Мәжілістің бюро отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміз үшін күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық шешімі мен батыл қадамдары бірегей және уақытылы екенін атап өтті. Бюро отырысы Президенттің 10 қаңтарда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялануына орай бір минуттық үнсіздікпен басталды. Нұрлан Нығматулин депутаттық корпус атынан еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Мәжіліс Төрағасы депутаттар бірінші күннен бастап оқиға орындарында, алаңдарда халықпен бірге жүргенін, Үкіметтік комиссиямен бірге жұмыс істегеніне тоқталды. Сонымен қатар барлық депутат аймақтарымен тұрақты байланыста болғанын атап өтті. – Бүгін еліміз үшін, халқымыз үшін қиын сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы күндері қабылдаған әрбір шешімі, әрбір қадамы ел тағдырын қорғауға және сақтауға бағытталған. Сондықтан бірінші күннен бастап Парламент Мәжілісі Президенттің барлық бастамасына жан-жақты қолдау көрсете отырып, заң деңгейінде нақты жұмыс жасап жатыр, – деді Палата Спикері. Отырыс барысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылық туралы, кинематография және мәдениет мәселелері бойынша, тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ Палата комитеттері жұмысқа алатын құжаттардың қатарында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бар. Сонымен қатар Палата депутаттары бірқатар ратификациялық заң жобасын жұмысқа алды. Олар: толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы, Қазақстан мен Түркі академиясына байланысты келісім және БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциялары.