Саясаттануда «бір тақырыптың саясаткері» деген ұғым бар. Бұл ұғым Әділет экс-министрі Марат Бекетаевтың қызметін сипаттаса керек. Ол Статимен шайқасқан министр ретінде ел есінде қалды. «Соны жеңсе, миссиясын аяқтап, қызметінен кетер» десті саясаттанушылар. Дәп солай болды. Өткен жыл соңында Бекетаев командасы Статиді жеңгенін жариялады. Әрине, оның білгір министр екенін, оны жаңа Үкіметтен көргісі келетінін айтып, қорғаштаған сарапшылар табылды. Сонда Марат Бақытжанұлы нендей жетістікке жетті, неге жете алмады?
Үкіметтегі ең жасы әрі «ең көп жасағаны»
Кезінде М.Бекетаевқа журналистер «ең жас» деген айқындауышты жиі қосатын. 2007 жылы ол Үкіметтегі ең жас вице-министрге айналды: 29 жасында аса жауапты қызметке тұрып, Әділет министрінің орынбасарына айналды. Ол кезде бұл ведомствоның құзыры күшті еді, тіпті соттардың үстінен қарайтын. Кейін биліктің сот тармағы Үкіметтен тәуелсіз құрылымға айналды. Бірақ қазақстандықтар ескі ғадетпен судьялар үстінен бәрібір осы органға шағымданып жүрді. Мысалы, 2016 жылы Әділет министрлігінің екі шылбыр, бір тізгінін Бекетаев қолға алғанда бір топ оппозиция өкілі сот жүйесін реформалауға, судьяларды жауапқа тартуға қатысты ашықхатты адасып, соған жолдапты. Forbes 2013 жылы 36 жасар Әділет вице-министрі Марат Бекетаевты «жаһандық FTSE100 құрамындағы ең жас директор» деп атады: ол Әділет министрінің орынбасары ретінде ENRC компаниялар тобының директорлар кеңесіндегі Үкімет өкілі еді. The Times дерегінше, FTSE100 жаһандық рейтингіне кіретін әлемдегі алпауыт компаниялардың (көгілдір фишкалар) директорлар кеңесінде сол кезде мұндай жас мүше болмапты. Орташа жас әлем бойынша 57 жасты құраған. 2016 жылғы 13 қыркүйекте сол кездегі Президент Н.Назарбаев «М.Бекетаев Әділет министрі болып тағайындалсын, ол Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатылсын» деген Жарлық шығарды. Осылайша, 39 жасар Марат Бақытжанұлы Бақытжан Сағынтаев Үкіметіндегі ең жас министрлердің біріне айналды. Содан бері ол Министрлер кабинетінің үш отставкасын бастан өткеріпті. Ал Мамин Үкіметінде Марат Бекетаев «ең көп қызмет еткен» министрге айналды: себебі Сағынтаев командасындағы министрлердің көбі 2019 жылғы 25 ақпанда жасақталған жаңа Үкіметке кірмей қалды, кіргендері кейін отставкаға кетті. Тек темірқазық секілді Бекетаев қана тапжылмай отырды. Содан кейбір сарапшы оны тіпті «Қазақстанның басқарушылық элитасының өкілі» санай бастаған. Оның 2022 жылғы жаңа Үкіметке кіретініне сенімділер де болды. Дегенмен әділет органындағы Бекетаев дәуірі аяқталды. Ол құзырлы ведомствоны 2016 жылғы 13 қыркүйектен 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін, 1 947 күн басқарыпты. Әрине, егер мерекелер мен демалыс күндерін алып тастаса, 1 308 жұмыс күні шығады. Аз емес. Осы уақытта іргелі өзгерістер, ірі реформалар жүргізуге болатын еді.Әділеттің арғы жағы, бергі жағы...
Бекетаев «заманында» Әділет министрлігі жүзеге асырған жаңғыруларды жаман-жақсы, жетістік-кемістік деп аражігін белгілеп, нақты ажырату қиын. Себебі теріс жақтары да, оң тұстары да қатар, қабыса жүреді. Мысалы, ведомство Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жария еткен саяси реформаларын ілгерілетті: үш топтамасы үшін заң жобаларын әзірледі. Нәтижесінде, сайлау, саяси партиялар туралы ұлттық заңнама тұғырлы түрде өзгерді. Атап айтқанда, 2020 жылы «Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер жаңа партия құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін екі есе төмендетті. Сайлау арқылы партиялардың Мәжіліске өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін кемітілді. Елде көппартиялылық процесін одан ары дамыту, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу мен қабылдау процесіне жаңа партияларды, өзге саяси күштерді тарту үшін тың мүмкіндіктер, жаңа өрістер ашылды. Бұл – сөзсіз, позитив. Елдегі соны демократиялық бетбұрыстарға шабыттанса керек, бастамашыл топтар екі жылдай бұрын бірден 9 партияны тіркеуге өтініш берген. Әділет министрлігі сан алуан сылтау айтып, әртүрлі жөнсіздік тауып, бұл істі сиырқұйымшақтандырып жіберді. Бүгінде елімізде бірде-бір жаңа партия тіркелмеген. Оппозициялық күштер заңды өрісте жұмыс істей алмай, көлеңкеге кетті, қоғам ішінде Үкімет пен әкімдердің әрекетсіздігіне деген ашу-ыза жабулы қазандай бұрқ-сарқ қайнады, наразы адамдар ақыры көшелерге лап қойды. Бұл – сөзсіз, негатив. Бекетаев тұсында Жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын құру жұмысы серпін алды. Азаматтар 1 ғана өтінішпен жер теліміне құқығын тіркеуге мүмкіндік алды. Қызмет көрсету мерзімдері қысқатылды, қазақстандықтардың осы іске жұмсайтын шығыны кеміді.ЖСО-лар бассыз кеткен дәуір
Бекетаев дәуірінде сот актілерін орындату процесі түбегейлі өзгерді. Бұрындары мемлекеттік приставтардың жетіспеуі кесірінен, әсіресе экономикалық бағыттағы сот үкімдерінің басым көпшілігі орындалмайтын. Приставтар орнына жеке сот орындаушылары институты енгізілді. Бұлар соттың әр үкіміне кәдімгідей таласатын болды. 2019 жылы «Атқару өндірісінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» іске қосылып, ол барлық банктің деректер базасымен интеграцияланды. Нәтижесінде, ЖСО-лар берешек азаматтардың қаржылық институттардағы қаражатына, есепшоттарына онлайн түрде, үйінде отырып-ақ бұғат қоя алатын болды. Сот актілерін орындау тиімділігі еселеп артты. Бұл – оң жағы. Сонымен бірге ЖСО-лар халықты қан қақсататын болды. Соттың бір шешімі бойынша бірнеше ЖСО айыпталушының банктік шоттары мен карталарына бұғат салатынды шығарды. Содан заңды немесе жеке тұлға біреуі бойынша есептескенімен, басқалары өз қызметіне негізсіз ақы талап етіп, бұғаттан босатпаған дерегі бар. Бұдан бұқара мен бизнес әбден ығыр болды, кейбірі «ызалы жүрек, долы қол» жағдайына жетті. ЖСО-лар делдалдармен ымыраласып, борышкерлерден тартып алған жылжымайтын мүлікті, құнды дүниелерді жарты бағасынан арзанға сатып, жаңа баю көзін тапты. Бұл 2021 жылғы 20 қыркүйекте Алматыдағы қанды қырғынға әкеліп соқтырды: жан-жағына қарыз болған Игорь Дужнов үйін мәжбүрлеп алуға келген 5 адамды атып тастаған еді. Айтпақшы, Бекетаев тұсында ендірілген жаңа тетікке сәйкес, енді ЖСО ғана емес, нотариустер де «Е-нотариат» ақпараттық жүйесі арқылы атқару құжаты бойынша электронды форматта бұғаттап тастай алады. Әділет министрлігінің мақтанышына айналған тағы бір жүйе – халыққа тегін заңгерлік көмекке қатысты. Мемлекет кепілдендірген заңгерлік көмек көрсету сапасын арттыру үшін 2020 жылғы наурыздан республика көлемінде «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі енгізілді. Адвокаттарды қайырымдылық көмек көрсетіп, ара-тұра ақшасы жоқ адамдарды да тегін қорғауға міндеттейтін батыстық Pro bono жүйесі өмірге жолдама алды. Алайда бұл тетік толыққанды жұмыс істемейді, адвокаттардың міндетті тегін көмек көрсетуін тиісті бақылау жоққа тән. Ал кепілдендірілген мемлекеттік заңгерлік көмек аясында тағайындалған 1 мыңдай тегін адвокаттың жетіспейтіні байқалады. Әсіресе, биылғы қасіретті қаңтардан кейін құқық қорғау және арнаулы органдар тәртіпсіздік пен радикалды топтардың шабуылдарына қатысқандарды мыңдап ұстай бастағанда тегін түгіл ақылы адвокаттар тапшылығының туындағаны айтылды.Министрлік елдің қанша қаржысын қорғады?
2021 жылғы 17 қарашада Әділет министрлігі Қазақстан Статимен ұзақ жылғы шайқасында басты әрі маңызды жеңіске жеткенін жариялады. Бельгияның апелляциялық соты $530 млн сомасында арбитраждық шешімді мойындаудан бас тартты және оны орындау талабын жойды. Бельгия соты Статилердің арбитраждық трибуналды және оның шешімін қараған Швеция соттарын алдады деген байламға келді. Жасы биыл 70-ке келген молдовалық бизнесмен Анатол және оның ұлы Габриель Статилер Қазақстаннан миллиондарды өндірте алмайды. Жалпы алғанда, 2003-2020 жылдар аралығында Әділет министрлігі шетелдік арбитраждарда мемлекетіміздің мүддесін 23,6 миллиард доллар көлемінде қорғап қалыпты. Одан бертінде Стати сыртында, Gold Pool, World Wide Minerals, Alhambra бойынша мемлекет мүддесі 1,44 миллиард долларға қорғалған. Алайда бүкіл әлем бойынша соттасуға, талап-арыздар енгізіп, қорғануға, шетелдік қымбат консультанттарды, халықаралық лицензиясы бар адвокаттарды, басқа да ақыл-кеңес беруші сала мамандарын жалдауға қанша миллиард доллар шығындалғанын – жалпы есебін министрлік сол бойы жарияламады. Мысалы, қазақстандық экономистер Статилермен шетелде соттасуға өте көп ақша жұмсалғанын есептей келе Әділет министрлігін ары қарай шайқасудан бас тартуға шақырыпты. Бірақ Қазақстанның абыройын әбден бүлдірген Статилерді жеңу Марат Бекетаев үшін принципті іс болды. Ол өткен жыл соңындағы Бельгия сотының тарихи шешімін төл жеңісіндей қабылдады. «Біз Статилерге және олардың сыбайластарына қарсы ұзақ жылғы күрестегі осы маңызды шешімді қуана қарсы алдық. Тек Статилер үшін ғана емес, сондай-ақ олардың кәсіби кеңесшілері үшін де аталған шешімнің салмақты салдары болады! Статиге көмектесетіндер мен дем беретіндердің, соның ішінде Дэниел Чапмен мен оның америкалық Argentem Creek компаниялар тобының шегінерге жолы қалмады», – деп ұрандатты сол кездегі министр Марат Бекетаев. Енді Статиден және басқа да Қазақстанмен соттасушылардан шығынды өндіртіп алумен Әділет министрі Қанат Мусин айналысуы тиіс. Жаңа министрге сондай-ақ бассыз кеткен ЖСО-ларды тәртіпке келтіру, олардың жауапкершілігін арттыру, бақылауды күшейту; жаңа партияларды тіркеуге жәрдемдесіп, саяси наразылықтың көшеден құқықтық өріске көшуіне ықпал ету; өмірлік қиын жағдайға және ауыр қаржылық дағдарысқа киліккен азаматтарға, соның ішінде «қасіретті қаңтар» оқиғаларына қатысы бар қазақстандықтарға және шетелдіктерге тегін кешенді әлеуметтік заңгерлік көмек көрсету сияқты жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге тура келмек. Жалпы, атауында «әділет» деген асыл ұғым, басты құндылық бар министрлік бір тақырыппен шектелмей, өзіне жүктелген барлық салаға кешенді қарағаны жөн.