Әлеуметтік желіде жақынын іздеген жандар көбейді. Бірі шеруге шықпаса да, полиция қызметкерлері үйінен ұстап алып кеткен ағасын, енді бірі дүкенге нан алуға барған жерінен қамауға алынған қарт әкесін іздейді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Алматыдағы бүлікке қатысы бар деген 2 мыңнан астам адам ұсталыпты. Ал қоғамда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жазығы жоқ адамның үйіне рұқсатсыз кіріп, ұрып-соққаны, көшедегі жұртты ұстап, ақша талап еткені жайлы мәліметтер тарай бастады. Тіпті, кейбір депутаттар да бұл мәселеге назар аударды. Талдықорғанда өткен сенбі күні қайғылы жағдай болды. Коменданттық сағат кезінде қонақтан қайтып келе жатқан әкесі, анасы мен қызы көз жұмды. Үшеуі де сол жерде тіл қатпастан кетеді. Ал марқұмдардың туыстары бір күнде жазықсыз оққа ұшып, құрбан болған отбасы үшін әділдікті талап етіп отыр. – Олар досының үйінен қонақтан келе жатқан. Коменданттық сағат 21.00-ден кешікпейік деп үйіне қарай шыққан. Ол марқұмдардың үйінен алыс емес. Ары кетсе, 2-3 минутта жететін жер. Соған жете алмай қалып отыр емес пе?! Әскерилер атып өлтірген. Қазір тоқтамаған соң атты деген әңгіме шығып отыр. Қарап тұрсаңыз, тоқтатса, кез келген адам тоқтайды ғой. Тоқтамаған күннің өзінде бас салып, оқ жаудыру дұрыс емес. Үшеуі де тура сол жерде өліп кетті, – дейді марқұмдардың туысы Рүстем Ахметжанов. Ай-күннің аманында бір үйден үш бірдей мәйіт шығару оңай емес. Ал Алматы облысы Полиция департаменті қайғылы жағдай Қорғаныс министрлігі күштерінің операциясы кезінде болғанын айтты. Сондықтан бұл іспен әскери тергеу органдары айналысып жатыр екен. Облыс әкімінің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкел қара жамылған отбасына әкімдік тарапынан барынша қолдау болатынын жеткізді. Ойда-жоқта келген қазаның орнын ешбір жұбату баса алмасы анық. Бұл ғана емес, осыған ұқсас тағы да жазықсыз оққа ұшқандар бар. 7 қаңтар күні бүлік басылғаннан кейін Алматыдағы Желтоқсан-Сәтбаев көшелерінде келе жатқан бірнеше машинаға тапа-тал түсте біреулер оқ жаудырған. Куәгерлер ол жерде тек қарулы әскердің тұрғанын көрген. Салдарынан жақында ғана ата-анасына таныстырған қалыңдығын шығарып салып, үйіне қайтып бара жатқан бозбала қайтыс болады. Іздеусіз, сұраусыз осылай кеткен жазықсыз жандардың өліміне кім жауап береді? Экономикалық шығын жайлы күнде айтып жатырмыз, ал адам шығынының өтеуі қандай? – Бейбіт тұрғындардың қаншасы қаза болғаны беймәлім. Коменданттық сағат кезінде әскерилер атып тастаған бір отбасы мүшелерінің жағдайын да естідік. Полиция қызметкерлері ұсталғандарды 11-12 сағат тоқтаусыз ұрып-соғуы сияқты елге түсініксіз оқиғалар күн санап көбейіп барады. Жалпы, полиция органының күдіктіні ұрып-соғып, қысым көрсетілуіне шұғыл түрде тоқтау қойылмаса, құқықтық мемлекет болғанымыздың құны – көк тиын. Ұсталғандарды азаптаған, қорлаған полиция қызметкерлерін анықтап, қатаң шара қолданылуы тиіс. Сонда ғана әділдік барына халықтың сәл де болса үміті оянады, сенім пайда болады. Мұндай бассыздықтардың болуына Мемлекет басшысын кінәлау орынсыз. Әр полицейдің іс-әрекетін Президент бағып отырмайды. ІІМ өз кадрларының іс-әрекеті үшін жауап берсін, қатаң шара қолдансын. Ондай қызметкерлерді полицияда және жазасыз қалдыруға болмайды, – дейді заңгер Ләззат Ахатова. Тек қарапайым халықтың құқығы тапталып жатыр десек, қателесеміз. Елге танымал адвокаттың бірі Абзал Құспан кеше ғана қамаудан шықты. Адвокатты БҚО соты 10 тәулікке қамауға шешім шығарған. Алайда араға еліміздің әр түкпірінен жиналған заңгерлер түсіп, облыстық соттың апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, 5 күнге қысқартыпты. Заңгерлер әріптестерін шығарғаннан кейін енді қарапайым халыққа да көмектесеміз деп отыр. – Қандай жағдай болса да, құқық қорғау қызметкерлерінің құзыреті артпайды. Заңда бұл нақты көрсетілген. Полицияның негізсіз баса-көктеп кіруіне құқығы жоқ. Жоғары білімді кәсіби заңгер болсам да, осы жолы менің де құқығым бұзылды. Мені көшеде қолымды қайырып ұстап алып кетті. Шеруден кейін ешқандай негізсіз 2-3 рет ұсталдым. Ал наурыз айында мені ұстауға 5 арнайы машина келді. Оның екеуінен арнайы жасақтың сарбаздары автоматпен шығып, террористерді тұтқындағандай алып кетті. Мұндай жағдай халықтың ашу-ызасына тиеді. Қандай жағдай болмасын, полиция қызметкерлерінің асыра сілтеуіне жол беруге болмайды. Адам құқығының шекарасы ең қадірлі, ең қымбат құндылық болуы керек. Мемлекеттің ең басты функциясы – адамды қорғау. Адам құқығының шекарасы жоқ, қандай жағдай болса да, оның құқығын шектеу дұрыс емес. Заңды өрескел бұзған әскерилерді жауапқа тарту керек. Қазір төтенше жағдайға байланысты басшылық полициялармен көбірек құқықтық бағытта жұмыс жүргізу қажет, – дейді Абзал Құспан. Күні кеше әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерін ақтайтын да, даттайтын да видеолар қаптап кетті. Пианинода River Flows in You шығармасын орындаған полиция, қақтығыс ортасынан қашып шығып, киімін теріс аударып киген де сарбаз, көшедегі халықтың қалтасынан ақша мен смартфон алмақ болған да полиция. Иә, бұл құқық қорғау қызметкерлерінің бірінші рет құзыреттілігін асыра пайдаланғаны емес. Бірақ дәл осы қысылтаяң шақта қарапайым азаматтарды ұрып-соғу дұрыс па? – Бұл жерде қызметін асыра пайдаланғандардың барлығы полиция қызметкері болмауы мүмкін. Кейбір террористердің құқық қорғау қызметкерлерінің формасын киіп жүргені жайлы да ақпарат айтылып жатыр. Сол үшін Үкімет бұл мәселені шешетін арнайы байланыс операторларын қосуы керек. Сонда тұрғындар полиция қызметкерлері қысым көрсетті деп арнайы нөмірге шағымдана алады. Ал өз кезегінде құзырлы органдар қызметін асыра пайдаланған азаматтың кім екенін анықтайды. Полиция қызметкері өз қызметін асыра пайдаланса, оны міндетті түрде жауапкершілікке тартуы керек. Полиция да адам. Психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, кейбір адамдар орайлы сәтті қолданып, өз пайдасына жаратуды көздейді. Олар да кешегі тоналған дүкендердегі заттарды таласып алып кеткен тұрғындар сияқты мүмкіндігім бар екен деп кез келгенді бас салады. Ал екінші жағынан басшылықтың берген тапсырмасы мен белгіленген статистиканы толтыру үшін құқық қорғау қызметкерлері амалсыздан осындай әрекетке баруы мүмкін. Бір жағынан полициялардың ұсталғандардан күмәндануға құқығы бар. Бұрын күмәндану үшін дәлел болуы керек еді. Қазір дәлелсіз күмәндану құзыреттілігі берілген, – дейді психолог Ержан Мырзабаев. Қысқасы, бүліктен кейінгі тергеп-тексеру ісіне күмән араласа бастаған сыңайлы. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жайлы деректер күн санап көбейіп барады. Бірақ тиісті орган басшылары әзірге тіс жарған жоқ. Ал құқық қорғау саласы қызметкерлерінің міндеті – қоғам тыныштығын сақтау. Бірақ «тыныштық сақтаудың жөні осы» деп құзыретті асыра пайдалану абырой әпермейді.
Көктем ҚАРҚЫН