Абайлаңыз, көктайғақ!
Абайлаңыз, көктайғақ!
253
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көктайғақтан зардап шегіп отыр. Қаңтар айын­да жаңбыр жаууы – солтүстік өңірде өте сирек кездесетін құбылыс. Іле жауған қардың астында қатып қалған мұз тұрғындарды әбігерге салып отыр. Көшелерде мұз айнадай жарқырап жа­тыр. Соңғы күндері қала көшелерінде жол-көлік апаттары жиілеп, жарақат алған адам саны көбейді. Коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқанымен, қаланы түгел қамтуға шамалары келер емес.

ЖАРАҚАТ АЛҒАНДАР КӨП

Таңертең жұмысқа бара жат­қан кезде абайсызда құлап, қолын сындырған Светлана Васильева қазір жұмысқа жарамсыздық па­рағымен үйде отыр. Ауруханада ал­ғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, гипс салып берген. Қал­ған емнің барлығы өз есебі­нен. Аурухана парағының кесі­рі­нен еңбекақыдан да «желінетіні» жанына батып отыр. «Менің осын­дай күйге түскеніме комму­нал­дық қызметтер кінәлі деп са­наймын. Шетелдерде көктайғақ­тың салдарынан зардап шеккен­дердің шығынын коммуналдық қызметтер өтейді деп естіп едім. Бар кінәні бірден өз мойнына алады екен. Бізде де сондай тәртіп енгізілмейінше, жағдай түзел­мейді деп ойлаймын», – дейді Светлана. Осы күндері Петропавл қа­лалық көпбейінді аурухананың жарақат бөліміне жүгінушілер са­ны күрт көбейді. Көпбейінді қала­лық аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытованың айтуынша, соңғы 10 күн ішінде 500 адам дә­рігер көмегіне жүгінген. «Олар­дың барлығы бірдей көшеде көк­тай­ғақтың салдарынан құлап, жарақат алғандар емес. Арасында үсікке шалдыққандар, буыны шы­ғып кеткендер, аяқ-қолы сын­ғандар және басқалары бар. Де­генмен көшеде жарақат алғандар­дың са­ны – 287», – деді Жанна Қабиден­қызы. Бұл – барлық жа­рақат ал­ғандардың жартысынан астамы.

ЖОЛ АПАТЫ ЖИІЛЕДІ

Тұрғындар көшелерде соқты­ғысқан көліктерді де жиі көретін болды. Петропавлдық Ержан Жа­мантаев кеше кешкісін үйіне бара жатқан жолда 4 апатты көргенін айтады. Бұған көктайғақ кінәлі екенін айтады. Бірақ жол-көлік апаттарының барлығы бірдей облыстық Полиция департамен­тінде тіркелмейді екен. Әрі тек көктайғақ салдарынан болған апаттар саны жеке есептелмейді. Дегенмен өңір полицейлері көлік жүргізушілерін климаттың ерекшеліктеріне байланысты ауа райын мұқият қадағалап отыруы және жолдағы жағдайдың шұғыл өзгеруіне дайын болуы қажет деп ескертіп отыр. «Көктайғақ кезінде жылдамдықты азайту және алда кетіп бара жатқан көлікке дейінгі арақашықтықты ұлғайту апаттың қаупін азайтуға септігін тигізеді. Бұл жол-көлік оқиғасы қаупі туын­­даған кезде шешім қабылдау үшін уақытты ұтуға көмектеседі. Сондай-ақ жолда жаяу жүргін­ші­лерден де аса сақтық таныту талап етіледі. Қар жауып, мұз пайда бол­ған уақытта көлік құралдарын тежеу қиындайды. Жаяу жүргін­шілер жолағына шыққан кезде ал­дымен жүргізушілердің өткізе­тініне көз жеткізіп алған абзал. Ересектер балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін қосымша түсіндіруі қажет», – деді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.

ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫСТАР ЖЕТКІЛІКСІЗ

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолланың ай­туынша, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұ­мыс істеп жатыр. «Қазір жаяу жүр­гінші жолдарын, саябақтарды тазалау және құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа 110 адам мен 40 техника жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы «ледоруб эко+» реагенті мен құм-тұз қоспасы қолданылып жатыр. Осы күнге дейін 2,5 мың текше метр құм және тұз қоспасы себілді», – деді Әсем Айтолла. Дегенмен бұл жұмыстар аздық етіп отыр. Петропавлдықтар қа­ла­ның тек орталық көшелері қалпына келтірілгенін, ал шеткері аудандар сол баяғы «таз қалпында» қалғанын айтты. Тұрғындарға тро­туарлармен жүру қиындық тудырып отыр. Әсіресе, жолдың шетін жағалап, тәлтіректеп жүр­ген қарттарға оңай емес. Мұз үс­тін­де тепе-теңдікті сақтауға қи­налатын балаларға да ие болу қиын. Қоғамдық көлік қызметіне жүгінетіндер аялдаманың ма­ңайы мұзайдынындай жарқырап жат­қанына шағымданды. Әрі кө­шенің жиегіндегі қар та­заланбай­тынына да назалы. Бұл жолау­шы­лардың автобусқа мінуіне қиын­дық туғызды. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бө­лімінің әлеуметтік желідегі па­рақшасы теріс пікірге толы. Оқыр­мандар әкімдік ғимарат­та­рының маңайы ғана тазаланаты­нын және қай көшелер назардан тыс қалғанын жазыпты. Тіпті, «көшелерде жұ­мыс істеп жүрген ешбір техниканы көрмедім, бәрі тек қағаз жүзіндегі есеп үшін жасалған жұмыс» деу­шілер де бар. «Халық үніне құлақ асатын» билік өкілдері осыған назар ау­дарып, тиісті қорытынды шығарса игі.

Солтүстік Қазақстан облысы