Жангелдин қалай Степановқа айналды?
Заңгер, ардагер Ізгілік Дабаевтың естеліктерінде де Жангелдин туралы жағымды пікірлер айтылады. Ол өз сұхбаттарында: «Жангелдин Торғайға жол түсіп барса, Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы И.Голощекин де сонда жүреді. Әлекең халықпен кездескенде қоймада астық бола тұра, Голощекиннің бергізбегенін айтады. И.Голощекиннің: «Бар астықты есептеп, нормамен береміз» деген сөзіне қарамай, көпшілік жұрттың көзінше: «Совет өкіметін құрған сен емес, мен. Халықты қырайын деп пе едің!» – деп таяқпен салып қалады. Сөйтіп, қамбаны аштырған ғой. Жангелдиннің бұл қылығын кек тұтқан хатшы түрмеге жаптырмақшы болып, Ежов екеуі ол жөнінде материал жинайды. Мұндай жаманат хабарды естісімен ол кісі Мәскеудегі Сталин кабинетінен бір-ақ шығады. Сталин келген қаралау құжаттарының шекесіне: «Товарища Жангелдина не трогать» деп бір-ақ ауыз сөз жазады» деген екен. Жангелдиннің лақап аты Николай Степанов екені рас. (Кей деректерде Степнов деп те жазылады). Қазақты жер шарын аралауға жібермейтін болған соң амалсыз осы фамилияны алуына тура келген. Жангелдинді шоқынған деп айыптайтындар да кездеседі. Ал кей деректерде оның Мәскеуде христиан болуға лайықты емес деп, мектептен шығарып жібергенін жазады. Ол туралы Жангелдиннің өз жазбаларында да жазылған. «Синклит мынадай қаулы қабылдады: «Мәскеу діни академиясы студенті Жангелдин діннен қуылады. Ол Діни академиядан құдайсыз, шайтан жолына түскен және нағыз христиан атына лайық емес ретінде шығарылады» дейді. Академиядан қуылған соң Жангелдин түрлі жұмыстарды атқарған екен. Бірде аш, бірде тоқ болып жүріп, патша өкіметінің қудалауына ұшырай берген соң амалсыз кетуге тура келген. Ауылына да барғысы келмеген. Қалтасында қаражаты да жоқ. Сосын амалсыз шетелге кетуді жол көрген. «Алғашқы кездерде біз қиналдық. Баяу жылжыдық, жиі тоқтадық. Басып өткен елді мекендерде біраз аялдап, өз саяхатымыздың мақсатын – әртүрлі елдермен, табиғатпен танысу екенін әңгімеледік. Халық біздерді зор ынтамен тыңдады. Біздердің айтарлықтай спорттық мақсатымыз да болған жоқ. Біз өмірде жолы болмағандар едік. Бізге күнкөріс қаражат табу керек болды. Біз тек шетелдерге қоныс аударуды көздедік, сонымен қатар түрлі елдерді аралап шығып, көрікті жерлерді көргіміз келді» деп жазады күнделігінде.Әсіре «қызыл» бояуынан арылтып, «идеал» кейпінен ажырату қажет
Әліби Жангелдин бейнесі «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалында да көрініс табады. Сериалдың режиссері Мұрат Есжан баспасөзге берген сұхбатында: «Әліби Жангелдин – сол кездегі Ахаңа қарсы күштердің типтік образы. Бұл ғылыми диссертация емес. Көркемдік шындық пен тарихи шындықты шатастырмау керек» деген екен. Алаштанушы ғалым Ұшқын Сайдырахманға «Әліби Жангелдин туралы түрлі қауесет көп. Бірі «сатқын» дейді, бірі «шоқынған» дейді, енді бірі Алаштың «жауы» санайды. Нағыз қызыл коммунист болғаны белгілі. Бірақ шын мәнінде Әліби Жангелдин бейнесі туралы не айтар едіңіз?» деген сауал қойғанбыз. Ол бұл сауалымызға: «Кеңестік кезеңнің саясаты өзіне лайық келген адамды әсіре дәріптеп, идеология құралына айналдырғаны бесенеден белгілі. Әліби Жангелдин – мейлінше мадақталып, көсем деңгейіне көтерілген сондай жанның бірі. Сондықтан деколонизация жүргізіп, түп тамырға қайта оралып отырған біз үшін мұндай тұлғаларға барынша жіті қарау қажет. Оларға баға беруде бүгінгі ұлттық ұстаным тұрғысынан үңілген абзал. Әсіре «қызыл» бояуынан арылтып, «идеял» кейпінен ажырату – уақыт талабы. Ә.Жангелдин тұлғасы туралы онымен бір заманда өмір сүрген Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде, Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында нақты жазып қалдырған. Меніңше, бұл баспасөз деректері біраз жайтты анықтайды» дейді. Оның айтуынша, адамның түп болмысын аңдататын негізгі ұғымдар Идея, Ұстаным, Сенім деген категориялар дегенді айтып отыр. Ол «Алаш қайраткерлерінің ұлықталатын себебі олардың ұлттық ұстанымды ту еткендігінде және сол жолда өзін құрбан еткендері. Немесе тура сол кеңес заманында өмір сүрген Тұрар Рысқұлов деген тұлғаны алайық. Ол да Ә.Жангелдин секілді Алаш идеясына қарсы күрескен мемлекет қайраткері. Алайда кеңестік жолды таңдай отыра, ол «Түрік компартиясын құрамын», Түрік федерациясын жасақтаймын» деген ұстанымда өмір сүрді. Өз идеясын табанды қорғады, сол жолда мерт болды. Былай қарасаңыз, жолы өзге демесеңіз, оның бұл арманы Мұстафа Шоқай көтерген Тұтас Түркістан аңсарымен үндес, тамырлас. Сондықтан екеуі де кеңес қайраткері болғанымен, Ә.Жангелдин мен Тұрарға берілетін баға тағы да басқа» дейді.Оның қызметінде қазақ халқына қарсы бағытталған ештеңе жоқ
Алаш тарихын зерттеушілер осылай дейді. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті зерттеуші тарихшылардың көзқарасы мүлдем басқа. Олар бұл тарихи датаға өзге қырынан келеді. Әліби Жангелдин тақырыбында пікір қайшылығының туындауы да осы себептен болса керек. Дегенмен «тарихи тұлғаларды зерттеуде кейде біржақты пікір қалыптасып кеткен жоқ па?» деген сауалымызға тарихшы Сәбит Шілдебай «әр тұлғаны зерттеп-зерделеуде дұрыс қорытынды, дұрыс пайым жасаған жөн» дейді. Оның айтуынша, Әліби Жангелдин 1915 жылдан бастап большевиктер қатарына қосылған. Оның большевиктер қатарына қосылу себебі – патша үкіметіне қарсы революциялық көзқараста болуы. Бұл шетелде болып келген бірнеше жылдық саяхаттан кейінгі жағдай дегенді айтады. Яғни, шетелдерді аралап, бәрін көріп келгеннен кейін өзі де түбірімен патша үкіметіне қарсы адамдардың бірі болып, большевиктер қатарына өтті. «Әліби Жангелдин қай кезде шоқынды? Оған бала кезінде діни мектепте білім алуы себеп болды. Кейін ол кісі ислам дінін қайта қабылдаған. Әліби Жангелдинге сатқын, шоқынды, тағы басқа айыптар тағу оңай. Бұл жай ғана ауылдың «өсегі» сияқты көрініп қалуы мүмкін. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Жангелдинді зерттеп-зерделеген жөн. Оның қайраткерлік тұлғасына баға беру үшін зерттеу керек, архив құжаттарына үңілу қажет. Мен оны ақтап алайын деп отырған жоқпын. Оны ақтамаймын да, даттамаймын да. Біз қазақ қайраткерлеріне баға берген кезде біріншіден, оның қазақ халқына сіңірген еңбегін ескеруіміз керек. Әліби Жангелдин қазақ халқына бір кісідей қызмет еткен адам. Мен соны білемін» дейді. «Қызыл керуенді» бастап жүруі, ашаршылық кезіндегі халыққа көмектесуі, одан кейінгі кезеңдердегі Әліби Жангелдиннің қызметінен қазақ халқына қарсы бағытталған ештеңені көріп тұрған жоқпын дегенді айтады. «Әліби Жангелдин 1916 жылғы көтерілісте халық жағында болды. Ал «Қазақ» газетін шығарушылар қай жақта болды? Олар халық жағына шыққан жоқ қой. Сол көтеріліске қазақ жігіттері барсын деп, көгендеп, тізім жасап берген бай-болыстардың жағында болды. «Қазақ жігіттері соғысқа барса, бізді патша ағзам жарылқайды» деген көзқараста болды. Сондықтан бұл жерде мұны терең зерттеуіміз керек. Оны терең зерттемей жатып, біржақты пікір айтуға қарсымын. Ал оның қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметінде қазақ халқына бағытталған, қазақ халқына қарсы ештеңе жоқ. Осыны анық білемін» дейді. Әліби Жангелдин туралы көзін көргендер оның өмірінде бір адамға жамандық жасамаған пенде екенін айтады. Тіпті, дұшпанына да әділ болған деседі. Марат Әбсеметов – Міржақып Дулатов өмірін көп зерттеген тарихшылардың бірі. Ол Гүлнәр Дулатова мен Шолпан Байтұрсыноваға қиналып жүрген сәтінде өзге емес, алғаш болып Әліби Жангелдиннің қомқорлығы тигенін айтып еді. Сондықтан төтенше комиссар тұрғысында ұлттық ұстанымды ту етпеді деп, біржақты кесіп-пішіп пікір айта аламыз ба? Оған төтенше комиссарлық қызметті бергенде «төтенше» құқық та берілген екен. «Мен заң, тәртіп бұзған адамды өзім жазалауға құқықты болдым. Тіпті, атуға дейін. Сөйте тұра, бір адамның шекесінен шерткен емеспін». Бұл – Әліби Жангелдиннің сөзі. Бұл туралы Ізгілік Дабаевтың сұхбаттарынан кездестіруге болады. Қалай десек те, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы саяси оқиғаларға біржақты баға беру де қиын. Саралап, сараптап, зерттеп-зерделеу арқылы тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет-ақ.Айым БЕКТҰР