Балалар спортына басымдық беріледі
Балалар спортына басымдық беріледі
710
оқылды
Елімізде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорт нысанының, көпфункционалды кешендер мен ашық спорт алаңдарының санын көбейтуге ерекше жағдай жасал­мақ. Өткен жылдан бастап бұқаралық және балалар спортымен айналысуды қолжетімді ету үшін халықтың спортпен шұғылдануына мықтап ден қойыла бастады. Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар мен жасөспірімдер клубын, жеткіншектер спорт клубын ашу, мектеп және студенттер спорт лигасының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту жөнінде арнайы тапсырма берілді. Мұның бәрі тегіннен-тегін жасалып отырған жоқ. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлемуеттік қоры құрылатынын айтып, оған қазірден тұрақты жарна аударатын ірі компаниялар тізімін бекітуді тапсырды. Әлеуметтік-қоғамдық қордың қаржысы бірқатар қажеттілікке жұмсалады. Оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға арналған кешендер салу да бар. Жалпы, қордың басты функциясы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болмақ. Қор қаражаты есебінен қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт объектілері салынады. Егер түйткілді мәселелер рет-ретімен дер кезінде орындалса, балалар спортының өркендеуіне жақсы жағдай жасалары сөзсіз. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, белгілі балуан Ислам Байрамуков отандық спортқа шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізудің, бұқаралық және балалар спортын дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтты. – Бізде тек спорт емес, барлық сала ақсап тұр. Солардың бәрін жүйелі түрде ретке келтіру керек. Спортқа қатысты айтар болсам, бізде көп қалада спорттық инфрақұрылымдар жағы мәз емес, жаттықтырушылар жетіспеушілігі тағы бар. Ауылды жерлерде спорттық секциялардың санын арттыру арқылы балалардың түрлі спорт түрімен айналысуына жол ашуымыз керек, – деп атап өтті білікті маман. Ал спорт функционері Болат Есмағамбетов жаңадан құрылатын қордың спортқа тиізер пайдасы зор болатынын айтты. – Спорттық алаңдар ауыл түгілі қалалы жерлерде де жеткіліксіз. Әр спорт түрі бойынша балаларды дайындайтын жаттықтыру­шылар, спорт мамандары аз. Балалар жаттығуына, спортпен айналысуына барлық жағдай жасалуы керек. Шалғай аймақтарда көптеген бала спорт үйірмелеріне қатысуды, жақсы спорт кешенінде жаттығуды армандайды. Осы мәселелер жедел қолға алынып, шешілуі тиіс. Мемлекет басшысы да осы жағдайларды ескеріп, балалар спортын, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Соның негізінде «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылды. Бұл қордың жұмысы көп пайдасын тигізеді деп үміттенемін, – дейді Болат Есмағамбетов. Иә, қаланы айтпаған күннің өзінде аудан орталықтары мен ауылды жерлерге де бала­ларға арналған спорт кешендері ауадай қажет. Алайда оған аз қаржы жұмсалмасы белгілі. Бір ғана Түркістан қаласының өзінде 2020-2021 жылдар аралығында салынған 13 спорттық нысанға жалпы құны 515 млн 121 мың теңге кеткенін ескерсек, онда кенттерге, аудандарға, ауылдарға 30-40-қа жуық нысан салынар болса, шамамен Түркістанға бөлінген қаржыдан екі-үш есе көп ақша қажет болады деген сөз. Ал ол қаржы жоғарыда атап өткен қордың демеушілігімен бөліне ме, әлде ай­мақ­тардағы әкімдіктің қаражатынан бөліне ме, ол – алдағы күннің еншісіндегі мәселе. Қалай болғанда да, спорттық инфра­құрылым­дарға қатысты түйткілді мәселелер ертерек бақы­лауға алынып, жүйелі түрде шешімін  тапқаны жөн.