– Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көңілім толды. Өйткені Мемлекет басшысы халықтың көкірегінде, ел ауызында талай уақыт айтылып жүрген нәрселерді ашық айтып, көтергеніне ризамын. Бұлан былай барлық мәселе тек ашық айтылып, талқыланса екен. Сонымен қатар көтерілген мәселелер тез арада зерделеніп, нақты шешімдер қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта «халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар, осыны ұмытпайық!
Қазір ең басты мәселе – мемлекетіміздің қауіпсіздігі. Көріп отырғанымыздай, өзге елдің қарулы күштеріне жүгініп отырмыз. Бұған мәжбүр болдық, оны түсініп, көзіміз жетіп отыр. Оның үстіне, бейбіт шеруге шыққандарды террористермен араластырмау керек. Себебі лаңкестер мен халыққа қарсы шыққан элементтер қолданылды. Нәтижесінде, он мыңға жуық адам қамауға алынды. Олардың ішіндегі бейбіт шеруге шыққандар да бар шығар. Міне, солар жазаға тартылып кетпесе екен. Ашық сот болуы тиіс. Ал террористерді соттау керек.
Айтылған дүниенің ең ауқымдысы – еліміздің қауіпсіздік органдарының реформасы. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, әскер, полиция толығымен еліміздің тәуелсіздігін қорғауға әрдайым дайын болуы тиіс. Егер әрбір қазақстандық өзінің және отбасының қауіпсіз екенін сезбесе, өзге елге кете бастайды. Алдымен осы мәселені шешкен дұрыс, қалғаны уақытында жөнге келер.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:
Президент елдегі түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды
– Бүгінгі күннің жаңалығы – Мемлекет басшысы алдағы басты міндеттерді жіктеп, Үкімет басшысы тағайындалды. Халық еліміздің жаңаруын күтіп отыр. Осыған орай Президент барлық сала бойынша кемшілігін көрсетіп, түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды. Ал жаңа Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмасын қалай жүзеге асыратынын уақыт көрсетеді. Әрине, айтылған елдегі мәселелер бұған дейін де қозғалып жүр. Бірақ соны шешушілердің күш-жігері болмаған сыңайлы. Президент іске қол түре кірісіп, жігерлі болуды өзінен бастап отыр. Мемлекет басшысының сөзден іске көшу керегін баса айтқаны көңілге үміт ұялатады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев біраз жайт пен кейбір құзырлы органдардың қызметін сынады. Расында, бейбіт шерудің арты жаппай тәртіпсіздікке айналды. Лаңкестік әрекеттің болғанын Президенттің өзі айтты, сонда лаңкестік әрекетке жол беріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, басқа да құзырлы органдар қайда қарады? Тәртіп сақшылары содырлармен күресті, олар қайдан келді? Шекара қызметі қайда? Сан мыңдаған сұрақ. Ендігі мақсат – осыдан сабақ алып, оның қайталануына жол бермеу!
Динара СӘДУАҚАСОВА,
«Жас ұлан» бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымының жетекшісі:
Бейбіт мемлекетте өмір сүргіміз келеді
– Президент өз Үндеуінде түйткілді мәселелерді қозғады. Еліміздің тәуелсіздігін баянды ету бағытында бірқатар реформаны жүзеге асыруды тапсырды. Бұл жаңалықты жасұландықтар ыстық ықыласпен қабылдадық.
Себебі отансүйгіштік тәрбиенің қазір маңызы бәрінен де жоғары болып тұр. Өз Отанын сүйген жастар ғана өз елін көркейте алады. Қазақстандықтар митингке шыққанда өзінің бірлігін және азаматтық сананың өскенін көрсетті. Халық жиналып, талап қоя алатынын көрсетті. Билік те халықпен бейбіт диалог құра алатынын көрдік. Өкініштісі, бейбіт митингтің тәртіпсіздіктерге айналып кеткені. Шынымен, бір түн, бір мезет ішінде біздің тәуелсіз еліміздің егемендігіне қауіп төнді.
Сол кезде елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері жастарымыз полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілікке, көшелерді патрульдеуге, қажет болған жағдайда блок-бекеттерге шығып көмектесіп жүр. Өйткені жасұландықтар негізі 18 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан да бұл жағдайда балаларды волонтерлік қызметтерге тартпаймыз. Бірақ ұйым қызметкерлері барынша көмек көрсетеді. Міне, күні кеше ғана бекетте тұрған адамдарға ыстық шай апарып, донорлық қан тапсырып, қазір республикалық үйлестіру орталығында көмек көрсетіп, өзекті ақпараттарды жинауға қатысып жатырмыз.
Осындайда мемлекетімізге көмек қолын созу – Отанын, елін, жерін сүйетін әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Сыни кезеңдегі Президенттің барлық шешімін қолдаймын. Бәріміз бейбіт мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Енді бұл ахуалдың елімізде қайталанбағанын қалаймын.