Сіз кімсіз, Серікқали Брекешев мырза?
Сіз кімсіз, Серікқали Брекешев мырза?
Серікқали Брекешев. Фото: Рrimeminister.kz
515
оқылды

Серікқали Брекешев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Жаңа министр туралы қандай ақпарат белгілі? Aikyn.kz ашық дереккөз негізінде жазып шықты.

Бұған дейін 2020 жылдың 5 наурызынан бері Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болды. Вице-министр кезінде көбіне геология саласындағы жұмыстармен айналысты. Әсіресе, жер қойнауын зерттеу және республиканың минералдық-шикізат базасын толықтыру бойынша жағдай жасау министрліктің негізгі міндеттерінің бірі екенін айтып жүр.

«Геологтардың еңбегінің арқасында экономиканың тұрақты дамуын және мемлекеттің материалдық әл-ауқатын қамтамасыз ететін кен орындары ашылды. Көптеген қалалар геологтардың қызметі нәтижесінде өсті. Геология саласын дамыту үлкен маңызға ие», - деді Серікқали Брекешев Орталық коммуникациялар қызметіндегі бір баяндамасында.

[caption id="attachment_160589" align="alignright" width="1200"]Серікқали Брекешев Серікқали Брекешев. Фото: Орталық коммуникациялар қызметі[/caption] Ол тағы бір баяндамасында игерілген кеннің орнын жаңасымен толықтыру проблемасын көтерді. Оның айтуынша, елдегі кен қоры ортайып бара жатқанын Қашағандағы мұнайдың қоры білдірмей тұр.

«Қала құраушы кәсіпорындарды кен қорымен қамтамасыз ету проблемасы қазір өзекті, бірнеше рет талқыладық та. Басты проблема - пайдалы қазбалар қорының баяу толығып жатуында. Геологтар арасында жазылмаған ереже бар. 1 тонна өндірсең, орнын 2 тонна қормен толтыру керек. Бүгінде қатты пайдалы қазбаларды өндіру көлемі мен толығудың арасындағы өсу коэффициенті орташа есеппен 0,13, мұнай қорының толығу коэффиценті – 1,5», - деді Серікқали Брекешев ОКҚ брифингінде.

Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодар қаласында туған. 1995 жылы Атырау политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша бітірген. Жұбайының әкесі Тергеу Айдарханов - Маңғыстау мұнайының алғашқы көзін ашушылардың бірі, инженер-геолог. Оған арналған "Мұнайшы" баспасында "Тергеу Айдарханов" атты кітап басылып шыққан. Кітапта оның көп жылдар бойы партия, кеңес органдарының басшылық, ұйымдастырушылық, қайраткерлік қызметтері баяндалады және әр жылда жазылған мақалалары, сөйлеген сөздері, ол туралы баспасөзде жарияланған жылы лебіздері жазылған. Ал жұбайы Шырын Брекешова көтерме саудамен айналысатын CASPI INVEST ЖШС директоры. Олардың екі баласы бар. Серікқали Брекешев еңбек жолын 1995-1997 жылдары «Қазақстан-Ресей сауда үйі» БК, бас директордың орынбасары, экономист қызметінен бастаған. 1997 жылы Ақтау қаласындағы Салық бөлімінде инспектор, 1997-1998 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Мұнайгермес» материалдық-техникалық қамтамасыз ету және өнімді өткізу басқармасының филиалы, 8-ші разрядты инженер. 1998-2006 жылы «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ, мұнай өндіру жөніндегі мастер, пайдалану жөніндегі инженер, кәсіпшілік менеджері, 2007-2014 жылдары Энергетика және минералдық ресурстар, мұнай және газ министрліктерінде басшылық қызметтер атқарған. 2015-2020 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ құрылымында ГТЖ басқару жөніндегі басқарушы директоры, техникалық саясат жөніндегі басқарушы директоры, өндірістік-техникалық департаментінің директоры, бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2020 жылдың 5 наурызында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды. [caption id="attachment_160595" align="aligncenter" width="740"]Серікқали Брекешев Серікқали Брекешевтің вице-министр болып тағайындалған кезі. Фото: Тengrinews.kz[/caption] Енді Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Ұлттық геологиялық қызметті құру, геологиялық барлауды дамытуға және жер қойнауын кешенді зерттеуге, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық базасын құруға ерекше назар аударуды тапсырды. Үкімет басшысы Асқар Мамин Экологиялық кодексті тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, төмен көміртекті даму тұжырымдамасын дайындау, орман қорын ұлғайту, су ресурстары мен балық шаруашылығын басқару жүйесін одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттер қойылғанын айтты.