Зардап пен залал
Тәртіптік құрылымдар мен өзге құқықтық органдар мен әскерилер сынды қызметкерлер қаланың әр жерлерінде болып жатқан террорлық әрекеттерге қарсы күресіп жатқан сәтте мегаполис көшелерінде жаппай ұрлау мен ашық тонау бірден белең алып кетті. Осындай «мүмкіндікті» пайдаланғысы келген кейбір тұрғындар әртүрлі жанармай бекеттері мен тұрмыстық техника сататын ірі дүкендерді тапа-тал түсте ашық тонауға кірісті. Мұндайды қазақ «жау жағадан алғанша, бөрі етектен тартады» дейді. Жаппай морадерлік әрекеттер кезінде көп зардап шеккен орындардың бірі – қаладағы түрлі қаржы ұйымдары. Олардың ішінде банк, ломбард пен валюта айырбастау орындары да бар. Мысалы, өз көзімізбен көрген қаладағы Төле би көшесінің бойында орналасқан бірнеше нысанның қираған жағдайын айтуға болады. Мәселен, бір ғана Момышұлы мен Сайын көшелерінің арасында орналасқан екі банк бөлімшесі, 4 ломбард пен бір ақша айырбастау пункті және он шақты төлем қабылдау терминалдары қаңтардың 5-інен 6-сына қараған бір түнде тоналған. Ақша айырбастау орнының өкілі сол күні пункте қомақты қаржы болғанын айтты. Оның сөзінше, 12 мыңдай АҚШ доллары, 5 мыңдай Ресей рублі және бірнеше мың қырғыз бен өзбек валютасымен қоса бірнеше млн теңге болған. Қолды болған қаржының жалпы құны теңгеге шаққанда шамамен 15 миллиондай көрінеді. Қарақшылар тоналған нысандардағы бағалы заттарды алып қана қоймай, нысанның іші-сыртын талқандап, кәсіпкерлерді қосымша шығынға ұшыратқан. Екі банктің де іші мен сыртында тұрған банкоматтарды тонап, өздерін қиратып кетсе, 4 ломбардтың есік-терезесін сындырып, әйнектерін шағып кеткеніне куә болдық. Тағы бір куә болған оқиға – Райымбек пен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы жанармай бекетінің тоналуы. Ұрлық 6 қаңтар күні түстен кейін басталды. Тонаушылардың алғашқы болып келген тобы бекеттегі шағын дүкенді шамалы уақыттың ғана ішінде үптеп үлгерді. Артынан келгендер екі күн бойы арнайы жерастына көмілген алты цистернада сақталған бензинді тып-типыл етіп, тасып кетті.Қалпына қалай келтіреді?
Қала басшылығы мен басқа да жауапты орындар бүлінген бизнес нысандарды қайта қалпына келтіруге жұмыла кірісіп отыр. Оларға түрлі қоғамдық ұйым мен жекелеген тұрғындар да көмекке келді. Алматыдағы тыныс-тіршілікті қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде, соңғы мәлімет бойынша мегаполисте бүлінген ірі азық-түлік супермаркетінің 77-сі өз жұмысын қайта бастады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың соңғы таратқан мәліметінше, Алматының тыныс-тіршілігін біртіндеп қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасты. Әкімнің айтуынша, қаланың барлық аудандарында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін көшеден 200 тоннадан астам қоқыс, ауладан 1 000 тоннадан астам түрлі тұрмыстық қалдық шығарылған. Қиын күндерде қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі үзіліссіз жұмыс істегенін, халықты сумен жабдықтау, кәріз, газбен жабдықтау, жылу қызметтерімен қамтамасыз ету штаттық режимде жүргізілгенін атап өтті. Қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар дәрі-дәрмекпен қамту және тұрғындардың жүріп-тұруы үшін көліктерге қажетті жанармайды қолжетімді қылу да алғашқы кезекке қойылған. Осы орайда жоғарыда айтқан 80-ге жуық супермаркетке қоса 3 ірі азық-түлік базары, 111 дәріхана өз жұмысын атқаруға кіріскен. Олардың үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. 70-ке жуық жанармай құю стансасының жұмысы жолға қойылды. Қалада сұйытылған газ бағасы литріне 70 теңге деп белгіленген. Күні кеше Алматы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар мен ірі кәсіпкерлерді қираған шағын және орта бизнес нысандарын қалпына келтіру үшін қаржылай көмек көрсетіп, әріптестерін қолдауға шақырды. Осы орайда мегаполистегі зардап шеккен бизнесті қайта жандандыру мақсатында «Күшіміз бірлікте» бизнесті қолдау қоры құрылғанын хабарлады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алматылық бизнес өкілдерінің бастамасын қолдаған. Ал қор басшысы Максим Барышев қорға түскен барлық қаражат Алматы қаласы және басқа да аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімімен бөлінетінін мәлімдеді. Олар қорға қаржының түсуі мен бөлінуі ашық болатынына кепілдік беріп отыр. Бұл да қаладағы жаппай бүліншілік кезінде зардап шеккен бизнес нысандардың аяққа қайта тұрып кетуіне өз септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Сонымен қатар түрлі еріктілер жасағының бастамасымен қала тұрғындарынан «Халық жасағы» тобы құрылған. Олар мегаполисте бүліктен аман қалған немесе бүлінгеннен кейін қалпына келтіруді күтіп тұрған нысандарды ерікті түрде күзетіп жүр.Нан бағасы: тұрғындар 450 теңге десе, әкімдік 85 теңге деп отыр
Көптеген орта және шағын бизнес нысандарының бүлінуі бизнес иесіне шығын келуінен бөлек кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттауына әкелмек. Нақты шаралар атқарылып жатқанына қарамастан, мегаполистің кейбір аудандарында азық-түлік, оның ішінде нан бағасы шарықтап кеткен. Күні бүгін қала әкімдігінің БАҚ өкілдеріне арналған әлеуметтік желідегі тобына Медеу ауданында орналасқан шағын дүкендерде нан бағасы 250 теңгеден сатылып жатқаны туралы жазба пайда болды. Артынша тағы бір желі пайдаланушысы, «Нан бағасы біз жақта 350-450 теңге болып жатыр» деген жазба қалдырды. Тіпті, бір әріптесіміз өткен аптаның сенбі күні 10 дана тауық жұмыртқасын 850 теңгеге сатып алғанын жазды. Бірақ бұл деректерге байланысты әкімдік өкілдері әзірге ешқандай нақты жауап жазған жоқ. Олар тек Алматыдағы ірі үш нан зауыты тұрақты режимде жұмыс істеп тұрғаны жайлы ақпарат берумен шектелді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аталған 3 нан комбинаты тәулігіне шамамен 80 тонна әлеуметтік нан шығарып жатыр. Олардың берген мәліметінше, осы өндірілген нанның бағасы бұрынғыша 80-85 теңге деңгейінде сақталып отырған көрінеді. Қорыта келгенде түйгеніміз, ас атасының бағасына қатысты ресми орын берген жауап пен қала ішіндегі дүкендердегі шынайы баға сәйкес келмейтінін байқадық. Светлана ЕРМҰХАМЕТОВА, кәсіпкер: – Оқиғаның басы-қасында болмадым. Тауарларымды алуға 6-сы күні бір-ақ бардым. Жалпы шығын – 500 мыңдай. Сонда бутигі бар басқа қыздар өз тауарларын бір күн бұрын алып кеткен. Олардың айтуынша, есік айқара ашық болған. Есіктің құлпын балтамен бұзып кірген секілді. Бутигім базардың кіреберісіндегі оң жағында орналасқан. Негізінен, бас киімдер сатамын. Соның біразын алып кетіпті. Евгений ДАИРОВ, кәсіпкер: – Әйнектің бәрін күл-талқан еткен. Кассалық аппарат пен дүкен ішіндегі терминалдарды сындырған. Кассаны сындырып, ішіндегі ақшаны сыпырып әкеткен. Сөрелерді бұзып, сындырған. Дүкеннен азық-түлік емес, бүкіл арақ-шарапты алған. Содан артқы есіктен шығып кеткен. Сынған әйнектерді қосып есептегенде, шығын 600 мың теңгедей болды. Берік АХМЕТОВ, кәсіпкер: – Барлық бутиктің әйнегін сындырып, ішіне кіріп, сөрелерін қиратқан. Өздеріне керек заттарын алған. Біздің бутиктен сырткиімдер мен аяқкиімдерді әкеткен. Шығынымыз – шамамен 2 миллион теңге. Келтірілген залал есебін сауда орнының әкімшілігіне көрсеттік. Бірақ оның өтелуі не өтелмеуі белгісіз. Бәрі уақыт еншісінде. Өйткені көрсеткен шығынның фиксациясын сұрап жатыр. Ертең тоналғанға дейінгі видеоны да сұрауы мүмкін. Міне, осындай тырнақ астынан кір іздеушілер де көп. Сауда орны тоналғанын естіп, сол жаққа тарттық. Бірақ баруын барып алып, көшеде бір полиция қызметкерін не патрульді көрмедік. Одан сайын үрейіміз қашты. Содан сынған, тоналған дүниемізді көрдік те, аманымызда үйге қайтуға асықтық. Бойдағы үрей әлі кеткен жоқ.Алматы қаласы