Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Соңғы тәулікте коронавирусты жұқтырғандар 2 мыңға жетті. Індет басталғалы ауырғандардың саны миллионнан асып жығылған. «Қызыл» аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласының қатарына Шымкент қосылды. Әлемде де жағдай мәз емес. «Омикронның» жылдам таралуы жағдайды ушықтырып жіберген. Дәрігер тапшы, ауруханаларда орын жоқ, дәріханаларда дәрі жетіспейді. Елімізде науқастардың басым бөлігі «дельта» штамын жұқтырған. Ал «омикрон» әзірге Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларынан анықталды. Мамандардың айтуынша, «омикрон» штамының көбеюіне байланысты коронавирус жұқтырғандар да артып жатыр. Республикада эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары «қызыл» аймақта. Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары «сары» аймақта. Қалған Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облыстары әзірге «жасыл» аймақта. Мамандар «омикрон» штамы коронавирустың алдыңғы түрлеріне қарағанда жеңіл өтетінін айтып жатыр. Ол тыныс алу жолдарының тек жоғары бөлігіне тарап, әдеттегі өкпе қабынуына әкелмейтін көрінеді. Бірақ қауіптің бәрі жылдам таралуда болып тұр. – Қазір халық жаппай бүліктен соң есеңгіреп қалды. Бар назар қаңтар оқиғасына ауып, карантин талаптары ұмытыла бастады. Бірақ вирустың екпіні басылған жоқ. Әлеуметтік арақашықтық сақтап, бетперде тағу керек. Коронавирус неге өршіп кетті? Себебі халық қарапайым ережелерге салғырт қарайды. «Омикрон» кезінде әлсіздік, жүрек соғысының жиілігі байқалып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Алайда дәм мен иіс сезу жоғалмайды. Басты белгілері: бас ауруы, мұрыннан су ағу, түшкіру, тамақ ауыру және қатты әлсіздік. Аурудан қорғанудың басты жолы – вакцинация», – дейді вирусолог Гүлшара Мырзабекова. Нұр-Сұлтанда індетке шалдыққандарды емдеу үшін барлығы 7 стационар жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 51 реанимациялық төсек қана бос. Оттегі аппараттарында 18 науқас өте ауыр жағдайда жатыр. Ал республика бойынша 23 725 адам коронавируспен күресіп келеді, 188 адамның жағдайы ауыр, 67 науқастың жағдайы тіпті нашар, 47 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
«ОМИКРОН» ӘБІРГЕ САЛЫП ЖАТЫР
Әлемдегі жағдайға тоқталсақ, коронавирустың «омикрон» штамы COVID-19-дың өзге түрлеріне қарағанда жылдам жұғатын болғандықтан, науқастар саны күрт артып, дерт меңдеп барады. Біраз елде ауруханада орын жоқ. ПТР-тест те жетіспей жатыр. Ұлыбритания ауруханаларында бос орын болмағандықтан, жедел жәрдем көліктері сағаттап күтуге мәжбүр. АҚШ-та да дәрігер жетіспей жатыр. «Омикронның» жылдам таралуы жағдайды ушықтырып жіберген. Қазір әрбір төртінші ауруханада кадр тапшылығы байқалады. Осыған байланысты кейбір мекемелер вирус жұқтырған, бірақ ауруы еш белгісіз өтіп жатқан дәрігерлерді жұмысқа шығаруға мәжбүр. Ондай қызметкерлер тек коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдейді. Сонымен қатар біраз қызметкер вакцина салдырмағаны үшін жұмыстан шеттетілген. АҚШ вирус жұқтыру бойынша әлемде қазір бірінші орында тұр. Соңғы мәліметке сәйкес, науқас саны 60 миллионнан асып кеткен. Көбі «омикрон» жұқтырған, бұл тізімде балалар да жетерлік. Ал Қытай билігі Ючжоу қаласында локдаун енгізді. Бейжіңнен оңтүстік-батысқа қарай 700 шақырым жерде орналасқан Ючжоу тұрғындарына қаладан шықпауға бұйрық берілді. Қаланың түрлі бөліктеріне арналған ережелер енгізілді: кейбір бөлігінде халыққа кіруге рұқсат берсе де, шығуға рұқсат жоқ. Ал басқалары екеуіне де рұқсат бермеді. Қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды, тек жедел жәрдем көліктеріне ғана рұқсат бар. Барлық дүкен, ойын-сауық, демалыс орындары жабық. «Күнделікті тұрмысқа арналған тауарлармен қамтамасыз ететін» кәсіпорындар ғана жұмыс істей алады.ВИРУС ТАҒЫ ТҮРЛЕНДІ
Кипрде коронавирустың жаңа түрі тіркелді. Ғалымдар оны «дельта» және «омикрон» штамдарының гибриді деп, «дельтакрон» атауын берген. Әзірге коронавирустың жаңа түрі 25 адамға жұғып үлгеріпті. Жергілікті мамандардың зерттеу нәтижелері халықаралық деректер қорына енді жіберіледі. Сондықтан «дельтакронның» басқа штамдармен салыстырғанда қаншалықты тез жұғатыны туралы нақты мәлімет әзірге жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 бойынша арнайы өкілі Дэвид Набарро болса, алдағы үш айда коронавирусқа қатысты жағдай ушығады деп отыр. «Пандемия аяқталатын кезең жақын, бірақ оған әлі жеткен жоқпыз» деген ол әлем COVID-19-дың тағы бірнеше толқынына тап болады деп болжам жасады. Қорыта айтқанда, арқаны кеңге салуға болмайды. Жоғарыда келтірілген деректер індет басылмай, оның жаңа түрлері пайда болып, тіпті өршіп бара жатқанын көрсетеді. Карантин талаптарының жаппай тәртіпсіздік тасасында қалып қойғаны болмаса, індеттің екпіні басылған жоқ. «Індетке қарсы күресті жалғастыру қажет» деген Президент бұл істі жаңа Үкімет алдындағы міндеттің бірі ретінде айқындап берді. Ал аурудан сақтану, карантин талаптарын сақтау, қоғамдық жауапкершілікті сезіну – әр адамның алдындағы басты міндет.