2021 жылы министрлер мен ведомство қызметкерлері қанша сыйақы алды? Tengrinews.kz әр министрлікке осындай сұрақ жолдаған. Бірақ көбі нақты қанша сыйақы берілгенін ашып айтпаған, барлығы дерлік сыйақыға арнайы бюджет бөлінбейтінін және оның мөлшері жыл аяғындағы үнемделген қаржыға байланысты екенін мәлімдеген.
2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылық құрамы тек мемлекеттік мерекелерде сыйақы алған. Министрліктің мәліметінше, әр басшы орта есеппен 91,3 мың теңгеден сыйақы алған. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылық құрамы жыл аяғында толық бір айлық көлемінде сыйақы алады. Ал ведомство қызметкерлеріне жылына толық екі айлық көлемінде сыйақы беру қарастырылған."Жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлеріне мамыр мерекелерінде жалақысының 50% мөлшерінде, Құтқарушы күніне және Тұңғыш Президент күніне толық бір айлық мөлшерінде сыйақы берілді", – деп жауап жазған ведомство.Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, министрдің айлық жалақысы – 931,4 мың теңге, вице-министрдің жалақысы – 686,1 мың теңге.
"Министрліктің бюджетінен сыйақы үшін жыл сайын толық екі айлық мөлшерінде қаржы көзделеді. 2021 жылы берілген сыйақының орташа айлық мөлшері 63,5 мың теңгені құрады", – делінген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауабында.Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы ведомство басшылығының жалақысы өскен жоқ. Министрлік қызметкерлеріне берілетін сыйақы мөлшері жыл аяғындағы үнемделген қаржыға байланысты екенін мәлімдеген. ҚР Ішкі істер министрлігі бюджетінде ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы беру қарастырылмағанын хабарлаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерге берілетін сыйақы мөлшері жыл соңындағы үнемделген қаржы көлеміне байланысты болатынын мәлімдеген. Ұлттық экономика министрлігі, Энергетика министрлігі, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктері де қызметкерлердің сыйақысына бөлек бюджет қарастырылмағанын және сыйақы мөлшері жыл аяғындағы үнемделген қаржыға байланысты екенін хабарлаған. Білім және ғылым министрлігі еңбекақыға қатысты құжаттар мен жеке-дара қолданылатын актілер жарияға жатпайтынын жазған.