Қарағанды-Теміртау автожолында ауа райының қолайсыздығына байланысты 8 көлік соғысты. Сондай-ақ, қатты жел мен көктайғақ салдарынан екі автобус жол шетіне аудырылып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысында сенбіде таңертеңнен ауа райы құбылып, сағат 9.00-ден бастап республикалық автожолдардың барлық учаскесінде қозғалыс жабылды. Қарағанды-Теміртау тасжолында сегіз көлік соқтығысқан. Оқиға болған жерде түсірілген видео әлеуметтік желілерде пайда болды.
"Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қарағанды-Теміртау автожолында сегіз көлік соғылды. Автобустар көктайғақ пен қатты жел салдарынан жол шетіне аударылып қалған. Абай қаласы мен Еркін кенті арасында бір жағдай болды. Автобус жол шетіне шығып, содан кейін бір жағына құлаған. Барлық факт тіркелген. Олар бойынша тиісті сараптама тағайындалды, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Қарағанды облысында ТЖД 16 қаңтарда Қарағанды облысының солтүстігінде, батысында, шығысында боран, көктайғақ, ал оңтүстік-шығысында тұман болады деп ескертеді. Жел екіпін секундына 25 метрге жетеді.