«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында кезекті рет қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға келген көкшетаулық зейнеткер Тоқтарбай Омаров өзі тұратын Бөгенбай батыр көшесін абаттандыру мәселесін көтерді. Ақсақалдың айтуынша, бір ғана көше емес, шағынаудан болып қалыптасып қалған аумақта жаяу жүргіншілердің жолын салып, ағын су өтетін жылғалар қазу, көшелерді жарықтандыру қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар шағынаудан тұрғындары үшін бүгінде қала орталығына жету мәселесі қиындап кеткен. Себебі №115 қоғамдық көлік осы көшеден жүрмейтін болған. Бір шағынаудан тұрғындарының мәселесін айтқан зейнеткердің осы бағыттағы өтініштерін партияның Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов тыңдап, мәселенің оң шешілуін өз бақылауына алды. Айта кетейік, партия алаңында өткен қоғамдық қабылдауларда азаматтардың мәселесінің оң шешілуі үшін, әрі оған заң тұрғысынан бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат беріп, түсіндіру мақсатында мемлекеттік органдардың қызметкерлері шақырылады. Осы жолы да қабылдауға қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров қатысып, Бөгенбай батыр көшесін және жалпы сол шағынауданды абаттандыру бағытында жүргізілген және биыл атқарылатын жұмыстарымен таныстырды. Мәселен, Сәтбаев көшесінің жолдарына былтыр жөндеу жүргізілген, сонымен қатар көшені жарықтандыру бағытындағы жұмыстар да қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар биыл да жалғасатынын айтты. Автобус мәселесін шешу де қарастырылатын болды. Ақсақал Бөгенбай батыр көшесін қамтитын шағынауданға Қаныш Сәтбаевтың есімін беру туралы ұсынысын да жеткізді. Бұл мәселе қаланың ономастика комиссиясында қаралмақ. Қабылдауға жазылғандардың енді бірі 2-топтағы мүгедек Сабыр Нысанбаев мемлекеттік қордан берілуге тиіс баспана мәселесін көтерді. Ақсақал 90-жылдардың аяғында отбасылық жағдайға байланысты үйін сатуға мәжбүр болған. Содан бері пәтер жалдап тұратынын, ал қалалық әкімдікте тұрған кезегінің тым баяу жылжып жатқанын алға тартты. Зейнеткерге баспананың тек заң тұрғысынан берілетіні және жалға берілетін үйлердің әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы тұрғындар арасында арнайы кезек бойынша берілетіні жайлы түсініктеме берілді. Ақсақалға пәтер кезегін қолдан ауыстыру мүмкін еместігі айтылды. Айта кетейік, партияның қоғамдық қабылдаулары халықтың негізгі әлеуметтік топтарының нақты проблемаларын шешуге барынша атсалысып жатыр.
Әбілмансұр ЖАСАН