Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педогогикалық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және оқу орнының 80 жылдығы мен «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің құрылғанына 25 жыл толуына орай мерейтойлық концерт өтті.
Салтанатты жиын «Жаңғырған Қазығұрт» деп аталды. Мерекелік кешті құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева ансамбль мүшелерін мерекелік медальмен және Алғыс хатпен марапаттады. «Қазығұрт» ансамблінің ұйымдастырылуына бірден-бір себепкер Ұлбосын Қарымбекқызына университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ концертке құрметті қонақ ретінде қатысқан Түркістан облысы мәслихатының депутаты Керімхан Қадырбек өнерпаздар мен ұлғатты ұстаздарға облыс мәслихатының марапаттарын тапсырды. Мұнан соң көпшілік университет ұстаздары мен білімгерлерден құралып, ширек ғасырдан бері қазақ елін әнмен тербеп келе жатқан «Қазығұрт» ансамблінің өнерін тамашалады. Кеш қонақтары университет түлектері Қазақстанға белгілі әнші Алтынай Жорабаева, Түркияда магистрлық білім алып жатқан опера әншісі Ерлан Жандарбай әннен шашу шашты. Айта кетейік, бүгінгі таңда өнер ұжымын Айман Қарсыбаева басқарып келеді. Ансамблдің құрамы да жаңарған.Н. НАЗАРБЕК.