«Қайғылы қаңтар» оқиғасы талай жүрекке жара салғаны анық. Десе де, еліміз террорға тойтарыс беріп, халық қалыпты өміріне қайта орала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде жариялаған төтенше жағдай режимі өз жемісін берді деуге толық негіз бар. Сондай-ақ екі жетіге алкогольдік өнімдердің саудасына салынған тыйым да тәртіп орнатуға өз септігін тигізгендей. Алайда Президент тапсырмасын барлық өңір толықтай орындады ма? Әлде ұлтын емес, құлқын ойлаған кәсіпкерлер ащы суды жасырын сатты ма? Ал ең маңыздысы, мұндай бизнесмендер билік тарапынан бақыланып, жүгенсіз кеткендер жазаланды ма? Жалпы, ақиқаты әлі толық ашылмаған қаңтардағы қанды қақтығысты көзбен көргендердің дені алаңға шыққан жастардың басым бөлігі араққа сылқия тойып алғанын айтады. Тіпті, есірткі шегіп, есі кеткендер көп болды дейтіндер бар. Мұның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтап жатыр. Алайда бүліктен кейін Президент тапсырмасымен барлық өңірде төтенше жағдай кезінде ішімдік сатпау туралы тыйым салынды. Бұл Жарлық әр өңірге әртүрлі жеткендей. Олай дейтініміз – Түркістан облысы бірінші күннен тексерісті күшейтіп, алкоголь өнімдерін сатқандарға тәртіптік жаза қолданса, Жамбылда бұл жұмыстар баяу басталды. Тіпті, жауапты мекемелер бір-біріне сілтеп, кәсіпкерлердің жұмысы бақылауға алынбағанын анық аңғартты. Мәселен, Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласқанымызда, олар кәсіпкерлерді жоспарсыз тексеру олардың құзыретіне кірмейтінін айтты. Егер жаппай тексеріс жүргізсе, бұл жемқорлық сипатындағы әрекет болатын көрінеді. Ал жергілікті әкімдік жанынан құрылған мониторинг тобы күні кеше ғана бұл жұмыстарды қолға алған. Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, №1 мониторингілеу тобының тексеру нәтижесінде Smokingtime «Досанов», «Диана» және «Муналиева К.Н» жеке кәсіпкерлігі мен кафе иелері төтенше жағдай кезінде шектеулі жұмыс уақытын сақтамауы және алкоголь өнімдерін сатқаны анықталған. Осылайша, төтенше жағдайға қарамастан, Жамбылда алкогольдік өнімдердің саудасы тоқтамай тұр. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Ірі сауда орындары сөрелерін ащы сусындардан босатса, кафелер мен ықшамаудандардағы шағын дүкендер алкоголь өнімдерінің саудасын ашық жүргізді. Сондай-ақ тамыр-танысына ішімдікті тығып сатқандар да табылды. Негізі, төтенше жағдай кезінде сауда орындарының жұмысына шектеу қойылғандықтан, саудасын жүргізіп қалуға тырысқандар көп болған. Алайда тәртіпке бағынғандар да бар. Сондай дүкен желісінің бірі – «Дәмді себет». – Тараз қаласы бойынша 31 дүкеніміз болса, соның 5-і аудандарда орналасқан. Төтенше жағдай жарияланған уақытта ішімдікті сөрелерден алып, сыра салынған тоңазытқыштардың аузына құлып таңдық. Алайда төтенше жағдай кезіндегі мұндай тыйымды түсініп жатқан халық аз. Алкогольді сусындарды сұрап келушілердің саны күн санап артып жатыр. Сатушыларымыз жағдайды барынша түсіндіріп, төтенше жағдай уақытында сатылмайтынын айтады. – Әрине, ішімдік пен темекі наннан кейін ең көп сатылатын тауар болғандықтан, тыйымның бизнеске келтірер кері әсері болады. Алкогольді сатылымнан мүлде алып тастау мүмкін емес, – дейді «Дәмді себет» дүкендер желісінің директоры Алмазбек Шегебаев. Байқап тұрсақ, ішімдік іздеп, дүкендерге бұқараның өзі қайырылады екен. Саудагерлерді алкогольді тығып сатуға итермелеп жатқан да халықтың өзі сияқты. Әйтпесе, тұтынуша болмаса тауар қайдан өтсін? Біз бұл қағидаға көз жеткізу үшін төтенше жағдай режимін бұзбай, кешкілік такси жалдап, қаладағы бірқатар сауда орнын аралап көрдік. Үлкен сауда орындарынан ішімдік таппағаннан кейін такси жүргізушісінен алкоголь өнімін сататын орынды тауып беруін өтіндік. Ол ықшамауданның ішіне кіріп, бір шағын дүкенді көрсетті. Сатушыға ақшасын санап беріп едік, екі шөлмек арақты қолымызға ұстата салды. Сол жерде журналист екенімізді таныстырып, кәсіпкердің тірлігі төтенше жағдай кезіндегі тыйымға қайшы келетінін түсіндірдік. Күнделікті күнкөрісі осы дүкенге қарап отырғанын айтқан тұрғын төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін алкоголь өнімін сатпауға уәде етті. Негізі, мұндай дүкендер аудандарды айтпағанның өзінде қала шеңберінде жетерлік. «Ішімдіксіз ауыл» акциясын алғашқылардың бірі болып Жамбыл өңірі бастағанын ел жақсы біледі. 2020 жылы Жамбыл мен Қордай аудандарындағы ауылдар алкоголь өнімдерінен бас тартып, кәсіпкерлер арақ-шарап сататын сертификаттарын өз еркімен өткізген. Мұндай игі бастамаға 5 аудан бірдей үн қосып, 12 ауылдағы 126 дүкен иесі арақ сатуды тоқтатқан болатын. Осындай ауылдағы ағайыннан тараздық кәсіпкерлер де үлгі алса, нұр үстіне нұр болары хақ. – Жалпы, жұрт қонақ күтерде дастарқанына арақ емес, қымыз қоюды әдетке айналдырса, жақсы болар еді. Біз өзгерісті өзгеден күтпей, өзімізден бастауымыз керек. Күні кешегі бүлікте қазақтың бірінші кезектегі жауы арақ болды. Ішімдікке лықа тойып алған жастар бүлік шығарып, соңы қайғылы оқиғалармен аяқталды. Егер өскелең ұрпақ осы жат әдеттен аулақ болса, еліміз де, балаларымыз да аман болар еді. Сондықтан мен жамбылдықтарды арақ-шараптан түбегейлі бас тартуға шақырамын, – дейді көпбалалы әке Сырым Базарбаев. Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда төтенше жағдай кезінде тығылып ішімдік сатқан саудагерлердің көп болғанын әркімнің іші біліп отыр. Күні ертең төтенше жағдай режимі алынатыны анық. Ең болмаса сол уақытқа дейін кәсіпкерлер табысты емес, тыныштықты ойласа екен дейміз.
Жамбыл облысы