ШҚО-да полиция қызметкері әріптесін қағып өлтірді
ШҚО-да полиция қызметкері әріптесін қағып өлтірді
© azattyq-ruhy.kz
Шығыс Қазақстан облысында жол апаты салдарынан полиция қызметкері қаза тапты, – деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2 қаңтар күні таңғы сағат 4.00 шамасында Семей-Өскемен тас жолының 25-шақырымында болған.
«Семей жақтан келе жатқан «Лада-2170» көлігінің жүргізушісі жол бойында тұрған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды», – делінген  хабарламада.
Айта кетерлігі, жол-көлік оқиғасына қатысы бар екі адам да полицейлер болып шықты.
«Олардың оқиға орнында бір уақытта болуы бір-біріне еш байланысы жоқ, екеуі де үйлеріне бара жатқан. Алдын ала болжам бойынша, жәбірленуші көлігі аударылып кеткендіктен, жол бойында тұрған. Қазіргі уақытта оны басып кеткен екінші полицейге қатысты тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол ішімдік ішпеген», – деді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.