Алдыңғы аптада «Болашақ» халықаралық стипендиясымен оқып жатқан студенттер шетелдегі оқуларына бара алмай жатқандарын айтып, білім мен денсаулық саласына жауапты министрлікке шағымданған. Айтуларынша, «Спутник V» вакцинасын салдырған студенттерді шетел қабылдамайды. Ал Pfizer екпесі біздің елде тек балаларға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар аналарға ғана рұқсат етілген.
Шетелдегі оқуына бара алмай жатқан студенттер өздерінің ортақ чатында стипендия әкімшілігіне вакцинаға байланысты қиындықтар туып жатқанын, осы ретте бағдарлама әкімшілігі мәселені шешуге көмектесуін сұрап жазған скриншоттары жарияланды. Осы мәселе бойынша студенттер Денсаулық сақтау министрлігіне де екпе алуға мүмкіндік жасауын, оның ішінде ақылы Pfizer вакцинасын алуға көмектесулерін сұрап хат жазған. Өйткені Pfizer екпесін ақылы негізде де алуға мүмкіндік жоқ. Балалар мен жүкті әйелдер ғана тегін ала алады, осы категория толық вакцинадан өтпейінше, стипендиаттарға әзірге рұқсат берілмейді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандық студенттер ресми түрде өтініш жазбағанын жеткізді. «Олардың мәселесін министрлік қарастырып жатыр. Алдын ала ақпарат беріп, студенттерді үміттендіруге де болмайды. Себебі өздеріңіз білесіздер, Pfizer екпесі мемлекеттің ақшасына сатып алынған. Ал біз қыруар ақшаға келген екпені емін-еркін сала алмаймыз. Оның да өз есебі бар. Сол үшін алдымен қандай да бір келісім болғаны дұрыс», – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің мамандары болашақтықтардың басындағы жайттан хабардар болып шықты. Бірақ министрлік өз тарапынан қажетті шаралар қабылдамас бұрын екпеге байланысты мәселе оң шешімін тапқанын күтіп отырған секілді.
Кешіккен тексеріс
Қазір елімізде коронавирусқа қарсы үш вакцина қолжетімді. Олар – «Спутник V», «Синофарм», QazVac.
Қазақстанға алғаш келген Ресейдің «Спутник V» вакцинасы әлемде бірінші болып тіркелгенімен, өндірушілер тиісті сынақтарды өткізбеді деген күдікке ілінген болатын. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Спутник» вакцинасын көктемнен бері тексеріп, шешім қабылдау мерзімін бірнеше рет шегеріп келеді. Соңғы рет ұйым екпеге тексеріс жүргізуді осы жылы қолға алатындарын айтқанымен, әлі де асығатын сыңайы жоқ. Ұйымның тексеріс жүргізуі ұзаққа созылғаны қазақстандық студенттердің де уайымына айналып отыр. Өйткені Қазақстанда екпе салдырғандардың жартысынан астамы «Спутник V» вакцинасын алған. Ал бұл екпені алғандарды бірқатар елдер өз шекарасынан кіргізбейді. Мысалы, АҚШ секілді елдер ресейліктердің вакцинасын алғандарды қабылдауға о баста түбегейлі қарсы болған. Американың ауруларды бақылау және профилактика орталығының ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сенсек, елге кіру тәртібі бойынша вакцинаның I және II компонентін алғандар 14 күннен кейін АҚШ-қа кіре алады делінген. Оның өзінде елге тек ДДСҰ мойындаған вакцина алғандар ғана жіберіледі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев өткен жолы кешігіп жеткен Pfizer вакцинасын ақылы негізде алу бойынша министрлікте нақты алгоритмдер даярланып жатқанын жеткізген. Нақты жұмыстар аяқталған соң БАҚ арқылы халыққа хабарланатынын да айтқан болатын. Тіпті, Pfizer-ді ақылы негізде алуды жақын арада шешкенімен, шетел шекарасынан екпенің екі компонентін алғандарды ғана өткізетіндерін жариялады. Ал ревакцинация (қайта егілу) препараттың бірінші дозасын алған соң, біраз уақыттан кейін енгізіледі. Оның өзі ревакцинация толыққанды вакцина болмағандықтан студенттер ғана емес, ресейлік екпені қабылдаған қазақстандықтардың көбісі өзге елдерге шығуда мәселеге тап болуы мүмкін.
Ал біздің елде Pfizer екпесі неге қолжетімсіз? Өйткені біздің елге кештетіп жеткізілген екпеге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан бізден бұрын қол жеткізген. Әлі күнге дейін Pfizer келмес те еді, кім білсін, әйтеуір Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Проблеманы қысқа уақыттың ішінде шешіп, Pfizer вакцинасын жеткізіп беріңдер» деген Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң былтыр жыл соңында ғана Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілді.
Күніміз қырғызға қарап тұр
Елдегі екпе алуды министрлік шешіп бергенше шетелде оқитын студенттер «Вакцина салдыруға «Болашақ» демеушілік жасамай ма?» деген ұсыныстарын жеткізген. Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрбозоваға қойған сауалдарында студенттер «Вакцинаның екінші компонентін алуға көмектесуді өтінеміз, біздің іс-тәжірибеден өте алмай қалу қаупіміз бар. Стипендианттарға Pfizer мен Қытай вакцинасын алуға «Болашақ» демеушілік жасауына болмай ма?» деген сұрақ қойған. Халықаралық бағдарламалар орталығы президентінің сөзінше, студенттердің өтінішіне орай, тиісті министрлікке хат жолданған. Алайда Pfizer балалар мен жүкті әйелдер толық вакцинадан өтпейінше, стипендианттарға әзірге рұқсат берілмейді. Амалы таусылған кейбір студенттер вакцинаны көрші елдерге барып салдырып, шетелге шығуға мүмкіндік алып жатыр. Қазақстанда әзірге ақылы алуға рұқсат бермей отырған екпені көрші елге барып салдырған Айдос Қазақбаев вакцинаға байланысты АҚШ-қа шыға алмай отырғандарға ақыл-кеңесін айтыпты. Оның сөзінше, ол үшін алдымен көрпеге қарай көсілу керек болады. «Вакцинаны алу үшін Бішкекке бардым. Кез келген емханада салып береді. Шетелге шыға алмай жатқаныңды немесе «Спутник» салдырып, шекара сыртынан аса алмай отырғаныңды түсіндіріп отырудың қажеті жоқ. Тек екінші дозаны Бішкектен алғым келеді деп айтсаңыз болды», – дейді ол. Бірақ Бішкекке барып екпе алуға көпшілігінің қалтасы көтермейді. Бішкекке барып-қайту 130 мың теңгеден көп болмаса, аз болмайды. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасымен кеш жеткізілген Pfizer вакцинасын халықтың арнаулы топ өкілдері ғана салдыра алады.
Көпшілік комиссия шешімін күтіп отыр
Биыл «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетіне оқуға түскен Әлібек Күнес те екпеге байланысты шетелдегі оқуына бара алмай отырғандардың бірі. Оның айтуынша, шетелдегі сабағы биыл қаңтардан басталу керек болған. Бірақ Джордж Вашингтон университеті шетелдік студенттердің оқу бағдарламасына өзгерту енгізіп, сабақ ақпанның ортасына дейін шегерілген. «Сондықтан бізде екпенің жаңа түрін алуға біраз уақыт болды. Былтыр АҚШ үкіметі қазан айында жаңа қаулы шығарып, ол бойынша 8 қарашадан бастап елге кіретін азаматтардың барлығына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен екпені алғандар ғана кіретінін хабарлады. Оның ішінде Спутник вакцинасы жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі желтоқсанда Pfizer вакцинасы туралы бұйрық шығарып, әлем мойындап отырған екпені алу үшін қабылдаған екпемен аралығы кемінде алты ай болу керек деген. Көбіміз вакцинаны тамыз тайында алғандықтан ол категорияға да кірген жоқпыз. Жаңа жылдан кейін ақылы түрде болады дегенімен, АҚШ тағы бір талабын шығарды. Олар вакцинаны салдырғаннан кейін 14 күнде өз елінде, тағы 14 күн сол елде оқшаулауда болу керек екенбіз. Сонда бас-аяғы бір ай уақыт керек. Амал жоқ, уақытымызды есептеп, Pfizer екпесін көрші елдерден іздей бастадық. Ташкент пен Бішкекте Pfizer екпесі тегін салынып жатқанын естіп, сол жақа барып салдырып келдік. Қазақстандық студенттердің көбі солай жасаған екен. Біз де жаңа жылдың алдында сол жақтан екпе алып, бір сағаттың ішінде «бірінші дозаны алдыңыз» деген анықтаманы алдық», – дейді Әлібек Күнес.
Бір ғана АҚШ-тағы сабағына асығып отырған Әлібек секілді оннан астам қазақстандық студент Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан екпе алып келген. Екпенің екінші дозасын осы айдың 18-19-на алуы керек. Бірақ қазіргі жағдайда қазақстандық студенттердің көрші елге баруы да қиындап тұр. «Екінші мәселе – Бішкек пен Ташкенттен алған екпені елдегі Денсаулық сақтау министрлігі мойындап, екінші дозаны тегін болмаса да ақылы түрде алуға көмектессе», – дейді болашақтық студенттер. Оқуына бара алмай жатқандарын бұған дейін де олар Денсаулық сақтау министрлігі мен Халықаралық «Болашақ» бағдарламалар орталығының басшысы қауымдастығына да жеткізіпті. Өткен сенбі күні қауымдастық төтенше жағдайға қарамастан студенттердің талабы бойынша ведомствоаралық хаттаманың қаралғанын жеткізді. «Барлық комиссия мүшелерінің қолы қойылғаннан кейін ғана нақты жауабы айтылады», – деді қауымдастық басшысы Айнұр Қарбозова.