Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көктайғақтан зардап шегіп отыр. Қаңтар айында жаңбыр жаууы – солтүстік өңірде өте сирек кездесетін құбылыс. Іле жауған қардың астында қатып қалған мұз тұрғындарды әбігерге салып отыр. Көшелерде мұз айнадай жарқырап жатыр. Соңғы күндері қала көшелерінде жол-көлік апаттары жиілеп, жарақат алған адам саны көбейді. Коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқанымен, қаланы түгел қамтуға шамалары келер емес.
ЖАРАҚАТ АЛҒАНДАР КӨП
Таңертең жұмысқа бара жатқан кезде абайсызда құлап, қолын сындырған Светлана Васильева қазір жұмысқа жарамсыздық парағымен үйде отыр. Ауруханада алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, гипс салып берген. Қалған емнің барлығы өз есебінен. Аурухана парағының кесірінен еңбекақыдан да «желінетіні» жанына батып отыр. «Менің осындай күйге түскеніме коммуналдық қызметтер кінәлі деп санаймын. Шетелдерде көктайғақтың салдарынан зардап шеккендердің шығынын коммуналдық қызметтер өтейді деп естіп едім. Бар кінәні бірден өз мойнына алады екен. Бізде де сондай тәртіп енгізілмейінше, жағдай түзелмейді деп ойлаймын», – дейді Светлана. Осы күндері Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөліміне жүгінушілер саны күрт көбейді. Көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытованың айтуынша, соңғы 10 күн ішінде 500 адам дәрігер көмегіне жүгінген. «Олардың барлығы бірдей көшеде көктайғақтың салдарынан құлап, жарақат алғандар емес. Арасында үсікке шалдыққандар, буыны шығып кеткендер, аяқ-қолы сынғандар және басқалары бар. Дегенмен көшеде жарақат алғандардың саны – 287», – деді Жанна Қабиденқызы. Бұл – барлық жарақат алғандардың жартысынан астамы.ЖОЛ АПАТЫ ЖИІЛЕДІ
Тұрғындар көшелерде соқтығысқан көліктерді де жиі көретін болды. Петропавлдық Ержан Жамантаев кеше кешкісін үйіне бара жатқан жолда 4 апатты көргенін айтады. Бұған көктайғақ кінәлі екенін айтады. Бірақ жол-көлік апаттарының барлығы бірдей облыстық Полиция департаментінде тіркелмейді екен. Әрі тек көктайғақ салдарынан болған апаттар саны жеке есептелмейді. Дегенмен өңір полицейлері көлік жүргізушілерін климаттың ерекшеліктеріне байланысты ауа райын мұқият қадағалап отыруы және жолдағы жағдайдың шұғыл өзгеруіне дайын болуы қажет деп ескертіп отыр. «Көктайғақ кезінде жылдамдықты азайту және алда кетіп бара жатқан көлікке дейінгі арақашықтықты ұлғайту апаттың қаупін азайтуға септігін тигізеді. Бұл жол-көлік оқиғасы қаупі туындаған кезде шешім қабылдау үшін уақытты ұтуға көмектеседі. Сондай-ақ жолда жаяу жүргіншілерден де аса сақтық таныту талап етіледі. Қар жауып, мұз пайда болған уақытта көлік құралдарын тежеу қиындайды. Жаяу жүргіншілер жолағына шыққан кезде алдымен жүргізушілердің өткізетініне көз жеткізіп алған абзал. Ересектер балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін қосымша түсіндіруі қажет», – деді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫСТАР ЖЕТКІЛІКСІЗ
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолланың айтуынша, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. «Қазір жаяу жүргінші жолдарын, саябақтарды тазалау және құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа 110 адам мен 40 техника жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы «ледоруб эко+» реагенті мен құм-тұз қоспасы қолданылып жатыр. Осы күнге дейін 2,5 мың текше метр құм және тұз қоспасы себілді», – деді Әсем Айтолла. Дегенмен бұл жұмыстар аздық етіп отыр. Петропавлдықтар қаланың тек орталық көшелері қалпына келтірілгенін, ал шеткері аудандар сол баяғы «таз қалпында» қалғанын айтты. Тұрғындарға тротуарлармен жүру қиындық тудырып отыр. Әсіресе, жолдың шетін жағалап, тәлтіректеп жүрген қарттарға оңай емес. Мұз үстінде тепе-теңдікті сақтауға қиналатын балаларға да ие болу қиын. Қоғамдық көлік қызметіне жүгінетіндер аялдаманың маңайы мұзайдынындай жарқырап жатқанына шағымданды. Әрі көшенің жиегіндегі қар тазаланбайтынына да назалы. Бұл жолаушылардың автобусқа мінуіне қиындық туғызды. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшасы теріс пікірге толы. Оқырмандар әкімдік ғимараттарының маңайы ғана тазаланатынын және қай көшелер назардан тыс қалғанын жазыпты. Тіпті, «көшелерде жұмыс істеп жүрген ешбір техниканы көрмедім, бәрі тек қағаз жүзіндегі есеп үшін жасалған жұмыс» деушілер де бар. «Халық үніне құлақ асатын» билік өкілдері осыған назар аударып, тиісті қорытынды шығарса игі.Солтүстік Қазақстан облысы