Төңкерістен соң...
Әдетте төңкеріс, бүлік арқылы билікті тартып алуға ұмтылатындар тұтас елді кері шегіндіріп тастайтынын ескере бермейтіні бар. Мәселен, Қырғыз елінде 2005, 2010 және 2020 жылдары үш рет төңкеріс болды. Алайда бұл төңкерістерден Қырғыз Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарып кетпеді. Қырғыз елі әлі күнге ТМД кеңістігіндегі ең кедей елдердің қатарына кіреді. Көрші мемлекеттің талай азаматы өзге елдерге жұмыс істеуге кетті. 2005 жылы Қырғыз Республикасындағы жұмыссыздар саны 184 мың болса, 2006 жылы 198 мың, 2010 жылы 204 мың, 2011 жылы 212 мыңға жетті. 2019 жылға қарай жұмыссыздар саны біршама азайып, 162,7 мыңға түскенімен, 2020 жылы 700 мыңға бір-ақ шықты. Тіпті, 2010 жылы елдің оңтүстігінде гуманитарлық апат белгілері тіркелген. 2011 жылы БҰҰ Қырғыз елінде 1,4 млн адам азық-түлік тапшылығын сезінгенін анықтаған. Одан бөлек, тауар, электр энергиясы бағасының өсуі, кәсіпкерліктің дамымауы, шетел инвестициясының келмеуі тәрізді қосымша факторлар да болғанын атап өту қажет.Украина миллиардтаған доллар жоғалтты
Әрине, Украинаның аумақтық тұтастығының бұзылуына билікті төңкеріс арқылы басып алуға ұмтылған топ пен сыртқы күштердің бірдей «еңбек сіңіргені» жасырын емес. Ел әлсіреген шақта аумақтық тұтастықты сақтау да қиынға соғатынын 2014 жылғы оқиғалар дәлелдеді. «Майданда» билікке қарсы топтар ұрандатып жүргенде сеператистік пиғылдағылар Қырымды бөліп әкетті де, Донбасс пен Луганск аймақтарындағы пиғылы бөлек топ «бөлінеміз» деп қиғылық салған-ды. Соның салдарынан Украина әлі күнге шешімі табылмаған мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Ал қаржылық шығын шаш етектен. Айталық, 2018 жылы Атлантикалық кеңестің Еуразиялық орталығы қызметкері Андерас Ослунд 4 жыл ішінде Украина Донбастағы қақтығыстар мен Қырымның Ресейге қосылуының салдарынан 100 миллиард доллар шамасында шығын көргенін жазды. Өйткені төңкеріске дейін Донбастың Украина экономикасындағы үлесі 10 пайыз болса, Қырымдікі 3,7 пайыз еді. Ал Халықаралық валюта қоры Украинаның жалпы ішкі өнім көлемін 2013 жылы 179,6 млрд долларға бағалаған. Демек, Донбасс пен Қырымның шығыны 98,4 млрд доллар болса керек. Ал Украинаның әділет министрі Павел Петренко тек Қырымнан айырылу оның 6 жыл ішінде ел қазынасына әкелетін табысын есептемегеннің өзінде 83,7 миллиард доллар болғанын айтты.Түркияда не болып еді?
2016 жылдың 15 шілдесінде Түркияда бір топ әскерилер мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғаны бар. Әрине, оны ұйымдастырушыларға қатысты түрлі конспирологиялық болжам жиі айтылады. Алайда төңкеріс жасауға ұмтылыс болған күндердің өзінде-ақ Түркияның экономикалық шығыны 14 миллиард доллар болғаны айтылады. Бұл деректі сол кезде Түркия кеден және сауда министрі қызметін атқарған Бүлент Түфекчи айтқан еді. Ал Ыстанбұл университетінің профессоры Сефер Шенер төңкеріс жасауға ұмтылғандардың әрекетінің салдарынан 2014-2020 жылдары Түркия экономикасы 350 млрд доллар зардап шеккенін айтады. Мұнша көлемдегі зардап төңкеріс жасауға ұмтылыстың тікелей материалдық зияны ғана емес, елдің халықаралық беделінің түсуі, инвесторлардың тартынуы, инфляция тәрізді көптеген факторға байланысты екені даусыз. Яғни, дүрбелеңнің кері әсері. Ал тура дүрбелең кезінде Түркия 240 азаматынан айырылған болатын. Одан бөлек, кейін төңкеріс жасаушыларға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тұтқындалғандар, тергелгендер, қызметінен қуылғандар тағы бар. Әдетте ел ішіндегі саяси дүрбелеңнен кейін орта және төмен шенді шенеуніктердің қызметін асыра пайдаланып қалуға ұмтылатын сәттері кездесіп қалатынын ескерсек, «қосақ арасында бос кеткендер» де болғаны анық. Айтпақшы, еліміздегі оқиғалар мен 2016 жылы Түркияда, 2014 жылы Украинада болған жағдайды салыстырғанда бірқатар ұқсас жайтты байқаймыз. Айталық, Түркияда да, елімізде де дүрбелең кезінде қаскөйлер бірнеше жауынгер немесе полиция қызметкерінің басын кесіп тастағаны жайлы ақпарат тарады. Түркиядағы оқиғаның өтірік екені белгілі болды. Онда төңкеріс жасауға ұмтылған офицерлердің бұйрығын орындаған әскерлерді билікті жақтаушылар өлтіргені айтылған еді. Алайда Қазақстанда екі полция қызметкерінің басы кесілгені жайлы дерек бар. Түркия жағдайында билікке наразы топтар Таяу Шығыстағы радикал топтардың мүшелері ел ішіне еніп кеткенін көрсеткісі келсе, өкінішке қарай Қазақстанда халықты қорқытып-үркітудің ең үрейлі амалын қолданатындар іс жүзінде бар сияқты. Дегенмен оқиғаның мән-жайын тергеу органдары анықтайтыны сөзсіз. Ал Украинамен ұқсастыққа келсек, мерген-снайперлердің дүрбелең кезінде бейбіт тұрғындарға, полиция мен Ұлттық ұлан жауынгерлеріне оқ атуы. 2014 жылы Киевте де мергендердің оқ атқаны расталған еді. Қазақстанда да сол әдіс қолданылды. Алайда тергеу аяқталмай тұрып қайдан келген, қандай снайперлер екенін айту қиын. Одан бөлек, әкімшілік ғимараттарды басып алуды көздеген әрекеттер де көптеген елде қайталанған тәсіл.Терроризм – бұқараны үрейлендіру тәсілі
Қалаларымыздағы ғимараттарды қирату, көліктерді өртеу, адам өлтіру Президент Қ.Тоқаев айтқандай, терроризм саналады. Өйткені ереуілді сылтауратып бейкүнә жандарды қорқытып, дүние-мүлкін қирату терроризмнің негізгі тәсілдерінің бірі. Айталық, НАТО мамандары терроризм деп «саяси, діни және идеологиялық мақсаттарға жету үшін қандай да бір күш пен зорлық-зомбылықты билік пен қоғамды қорқытуға немесе белгілі бір қадамдарға мәжбүрлеуге бағыттап, адамдардың жеке басына, дүние-мүлкіне қарсы пайдалану» амалын айтады. 2002 жылы НАТО сарапшылары осындай уәжге тоқталыпты. Яғни, терроризм дегеніңіз медиадан оқып жүргендей, бет-ауызын тұмшалап, қаруларын шошаңдатып жүретіндердің әрекетімен ғана өлшенбейді. Әрі бүгінгі ғылымда терроризмнің ел ішіндегі, халықаралық, мемлекеттік, этникалық, кибер терроризм тәрізді көптеген түрге бөліп сипатталатыны бар. Демек, арандату тәсіліне жүгініп, қоғамды үрейлендіру, азаматтардың дүние-мүлкін қирату, сөйтіп көздеген мақсатына қол жеткізу терроризмнің дәл өзі. Өкініштісі, қазақстандықтар, тіпті әлемнің көптеген елінің азаматтары терроризмді тек діни немесе саяси топтармен байланыстырады да, олар міндетті түрде талап қоюы тиіс деген ой түйеді. Талап болмағанның өзінде терактіні қандайда бір топ мойнына алуы қажет деген стереотип те бар. Алайда орта ғасырларда түрлі қастандық ұйымдастырумен аты шыққан ассасиндер де, ХІХ ғасырда террорды саяси амал ретінде пайдаланғандар да, «қызыл террор» ұйымдастырған коммунистер мен тұтас Еуропаны дірілдеткен фашистер де, өзге саяси топтар да қандай да бір істі мойнына алмайтын. Террорлық топтардың белгілі бір дүрбелеңді жасағаны туралы мәлімдеме жасай бастаған тұсы өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап «сәнге» айналды. Ал терроризмді мақсатқа жету жолындағы құралдардың бірі ретінде ғана бағалайтын топтар кейде «біз жасадық» демеуі мүмкін. Егер оны ел ішіндегі күштер ұйымдастырған болса, жауаптылар мейлінше тасада қалуға тырысады.Олар ұзақ даярланды
Айтпақшы, азаматтардың наразылық шеруін бас пайдасына жаратып, төңкеріс жасауға ұмтылғандар ұзақ уақыт даярланғанын байқаймыз. Оны Президент Қ.Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларының онлайн басқосуында да айтты. Біздің пайымдауымызша, «ұйқыдағы ұяшықтар» деп аталатын топтар көптеген қалада болған тәрізді. Олар құқық қорғаушыларға күші жетпейтін жағдайда қашып, бой тасалап кетуге мүмкіндік беретін аймақтарды пайдалануға тырысқан. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласында митингке шыққандардың ең көбі Есілдің оң жағалауындағы қаланың шет аймақтарына іргелес жатқан аудандарда болды. Алматыда да солай. Яғни, дүрбелеңді бастауға ниет еткендер түрлі тәсілмен бұқараның сондай жерлерде бас қосуына мүдделі болғаны байқалады. Сөйтіп, арандатуға ұмтылған сыңайлы. Мұндай тәсіл жаппай тәртіпсіздік пен мародерлікті бастап беруге қолайлы амал саналады. Мәселен, 2005 жылы Парижде ереуілшілер алдымен шет аймақтарда жиналып, соңы жаппай мародерлік жасаған. Әдетте мародерлік пен бұзақылық түрлі деңгейдегі ереуілдерде, барша мойындайтын жетекшісі немесе жауапты ұйымдары жоқ наразылық шараларында кездесіп тұрады. Ал Қазақстандағы оқиғаларда мемлекеттік мекемелерге мақсатты түрде шабуыл қарастырылған, құқық қорғау қызметкерлерінің назарын басқа жаққа бұрып, нақты көздегені өзге нысан болғаны бірден көзге түседі. Мұнда айқайға сүрең қосатын қатардағы көп арандатудың бірі емес, кәсіби, арнайы дайындықтан өткен үйлестірушілері бар жүйелі амал қолданылды. Кәдімгі төңкеріс жасау амалдары байқалды. Сонау В.Ленин заманынан бері төңкерістің классикалық тәсілі саналатын медиа ресурстарға қол жеткізу, байланыс мүмкіндігін пайдалану амалдары да қолданылғанға ұқсайды. Тіпті, бақылау камераларын қирату да алдын ала ойластырылса керек.P.S.
Айтпақшы, «аран» дегеннің өзі ертеде жолбарыс аулағанда қамыстың ұшын арнайы үшкірлеп қиып, даярлап қоятын тәсілдің атауы. Аңшылар жолбарысты аранға қуып, істіктей қамысқа шаншылық қалуға мәжбүрлейді екен. Одан соң жолбарыстың қалі белгілі, ал аңшыларға еш қауіп төнбейді. Әйтпесе, жыртқыш арансыз жерде кездессе, аңшыға да зақым келтіруі мүмкін. Сөйткен арандату тәсілі бүгінде саясатта қолданылады әрі тұтас елдің тағдырын өзгертіп, шыңырауға сүйреп кетуі мүмкін.
Амангелді ҚҰРМЕТ