Қызылордада тәртіпсіздік кезінде әскери КамАЗ-ды басып алған ер адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Қалада 5 қаңтар күнгі жаппай тәртіпсіздік кезінде қала тұрғыны облыс әкімдігінің ғимаратына баса-көктеп кірген бүлікшілерге еріп, әскери КамАЗ автокөлігін тартып алып, өзі тізгіндеген. Ер адам қала орталығында орналасқан Жедел басқару орталығына қарасты бейнебақылау камераларын ұрланған автокөлікпен соғып, сындырған. Ары қарай ол Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ғимаратының кіреберіс қоршауын әскери көлікпен бұзып, бүлікшілерге өз ойларын іске асыруына жол берген, ал өзі оқиға орнынан бой тасалаған. Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі (Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiкке қатысу) және 202-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Өрт қою, жарылыс жасау арқылы немесе өзге де жалпы қауiптi тәсілмен жасалған) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау шарасы таңдалды.
Ерік ЕРДЕНОВ