Шымкентте сыбайлас жемқорлық бойынша тіркелген 77 қылмыстың 20-ы құқық қорғау саласына тиесілі екенін бұдан бұрын да айтқанбыз. Яғни, парақорлық пен жымқыру деректерімен тіркелген қылмыстардың басым бөлігі погон таққандардың үлесінде. Жалпы, қоғамда полицейлерге деген реніш жиі айтылады. Әсіресе, Шымкентте қостанайлық жігітті тергеу барысында сақшылардың өлтіріп алғаны және күдікті деп ұсталған тағы бір азаматтың 4-қабаттан секіріп кетуі де көпшіліктің күдігін одан сайын ұлғайтқан. Қоғамда үлкен пікірталас тудырған осы мәселелерден соң тәртіп сақшыларына деген сенім мүлдем жоғалды. Енді кәсіпкерлер де сақшылардың өз жұмысына салғырт қарайтынын айтып шағымданып жатыр. Жуырда кәсіпкерлік палатасында өткен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында құқық қорғау органы қызметкерлерінің бірқатарына қарасты сын айтылды. Онда Еңбекші ауданының Полиция басқармасы көші-қон қызметінің, әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының учаскелік инспекторы тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жасаған заңсыз әрекеттері сөз болды. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеу, шақыруларды келісу қағидаларына сәйкес бизнес-көшіп келушіге «С5» визасы жергілікті атқарушы органдарының жазбаша өтініші негізінде беріледі. Алайда Шымкентте осы санаттағы визаларды беру рәсімдері түсініксіз күйінде қалып отыр. Бизнес-көшіп келуші болып саналатын «Абдукаримов и Ко» ЖШС, «Аброр» ЖШС, «Нематов и Ко» ЖШС және «Куватов и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өткен жылдың қазан айында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жүгінеді. Онда көші-қон қызметі бизнес-көшіп келуші құжаттарын беруден бас тартқаны жөнінде айтылған. Көші-қон қызметі аталған құжатты әділет органдарынан, яғни «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-нан алуды ұсынған. Өкінішке қарай, әділет органдары бұл сұраққа олардың құзыретіне жатпайтыны туралы жауап береді. Осылайша екі ортада футбол добы сияқты тиісті құжаттарына қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер жұмыстарын да бастай алмай сергелдеңге түседі. Тіпті, олардың үстінен қазан айында ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалады. Яғни, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметінің визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес келмеуіне байланысты Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін берген біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы алмай Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруына тыйым салынады. ҚР Ішкі істер министрінің 20.07.2020 жылғы түсіндірмесінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес шетелдіктердің заңды тұлғалар қатысушыларының құрамына кіретін бизнес-көшіп келуші ретінде визаларының болуы талап етілмейді делінген. Соған қарамастан Шымкент қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 20.10.2021 жылғы қаулысымен кәсіпкерлердің әрқайсысы 72 925 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Виза алу қажеттілігі болмаса да, кәсіпкер айыппұл төлеген. Ал 15 қарашадағы сот қаулысына сәйкес кәсіпкер А.Куватовқа қатысты әкімшілік іс жүргізу құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Сонымен қатар сот кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға жол берген полиция қызметкерлеріне қатысты жеке ұйғарым қабылдады. Осылайша, көші-қон қызметі қызметкерлерінің негізсіз әрекеттерінің салдарынан кәсіпкерлер сот талқылауының орбитасына тартылып, қаржылық шығындарға ұшыраған. Сонда дейміз-ау, көші-қон қызметкерлері өз міндеттерін білмеген болып тұр ғой... Полицейлердің атына түскен тағы бір шағым Shymkent Plaza сауда орталығында орналасқан CINEMAX кинотеатры басшылығы тарапынан келген. Кинотеатр басшылығы бас санитардың қаулысы негізінде демалыс күндері «жасыл» мәртебесі бар келушілерді ғана қабылдайтынын алға тартса да, полиция тарапынан келіспеушіліктер жиі болатынын айтып шағымданды. Демек, мұнда да полицейдің сауатсыздығы, өз жұмыстарына салғырттығы байқалады. Есесіне осындай полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері халықтың бүкіл құқық қорғау жүйесіне деген сенімін төмендетіп отыр. Мұны «Шаш ал десе бас алатынның» кері демеске лаж жоқ... Дәл қазір елімізде соңғы болған оқиғалардан кейін де тәртіп сақшыларына қатысты кереғар пікірлер ушығып тұр... Кезінде көке-жәкелердің, көк қағаздың күшімен жұмысқа орналасып алған сауаты шамалы талай сақшының арамызда жүргені жалған емес. Мүмкін, түбегейлі өзгеріс керек шығар.
Шымкент қаласы