Барыс жылындағы басты бәсекелер
Барыс жылындағы басты бәсекелер
Биыл қазақстандық спортшыларды бірнеше халықаралық маңызды спорт жарысы күтіп тұр. Біз үшін барыс жылының басты додасы таяуда басталатын Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары болмақ. Қазіргі кезде Қытай астанасы Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпия ойындарына әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Бұл байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы ең көп құраммен қатысуы мүмкін. Қазақстан ұлттық құрама­сының спортшылары 60 жол­дамаға иелік еткен. Негізгі квота қаңтар айын­дағы жарыстарда үлестірілетінін ескерсек, Олимпиадаға дейін бұл көрсеткіш әлі де өседі.

Қысқы Олимпиада ойындары қыр астында

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) Халықаралық қатынастар депар­таменті­нің директоры Әлімжан Ақаевтың айтуынша, қазақстандық спортшылар Бей­жіңде сәтті өнер көрсетуге дайын. ҰОК өкілі атап өткендей, дәл қазір қазақстандықтар лицензия алған спорт түрлері қатарында шаң­ғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғысы, шорт-трек және конькимен жүгіру бәсекесі бар. Биатлон спорты бойынша 4-5 өкіліміз Олимпиадаға баруы мүмкін. Жанкүйерлер шорт-трекші жігіттерден зор үміт күтеді. Коньки жарысына шыға­тын қыз-жігіттер де  тәжірибелі спортшылар. Олардың өз мүмкіндіктерін көрсететін кезі келді. Ұлттық Олимпиада комитеті лицензия тұрғысынан Пхенчхандағы жетістікті қайта­лауға мүмкіндігіміз жетеді деп есептейді. – Пхенчхан Олимпиадасына 91 лицензия жеңіп алған 46 спортшы қатысты. Қазір «Бейжіңге 48 спортшы барады, олар 95 лицензия ұтып алады» деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде 60 лицензияға ие болғанымызбен, оны әлі де бекіту қажет. Яғни, спортшылар жарыс­тарға қатысып, лицензияға лайық екенін дәлелдеуі тиіс, – дейді ҰОК спорт дирек­циясының директоры Елсияр Қанағатов. Оның айтуынша, 2022 жылдың 16 қаң­тарында Олимпиадаға қатысатын спортшы­лардың аты-жөні толық белгілі болады. Биыл қысқы спорт түрлерінің дайындығы үшін 2,9 млрд теңге бөлінген. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда әжептәуір көп қаражат. Дәл қазіргі сәтте әлемдегі үздік ондықтың қатарына кіретін 10 спортшымыз бар. Соның ішінде Юлия Галышеваны ерекше атап өтуге болады. Әрине, медаль алудан үмітті спортшылар тізімі тек Юлиямен шектелмейді. Конькиші, шорт-трекші қыз-жігіттерден де спорт жанкүйерлері жүлде күтеді. Қысқы Олимпия ойындарының тарихына көз жүгіртер болсақ, еліміз тəуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері Олимпиадаға тұ­рақты түрде қатысып келеді. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері биыл қысқы Олим­пиадаға сегізінші рет қатыспақ. Бұған дейінгі жеті Олимпия ойындарында ел спортшылары сегіз медаль жеңіп алған. Бейжіңде сол жетіс­тігімізді жаңартуға, нәтижемізді жақсартуға керемет мүмкіндік туып тұр.

Еуропа чемпионатында бақ сынаймыз

Нидерландта өтетін футзалдан Еуропа чемпионатына Қазақстан құрамасы дайын­дықты бастап кетті. Күні кеше Рикардо Кака бастаған жаттықтырушылар штабы 2022 жыл­ғы Еуропа чемпионатына қатысатын ойын­шылардың тізімін жариялаған болатын. Құрама ойыншылары Нұр-Сұлтанда бас қосты. Оқу-жаттығу жиынынан соң нақты тізімге 14 ойыншы енеді. Еуропа чемпионаты 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Нидерландта өтеді. Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Словения, Финляндия және Италиямен сынға түседі.

Ұлттық құрама Ұлттар лигасына қатысады

Швейцарияның Монтре қаласында UEFA Ұлттар лигасының 2022-2023 жылғы жеребесі тартылды. Құрлықтық турнирде құрамамыз С немесе D тобында ойнайды. Іріктеу кезеңіндегі қарсыласымыз – Молдова құрамасы. Алғашқы ойын 24 наурызда Кишиневте, қарымта кездесу 29 наурызда Нұр-Сұлтанда өтеді. Құрамамыз С дивизионында қалатын болса, 3-топта Словакия, Беларусь, Әзербайжанға қарсылас атанады. Егер D дивизионына түсіп қалса, 1-квартетте Лихтенштейн, Андорра, Латвиямен ойнайды. Ұлттар лигасының топтық кезеңінің ойындары 2022 жылдың маусым және қыркүйек айларына, ал турнирдің финалдық кезеңі 2023 жылдың маусымына жоспарланды.

Аstana Qazaqstan Team жаңа маусымға дайын

2022 жылдан бастап Аstana Qazaqstan Team атанған қазақстандық кәсіби велокоманда осы жылы бірнеше елде жарыс жолына шығады. Қазір жаңа маусымға дайындық және команданы жоғарғы дивизионға тіркеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Испанияның Алтеа қаласын­да өткен маусым алдындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынында Astana Qazaqstan Team көшбасшыларының жарыс бағдар­ламаларын әзірледі. Барлық команда көш­басшылары 2022 жылғы маусымды Еуропада, яғни Испанияда немесе Португалияда өтетін жарыстардан бастайды. Мигель Анхель Лопес, Винченцо Нибали және Давид Де Ла Крус «Джиро д'Италияға» қатысады. Ал Алексей Луценко Нибалимен, Лопес және Джанни Москондармен бірге «Тур де Франс» жарысында бақ сынайды. «Испания Вуэльтасында» командада Давид Де Ла Крус көшбасшы болады. Ел чемпионы Алексей Луценко маусымды бір күндік «Хаэн Параисо Интериор» веложарысынан бастап «Андалусия Вуэльтасы», «Омлууп Хет Ньюзблад», «Париж – Ницца» сайыстары арқылы Сол­түстік классикасына дайындалады. Винченцо Нибали «Валенсия Вуэльтасы» көпкүндігінде тағы да Astana Qazaqstan Team жейдесін киеді. Солтүстік классикалық жарыстарда Джанни Москон команданы басқарады. Ал Давид Де Ла Крус жаңа маусымды «Валенсия Вуэльтасынан» бастап, содан кейін «БАӘ турында» және «Париж Ниццада» сынға түседі.

Елімізде де маңызды жарыстар өтеді

Шет мемлекеттерде ұйымдастырылатын жарыстардан бөлек, Алматыда гандболдан жастар арасындағы (қыздар) Азия біріншілігі өтеді. Бұл туралы Азия гандбол федерациясы хабарлады. Құрлық додасы 25 ақпанда басталып, 6 наурызда аяқталады. Турнирге Оңтүстік Корея, Сирия, Үндістан, Өзбекстан, Қазақстан, Иран, Қытайлық Тайпей және Иран командалары қатысады. Ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Азия чемпионаты өтеді. Құрлық додасы 11-13 ақпанға жоспарланған. Федерацияның мәліметінше, 29 мемлекет Азия чемпионатына қатысатынын ресми түрде растады. Айта кетелік, турнир 27 дисциплина бойынша елордадағы «Қазақстан» жеңіл атлетикалық кешенінде өтеді. Қазірдің өзінде Азия чемпионатына қатысуға 29 мемлекеттің өкілдері ниет білдіріп отыр. Олар QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешенінде осы спорттың 29 түрі бойынша шеберлік байқасады. World Triathlon пен Asia Triathlon 2022 жылдың 23-24 маусымында Нұр-Сұлтанда U23 пен Junior санаттарындағы спортшылар арасында триатлоннан Азия чемпионаты болатынын растады. Астанамыз 2022 Asia Triathlon Junior and U23 Championships Nur-Sultan атты құрлықтық біріншіліктің қатысушыларын алғаш рет қабылдамақ. Бүгінде сайыс және жауапты техникалық делегаттар бекітілді. Бұл халықаралық турнир 2021 жылы болады деп күтілгенімен, тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға және бірқатар елдердегі шектеулерге байланысты болмай қалған еді. Қорыта айтқанда, барыс жылы әлем елдерінде, елімізде көптеген спорттық бәсекелер өтеді. Атап айтқанда, жазда Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Аталған біріншілік 2022 жылдың басты додасының қатарына енді. Алайда әлем жұртшылығы көз тігетін құрлықтық чемпионатқа біздің футболшылар қатыспайды. Дегенмен алда Ұлттар лигасының маңызды ойындары, футзалдан Еуропа чемпионаты секілді доп додалары бар. Одан бөлек, Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары, Жазғы спорт түрлері бойынша әлем чемпионаты, Жазғы спорт түрлері бойынша Азияда, теннистен Дэвис кубогы, өзге де халықаралық турнирлер ұйымдас­тырылады. Осы жарыстардың біразында ел спортшылары бақ сынайды. Саңлақтарымыз байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды көкте желбіреткей.