«Қоғамдық келісімнің» қара нары
«Қоғамдық келісімнің» қара нары
272
оқылды
Ана тілімізде сөз қолданудың ежелден келе жатқан, қалам ұстаған жанның бәріне түсінікті тұстары бар. Солардың бірі – «қара нар» деген теңеудің ер адамға қатысты айтылатыны. Және ол теңеуге екінің бірі емес, өз саласын (ауылын, өлкесін...) дамытып, өркендетуге ерен еңбек сіңірген тұлға ғана лайықты. Бір қуаныштысы – елімізде ондай жандардың көп. Өз басым олар туралы күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарында шығатын материалдарды көргенде, қазақтың ұл-қыздары үшін кеудемді мақтаныш кернеп, кәдімгідей серпіліп қалам.    Бұл фактінің қазіргі кезде орнығып, тіпті заңдылыққа айналғандай екінші жағы да бар. Ол – сондай тұлғалардың тасасында ұжымның (ауылдың, кәсіпорынның, мекеменің...) қара жұмысына жегіліп, келіспейтін жақтарды келістіріп, даулы мәселелердің жігін жатқызып, ауқымды іс-шараларды ұйымдастырып жүретін орынбасары – бір  нәзік жандының болатыны.  Ондай жандардың бағасын тұманды Альбион елінің «Әр мықты ер-азаматтың артында мықтылығы одан еш кем емес әйел тұр» («За каждым сильным мужчиной стоит не менее сильная женщина») деген мақалынан асып әлі ешкім бере алмаған сияқты. Бүгін сондай жандардың біреуіне тоқталсақ деп отырмыз. Бірақ, әуелі «заңдылыққа айналғандай» дегенімізге бір мысал келтіре кетейік. Қазір қалай екенін білмеймін, мен қызмет еткен жылдардың басым көп бөлігінде Сенат аппаратында бөлім басшылары ер-азаматтар, ал орынбасарлары – әйелдер (соның ішінде өзім де бармын) болатын. Содан бері мемлекеттік (басқа да) органдардың құрылымдарына зер сала жүріп, сірә, мұндай құрылым барлық дерлік ұйым, мекемелерге тән-ау деген ой түйдім. Біздің кейіпкеріміз Хадиша Әбдіразаққызы Ерсейітова да – Қазақстан  Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты (құрылған кезде ҚР Президенті жанындағы) «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары. Ол осы лауазымға тағайындалғалы бірнеше директор ауысты. Беделді, танымал, зиялы, жас, жасамыс директорлар келіп-кетіп жатты, орынбасарлардың да бірге кететін кездері бар, өзгермейтін жалғыз орынбасар – Хадиша Әбдіразаққызы. Содан да болар, белгілі бір бағдарламалық құжат дайындау керек болса, ауқымды іс-шаралар өткізу кезінде Ассамблеяға қатысты тақырыптарды одан терең білетін, мемлекеттік органдармен, оқу орындарымен, өңірлермен байланысы одан мықты және орнықты ешкім жоқ екеніне талай рет көзіміз жетті. Адамдармен тіл табыса білуі, идеяға иландырып, өзіне сенгендерді алға жетелей алуы, бүкіл саналы ғұмырларын елге қызмет етуге арнаған, бірі – мемлекеттік қызметші, бірі – ұстаз әке-шеше тәрбиесінен дарыған деседі жақын білетіндер. Орынды пікір. Халқымыз «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған ғой. Оған қоса мен оның еңбек жолын жоғары білім беру саласында бастап, студент жастардың  жаңашыл идеялары мен тың бастамаларын іске асыру үшін өзі де тап сол жастардай таңды таңға ұрып, қызығушылықпен еңбек еткенінің де әсері мол болған деп ойлаймын. «Хадиша – бойына көшбасшылық дарыған адам, - дейді жастық шағының куәгері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Майдырова. - Ол дәріс оқумен қатар, студенттер арасында тәрбие жұмысын жүргізіп жүріп, ол санаттың психологиясын жетік меңгерді. Содан да болар, жастардың небір мәселелерін шешіп, тығырықты жағдайларда жол табатын». Еңбек жолының бұдан кейінгі сатыларында Хадиша Ерсейітованың жаңа қырлары ашыла түсті. Мысалы, жастармен жұмыс істеу тәжірибесі ҚР Білім министрлігінде Қазақстан азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2005-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын жазысуға, 2006 жылы ТМД елдерінің Дельфий ойындарын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізуге көмектесті. Ал «Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамының бас менеджері ретінде мәдениет саласында ірі жобаларды іске асыруға: республикалық және халықаралық конференциялар мен форумдар өткізуге,  конкурстар мен көрмелер, шет елде мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мұрындық болды. Мұндай тәжірибе оның қазіргі – бас сарапшы болып кіріп, білімі мен біліктілігінің арқасында директордың орынбасарлығына дейін көтерілген қызметін мінсіз атқаруға көмегін тигізгені сөзсіз. Сан ғасыр бойы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан еліміздің қазіргі ішкі саясатының басты бағыттарының бірі бірлік пен татулықты нығайту екені – айтпаса да түсінікті жай. 2014 жылы Елбасының жарлығымен құрылған ҚР  Президенті жанындағы  «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметі де осы ұстанымға сәйкес келеді. Жыл аяғында құрылған мекеме өткізген ең бірінші ауқымды іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы еді. Теледидардан қарап отырғанда бәрі рет-ретімен болып жатқан, тіпті  ешқандай қиындығы жоқтай көрінетін мұндай ауқымды іс-шараны өткізудің мың түрлі мехнаты бар екенін сырт адам біле бермейді. Және оның білінбеуі – ұйымдастырушылардың мықты кәсібі деңгейінің белгісі. Х.Ерсейітованың үзеңгілес әріптесі, белгілі суретші  Әбдімомын Әсілов: «Оның іс-шараларды ұйымдастыруы, әріптестермен тіл табыса жұмыс істеуі – үлкен бір мектеп. Осындай   еңбегінің арқасында жоғары деңгейлі маман биігіне көтерілді. Ал кісілігі, адамгершілігі бөлек әңгіме...» дейді. Бұл сияқты пікірлерді кезінде қасында жүріп үйренген және кейіннен сол дағдылар кәделеріне жарап, биікке көтерілген Әділет  Дүйсенбиев, Амангелді Смағұлов, Құралай Тілеулинова сияқты жастардың да айтқанын естідік. Олардың «Қоғамдық келісімнің» мектебінен өткеннен кейін кез келген ауқымды жобаларға батыл түрде атсалысуға болады екен» деген пікірлерінде терең мән бар. Солардың бірі бүгінде еліміздегі ең жас мектеп директоры, «ДАРА» бизнес-академиясының басшысы Ақмарал Бекбай: «Ассамблеяның баспасөз қызметіне келгенде танысқан өмірлік ұстаздарымның бірі – Хадиша апай. Бос отыруды білмейтін, жауапкершілігі мықты кісі екені бірден байқалды. 2015 жыл ҚХА жылы деп жарияланды ғой. Іс-шарадан соң іс-шара. Ең ерте келетін де, ең кеш қайтатын да сол кісі. Телеарнаға сұхбат беру керек, спикер бар ма деп келсем танымайтын адамы жоқ. Елімізде қанша этномәдени бірлестік болса, солардың басшысынан бастап бар мүшесін біледі ғой. Ол кісінің іскер ғана емес, бауырмал жан екеніне сол кезде көзім жетті» дейді. Бірлік, қоғамдық келісім, татулық идеяларын жария етіп қана қоймай, жас ұрпақты ұлтына, тіліне, дініне қарай жарылуға емес, жасампаздыққа бастайтын іс-шараларды ел ауқымында ұйымдастырып отырудың маңызы зор. Әрине, бұл үшін орталық мекеме мен өңірлік филиалдар жұмысының үйлесімді болуы шарт.  Бұл ретте Ассамблеяның облыстық хатшылықтармен, «Қоғамдық келісімнің» филиалдарымен байланысы нақты, сындарлы болуы – жұмыс нәтижелілігінің кепілі. Оның бір мысалын бүгінде Қостанай облыстық Nur Otan партиясы филиалының басшысы Бибігүл Аққожинаның: «Облыстық ассамблея хатшылығының меңгеруші болып қызмет істеген кезімде басқа өңірлердегі әріптестерімнің: «Іс-шара өткізгенде Ерсейітова ескермейтін ұсақ-түйек жоқ», «Бір мәселені түсінбей жүр едім, Хадиша Әбдіразаққызы жөн сілтеді» деген сияқты сөздерін жиі еститінмін. Жүре келе іс-шара өткізуде талапшыл, қай уақытта хабарлассаң да телефонын көтеретін кішіпейіл, қолұшын беруге дайын тұратын қамқор адам екеніне өзімнің де көзім жетті. Орталықтан басталған барлық істі әрі қарай жүргізудің мән-жайын сол кісіден білетінбіз» деген сөздерінен көруге болады. Қызмет орнында Хадиша Ерсейітованың ұйымдастырушылық қабілеті де, іскерлігі мен біліктілігі де лайықты бағаланып келеді: Алғысхаттар мен грамоталары, мерейтойлық медальдарды былай қойғанда. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ассамблеяның «Бірлік» медалімен наградталған. Бірақ, біз үшін басты көрсеткіш – ҚХА хатшылығының басшылығында болған азаматтар қандай жобаны қолға алғанда да бұған сенім артып, ең жауапты жұмыстарды тапсыруы. Яғни, артылған жауапкершілік жүгін қара нардай тарта алатын адам – Хадиша Ерсейітованың әлеуетін тану деп түсінеміз.  Бұны олардың  ұжым жиындарында жастарға өнеге етіп айтатыны да қуантады. Ал ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, белгілі қоғам қайраткері Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи әріптес сіңлісінің адами болмысын тап басып, таныған. «Хадиша Ерсейітова – ең алдымен, білікті маман, заманауи қалыптасқан басшы. Бірақ, осы заманауилығының негізінде қазақи тәрбиенің негізі жатыр. Өзінің айтуына қарағанда әжесінің тәрбиесінде болған бала екен. Мінезінде «ел анасы» болатын тұлғалық нышандарды көремін – тереңдік, шешім қабылдаудағы байсалдылық, қазақ қызына тән шыдамдылық. Сонымен қатар ұлттық өнерге деген ерекше ықыласы тәнті етеді – Қорғалжынның топырағының асылдығы да шығар – Хадиша  әнді санаға жеткізе, сүйсіндіре орындайды. Жас та болса  Хадишада  мен үйренер көп нәрсе бар» дейді ол риясыз көңілмен. Иә, өмір адамдардың бір-бірінің бойынан жақсылық іздеуі, содан үйренуге ұмтылуымен бағалы. Сондықтан, таниық-танымайық, өнегесін үйренер жақсы адамдар көбейе берсе екен деп тілейік. Өйткені сондай жандар небір қиындыққа тап болғанда қолын созады: жоғыңды бірге іздейді; жүрегіңді шуаққа толтырар жылы сөз айтады; жаныңды сәулеге толтырады... «Солардың бірі – Хадиша!» деп айта аламын.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы