Қазақстан ҰҚШҰ әскерін шығарып салды
Қазақстан ҰҚШҰ әскерін шығарып салды
Фото: days365.ru
249
оқылды

Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды.

Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін елдеріне шығарып салу рәсімінде бір минуттық үнсіздік жарияланды. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының саптық алаңында өткен бітімгершілік контингенттерді шығарып салу рәсіміне ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы генерал-полковник Анатолий Сердюков барлық жеке құрамға батыл шешімдері мен әскери борышын абыроймен орындағаны үшін алғыс айтты. Сонымен бірге қолбасшы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығына көпұлтты бітімгершілік контингентінің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына елдегі жағдайды тұрақтандыруға көмектесу үшін Біріккен бітімгершілік контингентін енгізу туралы өтініш жасаған болатын. Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов олар стратегиялық және басқа да маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз еткенін айтты.
«Бітімгершілік контингент келіп қазақстандық әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері содырларды іздестіру және ұстау бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне кірісе алды», – деді Мұхамеджан Таласов.
Қазақстан Қорғаныс министрінің атынан Ұжымдық бітімгершілік күштері контингентінің әскери қызметшілеріне алғыс білдірілді. Біразы ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» медальдарымен және грамоталармен марапатталды. Достық және әскери ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, конституциялық тәртіпті қалпына келтіру бойынша бауырластық көмек ретінде Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы ел аумағына 2 030 адам мен 250 бірлік әскери техникасын жіберді. Ұйым бойынша одақтастар террористік шабуыл кезінде Қазақстанға қолдау көрсетті. Бітімгерлердің маңызды нысандарды күзетуі Қарулы Күштердің, құқық қорғау органдарының күштері мен құралдарының едәуір бөлігін босатуға және оларды террористерге қарсы күреске жіберуге мүмкіндік берді.