Нұр-Сұлтанда мереке күндері қандай шектеулер енгізіледі?
Нұр-Сұлтанда мереке күндері қандай шектеулер енгізіледі?
156
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мереке күндері адам көп шоғырланатын орындарға барудан бас тартуға және карантин шараларын сақтауға шақырды. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, әлеуметтік байланыс көбейіп, карантин шараларын елемеу салдарынан әрбір мерекеден кейін эпидемиологиялық жағдай нашарлап жатыр. Тәуелсіздік күнінен кейін елорда сегіз күнге созылған "жасыл" аймақтан шығып, қайтадан "сары" аймаққа көшті. "Адам санының толуы 50%-ке дейін, бірақ 70 орыннан аспайтын, ғимаратқа келушілер мен ондағы қызметкерлердің барлығында "жасыл" статус болуы талаптарын сақтаған Ashyq жобасына қатысатын нысандарда өткізілетін іс-шараларды есепке алмағанда, отбасылық жиындар, корпоративтер сынды бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады", - деді Сархат Бейсенова. Елордадағы эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін адам көп жиналатын салтанатты іс-шаралар, мерекелерді өткізуден бас тарту ұсынылады.
"Бірге күш салу арқылы біз жағдайды оңалта алдық. Енді сол еңбектің барлығы зая кеткенін қаламаймыз. Алдағы мереке күндері мониторинг топтарының жұмысы жандана түсетінін атап өткім келеді. Тексерулер біреуді жазалау немесе айыппұл салу үшін емес, алдын алу шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшін жүргізілетінін түсіну керек. Өйткені қаладағы эпидемиологиялық жағдай осыған байланысты болып отыр", - деді Бейсенова брифингте.