Бүлік кезінде қаза тапқан ҰҚК қызметкерінің ата-анасына «Айбын» ордені табысталды
Бүлік кезінде қаза тапқан ҰҚК қызметкерінің ата-анасына «Айбын» ордені табысталды
271
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы, подполковник Дастан Әділбайдың жақындарына ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді.

ҰҚК департаменттің мәжіліс залында өткен шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Дастан Әділбайдың туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Оларға батырдың өмірі мен еңбек жолынан бейнетаспа көрсетіліп, жиналғандар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Nur Otan партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі сын сағатта ерлік танытқан ерлердің есімі ел жадында мәңгі сақталатынын айтты. – Отан деген – қастерлі ұғым. Сол Отанды қорғауда еліміздің полиция, әскери, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар бейбіт заманның батырлары. Десе де, Дастан сияқты арыстай азаматтарымыздан айырылып қалғанымыз – үлкен өкініш, ауыр қайғы. Мемлекет басшысы батырларымыздың ерлігі мен еңбегін ескеріп, оларға түрлі наградалар тапсырды. Дастан Әділбайұлының орденін ата-анасына табыстауды маған жүктеді, – деді Бердібек Машбекұлы. Аймақ басшысы сондай-ақ бүлікшілердің департамент ғимаратына жасаған шабуылы кезінде өз өмірлерін қатерге тіге отырып, тойтарыс берген қызметкерлердің батырлықтары мен кәсібиліктері көпке үлгі екенін баса айтты. Дастанның әкесі Әділбай қария Отан үшін опат болған ұлының қазасына күллі қазақстандықтардың ортақтасқанын, ерлігі ескерусіз қалмай, мемлекеттік нагарадамен марапатталғанына ризашылығын білдірді.