Еліміздің бірқатар өңірінде болған жаппай тәртіпсіздік, лаңкестік әрекет Шымкент қаласында да екі күн бойы жалғасты. Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шеруге үн қосқан шымкенттік 300-ге жуық шеруші 4 қаңтар күні кешкі 8-9 шамасында Шымкент қаласының әл-Фараби атындағы орталық алаңына жиналған. Дәл осы уақытта Нұрсәт шағынауданында орналасқан әкімшілік іскерлік орталығында 200-ден аса азамат наразылыққа шықты. Әл-Фараби алаңындағы ереуілшілер түнгі сағат 1 шамасында Нұрсәттегі әкімшілік іскерлік орталығына жаяулатып бет алды. Көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолдар жабылды. Олардың қатары сәт сайын көбейіп, мыңдаған азаматпен толыққан. Билікке қояр нақты талап-тілегі жоқ басбұзарлар алғашқы күні іскерлік орталығы аймағындағы ғимараттарға тас атып, әкімдік алдындағы көліктердің терезелерін сындырып, төңкеріп, аударып кеткен. 16 қабатты қалалық әкімдік ғимаратының 6-қабатына дейін көтеріліп, көз алдына кезіккен дүниені қолдарындағы сойылдарымен соққылап кете берген. Кабинеттердегі компьютерлерді бөлшектеп, басқа да техникалар мен құжаттарды көшеге лақтырып, бүлдірген. Кейбір құнды дүниелерді қолды еткен. Осылайша, Нұрсәт шағынауданындағы әкімдік маңайындағы дүрбелең 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түнімен жалғасты. Түнгі сағат 3-тен өте әскерилердің арнайы құралдар қолданғаннан кейін көмегімен ғана шерушілердің қатары сиреген. Шерушілермен сөйлеспек болған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов соққыға жығылып, ауруханаға түссе, қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Мұрат Әлтаев дене жарақатын алған. Осылайша, содырлар әкімдік ғимаратының ойранын шығарып, айналасындағы көліктерді аударып-төңкеріп, сойқан көріністе қалдырып кетті. Әкімдікке бет алған топ жолай Қаратау аудандық прокуратурасына да тас боратып өткен. Осы күні полиция органдарының 59 қызметтік көлігін зақымдап, аударып, біреуін өртеп кетсе, ертесінде түнде болған сойқан одан да сорақы еді. 10 мыңға жуық бүлікші әкімдікке тағы жиналып, әлгі көліктерге от қояды. Полицейдің 59 көлігі мен 5 әкімдікке қарасты және жолаушылар автобусы отқа оранады. Әкімдік маңайындағы «Түркістан» сарайына, Ж.Шанин атындағы драма театрына әртүрлі деңгейде зиян келсе, содырлар «Метро» сауда орталығына басып кіріп, барлық спирттік ішімдіктер мен энергетикалық сусындарды алып кеткен. Сауда орталығының ішін қиратып, екі жерде өрт шығару әрекетіне барған және банкоматтар тоналған. Бәрінен бұрын «Көрме» орталығына өрт қойып, күлін көкке ұшырғаны жанға батады. 2013 жылы заманауи үлгіде бой көтерген «Көрме» орталығында талай шара өткен еді. 2 600 шаршы метрді алып жатқан алып нысан екі қабаттан тұратын, заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Еуропалық үлгімен салынған орталықта көрме және конференц залдары, іскерлік залдар, сондай-ақ қызметкерлерге арналған бірнеше кеңсе бөлмесі бар еді. Олардың барлығы да жоғары талғаммен безендірілген-ді. Ауыл шаруашылығының техникалары, отандық өнімдер, кілем жәрмеңкелері, конференциялар сияқты талай іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне себепші болған «Көрме» орталығы мүлдем жоқ десе де болады. Енді оның қаңқасының бұзылып, қайта басынан салынатыны не болмаса ол жердің басқа мақсатқа пайдаланылатыны әлі белгісіз. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұхан ол мәселелер бағалау барысында белгілі болатынын айтады. Одан бөлек, жаппай тәртіпсіздік кезінде Шымкент қаласы әкімінің аппараты, әл-Фараби атындағы кітапхана, Қаратау аудандық прокуратурасы, «Nur Otan» партиясы филиалының ғимараты және 10 кәсіпкерлік нысанға (BI group сату бөлімі мен арнайы техникасына, «Meтро» сауда орталығы, T-bus автобусы, «Бақыт» СҮ, «Додо пицца», «Тез.маркет», ұялы телефон бұйымдары дүкені, кондитер өнімдері, Халық және Каспи банктерінің банкоматы, «Актив Ломбард») түрлі деңгейде зиян келген. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бейбіт шеруден басталып, бұзақылыққа жалғасқан көтерілісте 45 тәртіп сақшысы жарақат алғанын мәлімдеді. Төртеуінің жағдайы ауыр. Алайда әзірге қақтығыс кезінде 16 адамның көз жұмғаны белгілі болды. Көз жұмғандар арасында полиция мен әскери күш қызметкерлері жоқ. Медицина көмегіне жүгінгендер әлі де нақтыланып жатыр. Кейбір дереккөздер Шымкентте жаппай бүлік кезінде ұсталғандар өздеріне ақша берілгенін айтады. Сонымен қатар олар энергетикалық сусыннан соң естерін жоғалтқан. Бүгінде Шымкентте лаңкестік және жаппай тәртіпсіздік әрекеттерін жасады деген күдікпен 500-ден аса азамат ұсталған. Олардың ішінде 155-не әкімшілік, 50-не қылмыстық іс қозғалған. Қала әкімі М.Әйтенов журналистерге берген сұхбатында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылардың 40-50 пайызы шымкенттіктер болса, қалғаны республикамыздың өзге өңірлерінен келгені анықталғанын атап өтті. Мәдени нысандар мен шағын бизнеске келтірілген шығын көлемі анықталып жатқанын, 10 күнде белгілі болып, Үкіметте құрылған арнайы комиссияға ұсынылатынын да жеткізді. Сондай-ақ қала басшысы өткен жылы қалаға қойылған бейнекамералар бұзақыларды ұстауға үлкен көмегін тигізіп жатқанын тілге тиек етті. Заманауи камералар олардың түр-тұлғасын анықтап берген. Жалпы, 6 қаңтар күні Шымкент қалыпты тіршілігін бастады. Арнайы құрылған жедел штаб күшейтілген тәртіпте жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінде қалада тыныштық орнады. Қоғамдық көліктер өз бағыттары бойынша жұмысын жалғастырған. Шымкент халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалы қалыпты режимде жұмысын атқарып жатыр. Айта кетейік, Шымкентте ереуілге қатысқан бұзақыларды ұстау әрекеттері кезінде блок-бекетте 7 мың автокөлік тексеріліп, 8 азамат ұсталған. Олардан қару-жарақ пен оқ-дәрілер, телефондар тәркіленген. Шымкент қалалық Полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, осы уақытқа дейін 2 716 азамат полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Шымкент қаласы