Алматыда балабақшалар 20 қаңтардан бастап жұмыс істейді
Алматыда балабақшалар 20 қаңтардан бастап жұмыс істейді
Сурет: © Sputnik / Варвара Гертье
376
оқылды

Қаладағы мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар төтенше жағдайға байланысты жұмысын тоқтатты. 190 мемлекеттік және 670 жекеменшік балабақша 20 қаңтарда ашыла бастайды, деп мәлімдеді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева. Бұл туралы Informburo.kz басылымы жазды. 

"Біріншіден, 5 қаңтардан бастап қаладағы қалыптасқан жағдайға және қабылданған қауіпсіздік шараларына байланысты 1 жастан 6 жасқа дейінгі 71 538 бала қамтылған 860 мектепке дейінгі ұйымының жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін, 20 қаңтардан бастап балабақшалар өз жұмысын бастайды", – деді Ләззат Жылқыбаева.
Мұнымен қатар, ол балабақшалар ашыларда қаладағы эпидемиологиялық жағдай міндетті түрде ескерілетінін айтты. Сондықтан балабақшалар кезекші топ режимінде жұмыс істеуі мүмкін.
"Біз ата-аналарды және барлық қызметкерді мектепке дейінгі мекемелердің жұмыс тәртібі туралы қосымша хабардар етеміз. Екіншіден, қазіргі таңда орта білім беру саласында 293 мектеп жұмыс істеуде, оның ішінде өткен жылдың желтоқсан айында Алатау мен Наурызбай аудандарында 2 жаңа мемлекеттік мектеп ашылды және олар оқу үдерісін ұйымдастыруға дайындалуда.Осылайша, мемлекеттік мектептердің саны 209-ға, ал жекеменшік мектептердің саны 84-ке жетті. Жалпы  мектептерде 302 мыңнан астам оқушы білім алуда", – деп қосты білім басқармасының өкілі.
Білім және ғылым министрлігінің шешімімен мектеп оқушылары және колледж студенттері үшін қысқы демалыс мерзімі ұзартылған болатын. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты мектеп оқушылары 17 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына көшеді.
"Айта кету керек, бізде қашықтықтан жұмыс істеу тәжірибеміз бар, мұғалімдер өткен жылы цифрлық сауаттылық курстарынан өтті және өз жұмыстарын онлайн режимінде жетілдіреді. Оқу процесін қашықтықтан ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған, атап айтқанда, оқушылар қажетті мөлшерде компьютер, ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда қосымша компьютер немесе ноутбукке, сондай-ақ, интернетке қатысты сұрақтар бойынша ата-аналар мектептің бірінші басшыларына немесе аудандық білім бөлімдерінің басшыларына хабарласа алады. Олар аталған мәселелерді шешуге көмектеседі", – деді Ләззат Жылқыбаева.
Оқу Online Mektep, Bilim Land, Microsoft Teams платформаларында жүргізіледі. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін бұрын пайдаланған платформаларды мектептер өздері таңдап, оқыту барысында қолдана алады.