Шығынға батқан кәсіпкерлер
Шығынға батқан кәсіпкерлер
228
оқылды

Алматыдағы бүлікшілік кезінде қаншама ғимарат өртке оранды. Сауда орындары мен дүкендер тоналды. Бүгінде елдегі бизнес нысандарына келген шығын 93 млрд теңгеден асқан. Алматының өзінде 1 234 бизнес шығынға ұшыраған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаппай тәртіпсіздіктер мен тонау кезінде отандық бизнеске келтірілген залалдың жалпы сомасын есептеп шығарды. Бұл шығын әлі де өсуі мүмкін.

Олардың дерегінше, келтірілген залалдың жалпы сомасы 93,7 миллиард теңгеден асты. Оның ішінде 92,2 миллиард теңге – Алматы кәсіпкерлеріне келген шығын. Мысалы, киім-кешек сатумен айналысатын кәсіпкер келіншектің шығыны – 500 мың теңге. Оның сауда орны – Байзақов пен Төле би көшелерінің қиылысында жаңадан ашылған он шақты павильонның бірі.  «Бутигімді тонап кеткенін естідім, бірақ шығуға қорықтым» дейді Светлана. Өзі Қаскеленде тұрады екен. – Оқиғаның басы-қасында болмадым. Тауарларымды алуға 6-сы күні бір-ақ бардым. Жалпы шығын – 500 мыңдай. Сонда бутигі бар басқа қыздар өз тауарларын бір күн бұрын алып кеткен.  Олардың айтуынша, есік айқара ашық болған. Есіктің құлпын балтамен бұзып кірген секілді. Бутигім базардың кіреберісіндегі оң жағында орналасқан. Негізінен, бас киімдер сатамын. Соның біразын алып кетіпті, –  дейді Светлана. Ал Алматыдағы Мұқағали Мақатаев 73 көшесі мен Панфилов қиылысында орналасқан тағы бір азық-түлік дүкені тоналған. Дүкен иесі Евгений Даировтың айтуынша, қарақшылар дүкенді 5-інен 6-сына қараған түні тонап кеткен.

– Әйнектің бәрін күл-талқан еткен. Кассалық аппарат пен дүкен ішіндегі терминалдарды сындырған. Кассаны сындырып, ішіндегі ақшаны сыпырып әкеткен. Сөрелерді бұзып, сындырған. Дүкеннен азық-түлік емес, бүкіл арақ-шарапты алған. Содан артқы есіктен шығып кеткен. Сынған әйнектерді қосып есептегенде, шығын 600 мың теңгедей, – деді Евгений.

Дүкен иесі бүлінген мүлікті видеоға түсіріп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына есебін берген. Оның ендігі үміті – Үкімет тарапынан жеңілдік көрсетілуі. «Арбат» жақтағы сауда орындардың да біразын қирады. Әсіресе, «Пассаж» сауда орнындағы бутиктер тоналған. Тіпті, сол жердегі саудагерлердің айтуынша,  әкімшілік кабинетке дейін сөрелерін сындырып, құжаттарын шашып, тас-талқан етті.

– Барлық бутиктің әйнегін сындырып, ішіне кіріп, сөрелерін қиратқан. Өздеріне керек заттарын алған. Біздің бутиктен сырткиімдер мен аяқкиімдерді әкеткен. Шығынымыз – шамамен 2 миллион теңге. Келтірілген залал есебін сауда орнының әкімшілігіне көрсеттік. Бірақ оның өтелуі не өтелмеуі белгісіз. Бәрі уақыт еншісінде. Өйткені көрсеткен шығынның фиксациясын сұрап жатыр. Ертең тоналғанға дейінгі видеоны да сұрауы мүмкін. Міне, осындай тырнақ астынан кір іздеушілер де көп, –  дейді саудагер Берік Ахметов.

Ол Үкіметтің шағын кәсіпкерлердің шығынын өтейтініне, қандай да бір жеңілдік жасалады дегенге сенімсіздік білдірді. «Сауда орны тоналғанын естіп, сол жаққа тарттық. Бірақ баруын барып алып, көшеде бір милиция қызметкерін не патрульді көрмедік. Одан сайын үрейіміз қашты. Содан сынған, тоналған дүниемізді көрдік те, аманымызда үйге қайтуға асықтық. Бойдағы үрей әлі кеткен жоқ», – дейді ол.