Жаңа жылда бізді күтетін өзгеріс көп. Шетелдік вакцина ақылы болмақ, ал әйелдердің зейнет жасы тағы ұзарады. Одан өзге табыс декларациясын жария етудің алғашқы кезеңі басталса, әуе билеттері арзандайды. Алайда барыс жылындағы осы және басқа да жаңашылдықтарды азаматтар мен ел экономикасына қалай әсер етеді? Өзгерістерді топтастырып көрелік...
ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ МЕН АЕК ӨСТІ
Биыл ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш артты. Былтыр Президент қол қойған «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге немесе 140 доллардай (бұрынғысы 42 500 теңге), ал айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге болады (бұрынғысы 2 917 теңге). Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мен ең төменгі зейнетақы мөлшері 5%-ға артып, сәйкесінше 19 450 теңге мен 46 302 теңгеге өсті. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бұл 7 миллионға жуық адамның табысын арттырады.ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ҰЗАРДЫ
Биылдан бастап әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұзарып, 60,5 жас болады. «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына» сәйкес, әйелдердің зейнет жасы жыл сайын алты айға ұзарып, 2027 жылы ерлердікімен теңесіп, 63 жас болуы тиіс.ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ АРТТЫ
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін де 5 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Егер 2021 жылы ол 34 302 теңге болса, биыл көрсеткіш мөлшері қабылданған жағдайда 36 018 теңгеге дейін артады. Осыған байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты төлемдер де өсуі мүмкін. Мысалы, асырауындағы екі адам үшін асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 51 109,98 теңге болса, ал 2022 жылы бұл төлем 53 666,82 теңгеге дейін артуы мүмкін.ТАБСЫ МЕН БАЙЛЫҒЫН ЖАСЫРА АЛМАЙДЫ
Биыл азаматтардың табысы мен мүлкі туралы декларациясының формасы енгізілді. Табыстарды жаппай жариялауға көшу кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет атқаратын жеке тұлғалар 2021 жылдан бері жыл сайын осы форманы толтырып отыруы қажет. Онда азамат жыл ішінде Қазақстанда және шетелде тапқан табысын, төлеген салығын, сатып алған не сыйға, мұраға алған мүлкін, сатқан немесе сыйға берген мүлкін, өз атына тіркелген мүлкін, шетелдік банктердегі есепшотында жатқан ақшасын (оның көлемі 1 мың АЕК асатын болса) көрсетуі тиіс.ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ
Биылдан бастап Қазақстанда медициналық, әлеуметтік және азаматтық қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысы өседі. Медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру 2021 жылы бастау алды, алдағы 4 жыл ішінде олардың жалақысы екі есе өсуі тиіс. Сонымен қатар мұрағат, кітапхана, мұражай қызметкерлерінің, орманшылардың, техникалық салада жұмыс істейтіндердің де жалақысы артады. 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсіп отырады.ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН АРТЫҚ АҚШАНЫ АЛУ ҚИЫНДАЙДЫ
Сәуірден бастап зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу қиындайды. 1 сәуірде қордағы есепшотта қалуы тиіс шектік сома екі еседей өседі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, қазіргі шекпен артық ақшаны ала алатын 580 мың адам бар. Ал жаңа талаптар күшіне енгенде бұлардың саны 150 мыңға қысқарады.САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ ТӨЛҚҰЖАТЫ
1 наурызда «Салық төлеуші төлқұжаты» деген ұғым қолданысқа енеді. Бұл арқылы тиісті мекемелер тамақтандыру, сауда саласында істейтін кәсіпкердің төлеген салығын бақылай алады. Төлқұжат QR код түрінде жасалып, касса аппаратының жанына қойылады.САЛЫҚ АРТАДЫ
1 қаңтардан бастап ірі интернет компанияларға салық салынады. Тізімде Facebook, Amazon, Apple, Google, Netflix cияқты қазақстандықтарға қызмет пен тауарын сататын компаниялар бар. Қосымша құн салығының мөлшері – 12 пайыз. Қазақстанның Экономика министрі «бұл өзгеріс ел бюджетіне 2 миллиард теңге әкеледі» деп күтеді. Ірі интернет компаниялардан бұл заңға қатысты әлі жауап жоқ.МОБИЛЬДІ ТӨЛЕМДЕР БАҚЫЛАНАДЫ
1 наурыздан бастап банктер бір жыл ішінде белгілі бір шотқа мобильді төлемдер арқылы түскен қаражат туралы мәліметті салық органдарына беруі тиіс. Ал кәсіпкерлердің шотына түскен ақша туралы мәліметті ай сайын өткізеді. Алдағы жылдары жеке тұлғалар бойынша да дәл осындай есеп жасамақ. Бұл есеп салық органдарына 2025 жылдан бастап беріледі.ШЕТЕЛДІК ВАКЦИНА АҚЫЛЫ БОЛАДЫ
2022 жылдың бірінші жартысында 9 миллион адам коронавирусқа қарсы қайта вакцина алуы тиіс. Одан бөлек, былтыр күзде Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап шетелдік екпелер ақылы болатынын ескертті. Тек Қазақстанда жасалған QazVac пен Қарағандыда өндірілетін ресейлік «Спутник V»-ді тегін салдыруға болады. Бұдан бөлек, қазір Қазақстанда Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген VeroCell екпесі, сонымен бірге Қытайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі және Америка мен Германия бірігіп жасаған Pfizer/BioNTech вакцинасы бар. Бұл екпелердің бағасы қанша болатыны әзірге белгісіз.ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ҚАЗАҚША ЖАЗЫЛАДЫ
2021 жылғы 29 желтоқсанда күшіне енген жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік мекемелердің маңдайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады. Ал мемлекеттік емес мекемелердің маңдайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде жазылады. Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерде өзгеше көрсетілмесе, жол белгілеріндегі жазулар мемлекеттік тілде болады.ТУРИСТІК АЛЫМ ЕНГІЗІЛЕДІ
Биылдан бастап Қазақстанға саяхаттап келген шетелдіктерден туристік алым алу ережесі енгізіледі. Яғни, хостел, қонақжай, жалдамалы тұрғынжайды қоспағанда туристерді қабылдайтын басқа орындарға келген шетелдік әр қонған күні үшін ақша төлеуі тиіс. Операторлар туристік алымды жергілікті бюджетке жібереді. Дегенмен биыл бұл алымның көлемі 0 пайыз болады да, келер жылдан бастап ұлғаяды.МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ТӨЛЕМІНІҢ ҚҰНЫ ӨСПЕК
Елімізде медициналық сақтандыру төлемінің құны өседі. Бұл өсім басқа көрсеткіштер сияқты, ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты. Есептеулерге сүйенсек, жалдамалы қызметкер үшін жұмыс беруші оның жалақысының 3%-ын төлейді, бірақ ол 18 000 теңгеден аспайды. Жұмыскерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер өздері үшін табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және өз бетінше жұмыс істейтін тұлғалар 4 200 теңге белгіленген сомасын төлейді.МАЙНЕРЛЕР САЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ
Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнинг үшін салық төленеді. Енді Қазақстанда жұмыс істейтін майнерлер тұтынған әрбір 1 киловатт сағат электр энергиясы үшін 1 теңге төлеуі керек. Бұл өзгерістер республиканың Салық кодексіне енгізілген өзгерістерде қарастырылған. Сарапшылардың пікірінше, жаңа салық цифрлық майнингті көлеңкелі бизнестен шығарады.ІСТЕН ШЫҚҚАН КӨЛІКТЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ
Істен шыққан көлік құралдарын жоюға қабылдау қайта басталады. Көлік қабылдаудың электрон кезегі ашылып, өңірдегі 18 бекет жұмысын бастайды. Істен шыққан көлік құралын өткізгені үшін 2022 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгеруіне байланысты, көлік санаты мен жиынтығына байланысты 165 402 теңгеден бастап 606 474 теңгеге дейінгі аралықта ақшалай өтемақы беріледі. Кейін қабылданған техниканың бәрі Қарағанды зауытына кәдеге жаратуға жіберіледі. Утилизациялық алым артады. Базалық ставканың мөлшері 153 150 теңге деңгейінде белгіленді. Мәселен, жеңіл автокөлік үшін (қозғалтқыш көлемі 1 000 см3) утилизациялық алым 459 450 теңге болады.ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДАН ШЫҒАДЫ
Бірер санаттағы дәрі-дәрмек қана мемлекеттік реттеуде қалады. Тізім бірыңғай дистрибьютор емдеу үшін сатып алатын дәрі-дәрмектерден тұрады. Бұлар – біріншіден, кепілдендірілген медициналық тегін көмектің (ТМККК) және МӘМС аясында сатып алынатындар, екіншіден әлеуметтік мәні бар аурулар, үшіншіден онкологиялық науқастар, төртіншіден орфандық аурулар, бесіншіден коронавирус инфекциясы (Ерекше тәртіп) мақсатында қажетті препараттар. Қалған дәрі-дәрмектердің бағасын 2022 жылдан 2026 жылға дейін үш кезеңде босату жоспарланған. 1-кезеңде – 2022-2023 жылдар аралығында бірден 2 551 дәрілік заттың бағасы еркіне жіберіледі. Бұл қарапайым ауруларды емдеуге бағытталған гомеопатиялық дәрі-дәрмектер, диеталық қоспалар, дәрумендер мен дәрі-дәрмектер. 2-кезеңде – 2023-2025 жылдары рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер ілігеді. 3-кезеңде – 2025-2026 жылдары мемлекеттік реттеуде қалатындарды қоспағанда, қалған препараттар тегіс «баға шектеуден» құтылады. Бұл дәрілер бағасының күрт қымбаттауына соқтыруы әбден мүмкін.ӘУЕ БИЛЕТТЕРІ АРЗАНДАЙДЫ
Биыл ұшақпен ұшу бағыттарын белгілі бір деңгейде мемлекет қаржыландырады. Республикалық бюджеттен субсидияланатын 23 әуе бағыты бойынша байқау өтті. Атап айтқанда, Түркістанға 10 әуе бағыты, Көкшетау, Петропавл қалаларына 3 әуе бағыттан, Балқаш, Үржар және Үшарал қалаларына 2 әуе бағыттары бойынша болды. 2022 жылы осы әуе бағыттар бойынша ұшуларды орындауға тасымалдаушылар ретінде SCAT, Qazaq Air және «Южное небо» әуекомпаниялары анықталды. Әуе билет құны 9 мыңнан 25 мың теңге аралығында болмақ.