезіндік.
Елбасымыздың «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын», - деуі де осы себептен.
Мақаланы бастан-аяқ оқып шығып, түрлі күйді бастан кешірдім. Бойымды қуаныш пен мақтаныш кернеді. Себебі, біз осы 30 жылдықты бірге өткердік. Елбасының қанатының астында біз де бекіп, қатайдық. Бізден кейінгі тәуелсіз елдің жаңа, жас буыны мүлдем жаңа көзқарастағы, рухы биік, жігері мұқалмаған толқын. Олардың осы күнге жетуі үшін төгілген те де, атқарылған еңбек те аз болмады. Сондықтан, менің ойымша, тұтас бір ұлттың бір ғұмырға татитындай уақыт ішіндегі трансформациясы, өсуі, жетілуі, кемелденуі «бейнеленген» мақаланы әрбір өсіп келе жатқан буын оқып, ойға тоқуы керек. Онда бабалардың аңсаған арманы, қазақ елінің Тұңғыш президентін сайлауға ресми түрде мүмкіндік алуы, бізді ел ретінде өркениетті мемлекеттердің мойындауы, халқымыздың жігері, президентіміздің кемеңгерлігі, қазақ елінде орын алған түрлі саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалар мен дамудың сара жолы – бәрі-бәрі дәлме-дәл сипатталған. Әсіресе, мақаланың мына бөлігі есімде қалыпты:
«Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық. Бабаларымыз бізге мұра қылып ұланғайыр жер қалдырды. Бірақ ол кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмеді. Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді».
Расымен, Тәуелсіз мемлекет болу – біздің халқымыздың басына берілген бақыт. Біз өзге елдің емес, өзіміздің бабаларымыздың сақтап қалған жерінде өз бесігімізді тербетіп, өз ғылымымызды тәрбиелеуге мүмкіндік алып отырмыз. Өз әнұранымызды емін-еркін шырқай аламыз, көк туымызды ешкімге жалтақтамай асқақтата аламыз, елтаңбамызды төрімізге іліп, еліміздің тасы мен сайын көсіле аралай аламыз.
«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін», - депті Елбасы.
Бұл сенім әрбіріміздің көкейімізде жатыр. Ендігі кезекте әрбіріміздің міндетіміз еліміздің беделін жұмыла көтеріп, халқымыздың жұмақ мекенде өмір сүруі үшін біріге атсалысу ғана.

Әлия Маратқызы Әбсеметова, Парламент Мәжілісінің депутаты «Nur Otan» Партиясы Фракциясының мүшесі