Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер телекоммуникациялық нысандарды да басып алуға әрекет жасаған. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақтелеком» компаниялар тобының басшысы Қуанышбек Есекеев жазды. Оның айтуынша, содырлар Алматыда және басқа қалаларда орналасқан кеңселерге бұқаралық коммуникация құралдарын тартып алу үшін шабуыл жасады. Алайда оларға компания қызметкерлері тойтарыс беріп, байланыс жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен. Қарақшылық шабуыл Алматыдағы технологиялық ғимаратқа, Алматы және Талдықорғандағы «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникациялар дирекциясының ғимараттарына, Алматы, Талдықорған, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы KCell және Tele2 кеңселеріне жасалған. «Оқиға кезінде ұялы байланыстың 50-ден аса базалық стансасына зақым келген. Оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лаңкестердің компаниялар тобына келтірген шығынын бағалау 1 миллиард теңгеден асады. Kcell компаниясының Алматы мен Алматы облысындағы 6 дүкенін тонап кеткен. Сонымен қатар компанияның екі үлкен кеңсесіне де шабуыл жасалды», – дейді Қуанышбек Есекеев.