Авиация ақсап қала ма?
Авиация ақсап қала ма?
© коллаж: Елдар Қаба
217
оқылды
Төтенше жағдайға бай­ла­ныс­ты әуекомпаниялар ха­лы­қ­аралық рейстерді қыс­қар­туға мәжбүр болды. Ұшақ­тар қаң­тарылып, билет са­ты­лымы тоқ­тады. Қалыпты өмір­ге ке­ле бастаған қала­лар­да әуеком­паниялары кес­телерін ен­ді ретке келтіріп жатыр. Екінші жа­ғынан елдегі эпидахуал да жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Соңғы екі жылдан бері шығын­нан көз ашпай келе жатқан әуекомпанияларының жолау­шылар тасымалдауын ретке келтіргені дұрыс па, әл­де ко­ро­навирустың таралу қау­­пін ескергені жөн бе? Елде енгізілген төтенше жағ­дай режимі бірқатар ауқымды әуеком­паниялары рейстерін қысқар­тып, жұмысын тоқтатып жатыр. Әри­не, бұл компанияларға ешқан­дай кіріс кірмеуіне алып келеді. Сәйкесінше, салығы бар, қызмет­кер­лердің айлығы, ұшақты тұраққа қоятын қаражат та қажет. Жалпы, 2020 жылдан бері отандық авиаин­дустрия пандемияның зардабын тартып жатыр. Негізгі табысы жо­лаушылар ағынына тікелей тәуелді саланың сол жылы барлық рейс­­тері тоқтаған кезде әуекомпа­ния­лары жүк тиеп, репатриациялық рейстер есебінен шығындарын жабуға тырысты. Алай­да бір жыл бұрын Air Astana әуекомпаниясы небәрі 33,1 млн дол­лар табыс тапқан. Бұл алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 81 пайызға төмен. Qazaq Air әуекомпаниясы болса жыл басталар кезде жоспарлаған табысының 60 пайызына ға­на қол жеткізіпті. Ал SCAT әуеком­­па­ниясы­ның жолау­шылар та­сы­малы екі есе қысқарып, орын­дал­маған рейс билеттерін 100 пайыз қайтарып беруі – компа­нияның қар­жы­лық жағдайын бір­шама қиындатты. Ал елдегі соңғы жағдай әуеком­панияларының жұмысын тағы ауырлатып отыр. Оның артынша, коронавирустың қайта күшіне енуі де елеңдетіп қойды.

Жырақта турист қалып қойды

Елдегі жағдайға байланысты енгізілген шектеу шаралары алын­ды. Қазір жұрт қалыпты өмірге оралып, жүк және жолау­шылар та­сымалы қайта жан­данып, ұшақ­тар көкке көтерілді. Террорлар мен лаңкестердің шабуылынан кейін жұмысы тоқ­таған Алматы әуежайы өз жұ­мысын қайта бастап, алғашқы жолаушылар Алматы — Нұр-Сұлтан бағытында сапар шегіп жатыр. Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметінің хабар­лауын­ша, Ішкі және халық­аралық рейс­тер әуе компания­ларының ұшу кестесіне сәйкес сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін жү­зеге асырылып жатыр. Бірақ кей­бір халықаралық рейстер кестеден кешіксе, шетел­дерден қайта алмай отырған мың­даған жерлесіміздің алды бір­тіндеп келе бастады. Десе де, бірнеше мыңнан астам қазақ­стандық елге жете ал­май отыр. Олардың басым бөлігі – жаңа жылды Біріккен Араб Әмірліктері мен Тайландта қарсы алған жер­лестеріміз. Бүгінде ха­лық­­аралық қатынастар қайта қал­пына кел­тіріліп, ұшақтар Дубай, Мәскеу секілді қалаларға ұшып жатыр. Туристердің алғашқы легі осы лайнерлермен қайтып келеді. Мысалы, бір ғана Грузияда 550-ге жуық жерлесіміз қалып қойған. Өйт­­­кені ол елдегі үш бірдей әуе ком­­­­паниясының рейстері ше­геріл­ген.

Бір күнде 96 рейс тоқтатылды

Өткен аптадан бастап Нұр-Сұлтан қаласынан және қалаға Мәскеу, Минск, Дубай, Варшава, Франкфурт, Ташкент, Пхукет, Новосибирск, Коломбо, Анталия, Кутаиси қалаларына 27 халық­аралық рейсті орындау басталды. Сондай-ақ Ақтау, Шымкент, Түркістан қалаларынан Гоа, Ыстамбұл, Махачкала, Грозный қалаларына 8 халықаралық рейс жүріп жатыр. Ал Алматы және Ақтөбе қалаларынан Ыстамбұл, Дубай, Мале, Ташкент, Мәскеу, Самарқанд, Коломбо, Шарджа, Баку, Нүкіс қалаларынан/қала­ласына 20 рейс орындалмады. Жалпы, еліміз бойынша барлығы 35 рейсті орындау жоспарланып, 20 рейс тоқтатылды. Lufthansa және Tukrish Airlines әуекомпания­ларының рейстерін қоспағанда, Нұр-сұлтан қаласындағы халық­аралық әуе қатынасы толығымен қалпына келтірілді. Сонымен қатар 12 қаңтарда барлығы 202 рейс жоспарланған (Air Astanа және Fly Arystan – 135, SCAT – 45, Qazaq Air – 22), оның ішінде 8 рейс кешіктіріліп, 96 рейс тоқтатылды. Рейстердің кешігуі мен тоқ­та­ты­луының негізгі себептері Алматы қаласы әуежайының жабылуына байланысты туындаған. Соңғы мәліметтер бойынша ТЖ енгізіл­генге дейін ішкі рейстер 57 бағыт күніне 172 рейс бойынша аптасына 1 202 рейс жиілігімен орындалды. Ал бүгінде отандық әуекомпа­ниялардың деректері бойынша 42 бағыт бойынша 157 рейс жоспар­ланған, оның ішінде 25 рейс тоқтатылды. Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес 24 елге (Түркия, БАӘ, Өзбекстан, РФ, Грузия, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Украина, Германия, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Польша, Армения, Ұлыбритания, Венгрия, Мальдив, Таиланд, Әзірбайжан, Кувейт, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, Үндістан, Вьетнам) аптасына 242 рейс жиілігімен 68 маршрут бо­йын­ша халықаралық рейстер ке­зең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

Індетке байланысты жаңа ереже шықты

Соңғы мәліметтер бойынша Qazaq Air әуе компаниясы 15 қаң­тардан бастап шетелден келе­тіндер үшін ережелер енгізді. Корона­вирус инфекциясының таралуы­ның алдын алу жөніндегі ведомс­тво­аралық комиссияның шешіміне сәйкес, елге шет мемлекеттерден келетін барлық жолаушы (оның ішінде екпе алғандар) COVID-19-ға ПТР сынамасының теріс нәти­жесі бар анықтаманы ұсынуы тиіс. Анықтама алған күннен бастап Қазақстан шекарасынан өткен сәтке дейін 72 сағат бойы жарамды болып саналады. Егер COVID-19 үшін ПТР сынамасының теріс нәтижесі бар анықтама болмаған жағдайда барлық жолаушылар, соның ішінде Қазақстан азамат­тары ұшып шығу әуежайынан бортқа жіберілмейді. Компания мамандары төтенше жағдайдан кейін әуе рейстерінің кейінге қалдырылуы салдарынан болған шығыны әлі есептеліп бітпеген.

Шығын есептеу басталады

Сондай-ақ SCAT, Air Astana мен FlyArystan компаниялары әуе рейстерін қалыпқа келтірген соң алдыңғы шығындардың есебіне кіріспек. «Бүгінде SCAT Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Көкшетау, Петропавл, Түркістан, Қарағанды, Өскемен, Тараз, Мәскеу, Нүкіс, Үргенш, Ыстамбұл, Тбилиси, Ереван, Грозный және Махачкалаға рейстерді орындайды. Рейстер кестесі ТЖ режимінің аясына қарай оңтайландырылады. Төтенше жағдай режимін енгізу себебінен тоқтатылған рейстер жолаушылары үшін компания ұшу күнін 2022 жылғы 31 қаңтарға дейінгі кезеңге өзгерту немесе би­лет құнын толық қайтару мүмкін­дігін ұсынады. Сондай-ақ 2022 жылғы 5-14 қаңтар аралығында SCAT әуекомпаниясы Пхукет, Джида, Фукуока, ГОА және Шарджадан репатриациялық рейстермен Қазақстанға 2 000-нан астам қазақстандық оралды. Әуе рейстерінің мәселесін шешіп алған соң компания шығындарды да есептеуге кіріседі», – дейді компа­нияның баспасөз қызметі.

Әуекомпанияларының шығыны

Соңғы екі жылдан бері корона­вирус індетінің салдары әуе ком­панияларына қатты тиіп отыр. Өйткені індеттің тарауын тежеуге талпынған барлық елдер ұшып-қонуға тосқауыл қойып келеді. Азаматтық авиация комитетінің мамандары пандемияның таралуы мен рейстердің тоқтатылуы сала­дағы статистикалық көрсеткіш­терге теріс әсер етіп жатқанын ай­тады. «Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ба­ғалауы бойынша тасымалдау кө­лемін 2019 жылғы деңгейге дейін толық қал­пына келтіру 2023 жыл­дан ерте болмайды. IATA сондай-ақ 2020 жылы жолаушылар ағыны деңгейі­нің төмендеуінен сала кірістерінің жоғалуын 252 млрд АҚШ доллары­на бағалайды. Отан­дық азаматтық авиация ұйым­дарының шығын­дары алдыңғы жылы шамамен 350 млрд теңге. Шығындарды қысқарту және отандық авиакомпаниялар мен әуежайлардың банкроттығын болдырмау мақсатында Үкімет салық жеңілдіктері бойынша мемлекеттік қолдау шараларының пакетін қабылдады. Оның ішінде кейбір салықтардың, әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициентін белгілеу, ұшақтарға және резидент еместерге импортталатын қосалқы бөлшек­терге ҚҚС төлеу бойынша босату, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемнен және жер салығы­нан босату және басқалар кіреді. COVID-19 салдарын азайту және авиакәсіпорындарға көмек көр­сету жөніндегі жұмыс жалғасатын болады», – дейді комитеттің бас­пасөз қызметі. Қазір комитет ел­дегі эпидемиологиялық және тө­тенше жағдай кезіндегі шығын­дардың әлі есептеліп жатқанын, алдағы уа­қытта ол бойынша әуе қаты­настарын қалпына келтіру ша­ралары қабылданатынын жет­кізді. Сарапшылардың сөзіне сенсек, әуе рейстерін тоқтату жал­ғаса бер­се, жаһандық авиация ақсап қалуы мүмкін деген болжам жасайды. Экономист Атамұрат Шәменовтің айтуынша, әуежай жұмысының тоқтауы әуе ком­паниялары ғана емес, мемлекет үшін де шығын екенін айтты. Бұл Қазақстан эко­но­микасына теріс әсерін береді. Өйткені біздің елге келетін инвес­торлар мен турис­тердің тоқтауы елге келетін ақ­шаның азаюына септігін тигізеді. Екінші жағынан егер бұл ше­телмен қарым-қатынас азайса, елдің имиджіне де теріс әсерін тигізеді. Сондықтан эконо­мист төтенше жағдайды көпке созбай, сақтықпен халықаралық әуе рейс­терінің жұмысын қолға алған жөн. Экономист Жангелді Шым­шықовтың айтуынша, әуе кеңіс­тігінің мәселесі оң шешімін табу үшін мемлекеттік бюджеттен қар­жы бөлініп, қолдау да көрсет­кені дұрыс деп санайды. Өйткені әуе рейстерін көбейту мемлекеттің өзіне қажет.