Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешімді Елбасы өзі қабылдады
Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешімді Елбасы өзі қабылдады
©picture-alliance/AP-photo
Елбасының Кеңесшісі-Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай БАҚ-қа ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты түсініктеме берді.
«Соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатысты көптеген жалған қауесеттер мен арандатушылық жазбалар таралуда. Қазіргі жағдайда мұндай қызметті біз саяси жағдайды тұрақсыздандыру және мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзу әрекеті ретінде қарастырамыз. Мен бұрын мәлімдегендей, Елбасы осы күндері Нұр-Сұлтан қаласында болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетті. Алайда жағдай өте қиын болды, сондықтан Елбасының өзі Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешім қабылдады. Өйткені ол тәртіпсіздік пен терроризм ел басшылығынан жедел, қатаң және ымырасыз жауап талап ететінін жақсы білді. Елбасы мен Мемлекет басшысы әрқашан өз халқын, елін және ұлт болашағын қорғап, «баррикадалардың бір жағында» болды. Осы қиын-қыстау күндерде олар мемлекеттік биліктің біртұтастығын тағы да көрсетті. Осы қиын-қыстау кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтарды халқымыздың бірлігі мен тұтастығын көрсетуге және біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа террористерге қарсы күресте және Қазақстандағы өмірді қалыпқа келтіруде қолдау көрсетуге шақырады. Елбасы террористік шабуылдар нәтижесінде адамдардың қаза табуына байланысты қайғырады және қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады», – деді Айдос Үкібай.