Үздік бапкер жүлдесіне үміткер
Futsalplanet Awards 2021 жүлдесінде «Ерлер құрамасының үздік бапкері» номинациясына үміткерлер тізімі жарияланды. Үміткерлер қатарында Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака да бар. Ол жаттықтырған Қазақстан құрамасы 2021 жылы әлем чемпионатының жартылай финалына жетіп, 2022 жылғы Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алды. Димитрий Николау атындағы жүлдеге үміткерлер тізіміне Какадан бөлек Баходир Ахмедов (Өзбекстан), Мариан Берки (Словакия), Бруно Гарсия (Жапония), Хишам Дгуиг (Марокко), Фредди Мигель Гонсалес (Венесуэла), Жорже Браз (Португалия), Иво Крезо (Босния және Герцеговина), Матиас Лукуикс (Аргентина) пен Сейед Мохаммад Наземашари (Иран) енді.Әлем кубогі кезеңінде бесінші
Канаданың Тремблант аймағында фристайл-могулдан әлем кубогі кезеңі мәресіне жетті. Аталған сында қазақстандық спортшы бесінші болды. Ерлер арасында финалда Қазақстан құрамасынан Павел Колмаков сынға түсті. Жарыс нәтижесі бойынша ол 76,86 ұпай жинады. Канадалық Майкл Кингсбери әлем кубогі кезеңінде топ жарса, швециялық Уолтер Уолберг екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті жапониялық Икума Хоришима түйіндеді.Әлемдік рейтингте 13-орынға көтерілді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте бір саты жоғарылады. 22 жастағы спортшы WTA рейтингінде 13-орынға көтерілді. Осылайша, ол бұрынғы бірінші ракетка Наоми Осаканы артта қалдырды. Рейтинг көшін аустралиялық Эшли Барти (8 051) бастап тұр. Одан кейін үздік үштікте беларус Арина Соболенка (6 351) және испаниялық Габринье Мугуруса (5 635) жайғасты. Еске салайық, Рыбакина мен Барти Аустралияның Аделаидасында өткен WTA 500 турнирінде кездесіп, екі сеттің қорытындысы бойынша (3:6, 2:6) Барти жеңіске жетті. Дегенмен 2022 жылы Рыбакина қатарынан төрт матчта ұтты. Жерлесімізден жеңілгендердің қатарында аустралиялық Сторм Сандерс (6:4, 1:6, 6:1), чехиялық Мария Боузкова (6:3, 6:4), АҚШ өкілі Шелби Ролджерс (3:6, 6:3, 6:2) және жапониялық Мисаки Дои (6:4, 6:3) бар.А.ЖАСАНҰЛЫ