Nur Otan: қазір тыныштық сақтап, азаматтарға көмектесу маңызды
Nur Otan: қазір тыныштық сақтап, азаматтарға көмектесу маңызды
183
оқылды

Кейінгі кездері қазақстандықтар жантүршігерлік оқиғалардың куәгері болды. Әсіресе, Алматыда жағдай ушықты. Әкімдік, Nur Otan, полиция ғимараттары қирап, отқа оранды. Антитеррористік операция жүріп жатыр. Біз Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаевқа хабарласып, бірнеше сұрақ қойдық.

– Партияға қанша шығын келді? Партияның көп ғимараты қирады ма? Партия қызметкерлері зардап шекті ме? Nur Otan – Соңғы ақпарат бойынша, Жамбыл облысы филиалындағы бір қызметкер жараланып, жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар Шымкент, Тараз, Қызылорда, Талдықорғандағы партия ғимараттары өртеліп, қирағаны белгілі болды. Жағдай тұрақталған соң шығын көлемі есептеледі. – Дәл осындай шақта Nur Otan партиясы қайда? Партиялықтар немен айналысып жатыр? – Біздің партия мүшелері осы күндері алғы шепте жұмыс істейді. Олар – депутаттар, Үкімет мүшелері, әкімдер, дәрігерлер және басқалар. Ел басшылығының барлығы дерлік партия бюросының мүшелері. Олардың лауазымды міндеттеріне сәйкес, қазір олардың барлығы жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс істеп жатыр. Біздің депутаттар Мұсабаев пен Жаңбыршин әлі күнге дейін Маңғыстау облысында. Басқа өңірлерде біздің филиалдарымыз, депутаттар, лауазымды тұлғалар да митингіге шығып, оларды тыныштандыруға, конструктивке көшуге тырысты. Сонымен қатар адамдар мен ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Мысалы, Ақтөбеде біздің еріктілер агрессивті наразылық білдірушілерді ғимаратқа кіргізбеді. Елордада партия мүшелері әскери қызметкерлер үшін ыстық шай ұйымдастырды, әкімдікке көмектесетін еріктілер жасағын құрды. Мұндай мысалдар көп. Яғни партия өзінің қоғамдық-саяси қызметін атқарады. Енді ең бастысы тұрақтандыруды қамтамасыз ету, азаматтарымызға көмектесу, ал баспасөз хабарламасы кейін таратылады. Біздің қоғамдық қабылдау бөлмелерінің байланыс орталықтары интернетке байланысты шектеулі болса да жұмыс істейді. Бауыржан Байбек коронавирусқа байланысты бір апта бойы ауруханада болғандықтан қашықтан жұмыс істейді. Осы күндері ол партияның, оның барлық филиалдарының жұмысын үйлестірді. Мен қазір бірінші орынбасардың міндетін атқарамын, біз онымен үнемі телефон арқылы байланыста боламыз. Біз БАҚ-тың назары үшін жұмыс істемейміз, әсіресе төтенше жағдай кезінде. Атқарушы және құқық қорғау органдары, комендатура бар. Уақытында тіркелу керек деп айту – біздікі емес. Біз – жауапты саяси күшпіз. Қазір Мемлекет басшысы ретінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау барлығына маңызды. Соңғы күндері Елбасы мен Nur Otan осы жылдар бойы тынымсыз айтып келе жатқан бейбітшілік пен келісімді бұзу қаншалықты оңай екенін көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттіліктің 7 тірегінің бірі ретінде бірлік пен келісімді атағаны кездейсоқ емес. Оларды нығайту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жалпы, біз осы жағдайдан тиісті қорытынды шығарып, оның ішінде Әбілязов, Мамай және т.б. арандатушылардың әрекеттеріне нақты құқықтық баға беруге тиіспіз. Алғашқы күндері елді арандатқан шолақбелсенділердің қайда екендігі белгісіз. Көптеген адам қайтыс болды. Қан төгілді, мұның бәрі олардың ар-ожданына да қатысты. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Жағдай тұрақталатынына сенімдімін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр. – Арман Оразбайұлы, пікіріңіз үшін көп рақмет. Жағдай тұрақталады деп үміттенейік.