«Бала асырауға ақша жоқ» деп арызданған кейбір аз қамтылған отбасылар мемлекеттен көмек қаржы ала сала, ауқаттыларға арналған қымбат смартфон, Iphone алуға жүгірген. Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев азаматтарды ел қаржысын рәсуа етпей, ұқыппен, ұтымды жұмсауға шақырды.
Мемлекеттен тегін демеуқаржы алу үшін азаматтардың алаяқтыққа баруы жаппай белең алған. Вице-премьердің мәліметінше, еліміз бойынша 75 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өз табыстарын жасырған. Олар заңсыз алған жарты миллиард теңге бюджет қаржысын кері қайтарды. Бірақ бұл шағын бөлігі ғана.
Мәжіліс депутаттарының мәліметінше, АӘК бойынша Қазақстанда жалпы ауқымы 2,4 миллиард теңге артық төленген. Олар бұл мәселені ауыл-аймақтағы кездесулер кезінде тұрғындар көтергенін білдірді. Әр ауданда АӘК-ті артық алған 100-200 адамды табуға болады екен. Бұл әлеуметтік наразылықты тудырып отырған көрінеді. Өйткені көптеген шын мұқтаж адамдар бұл көмекке қол жеткізе алмаған.
Үкімет жетекшісінің орынбасары барлық қазақстандық заңға бағынуы тиіс екеніне екпін түсірді.
– Заң бұзғандар тиісті жауапкершілікке тартылады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кездесті. Біз тексердік, 75 мың отбасы табыстарын жасырып қалған. Бүгінде олар шамамен 500 миллион теңгесін бюджетке қайтарды. Егер отбасы ақшаны өз еркімен қайтарса, онда ешқандай проблема болмайды. Ал егер бас тартса, онда сот арқылы міндеттейтін боламыз, – деп нықтады Б.Сапарбаев.
Бердібек Машбекұлы кедей отбасыларға берілетін әлеуметтік ID картасын енгізуге қатысты пилоттық жоба жайында әңгімеледі.
«Жоба өткен жылы қолға алынды. Жуықта АӘК арнайы ID карта арқылы ғана беріледі. Бүгінде бұл карта жобасы Ақтөбе, Атырау, Павлодар облыстарында және Алматыда іске қосылды. Енді оны Қостанай мен Маңғыстау қалаларында да жүзеге асырамыз. Барлығы әлеуметтік карта арқылы жүргізіледі. Мен Магнум супермаркетіне арнайы соқтым, онда барлық әлеуметтік жиынтық арнайы карта арқылы берілетін болады. Балаларға берілетін ол тауарларды жергілікті атқарушы билік сатып алады. Үкімет қаулысына сәйкес, өнімдер бір көзден алынады. Тауарды сақтаумен тендерде жеңген сауда ұйымы айналысады. Ал жеткізу жергілікті органдарға жүктелген», – деді Б.Сапарбаев.
Ол аз қамтылған отбасыларға көмекті не себепті азық-түлік және басқа да тауармен, жөргек секілді гигиена заттарымен беру шешімі қабылданғанын түсіндірді:
«Біз осының алдында көптеген елдің тәжірибесін зерделедік. Мұндай көмек түрі Еуропа мен Азияның ірі елдерінде бар. Содан ақшалай емес, өніммен беруге ұйғардық. Себебі бұдан бұрын ақшалай төленген АӘК ақшасын бөтен мақсаттарға пайдаланғандар бар: кредитін өтеген, қымбат ұялы телефон сатып алған. Ал біздің мақсатымыз – мемлекет ақшасы балалардың мұқтажына ғана жұмсалуы қажет», – деді ол.
Премьер-Министрдің орынбасары «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» аясында азық-түлік және тұрмыстық химия өнімдері жиынтығын жергілікті әкімдіктер алдағы ақпан айынан беріле бастайтынын хабарлады.
Еркін ЕРДЕН