«Қасіретті қаңтар»: шеруші кім, содыр кім?
«Қасіретті қаңтар»: шеруші кім, содыр кім?
391
оқылды
Сонымен, бүлік кезінде көз жұмғандар жайлы ресми дерек шықты. Мәйітханаларға бар­­­­­лығы 225 адам әкелінген екен. Одан бөлек, 4 353 адам жарақат алған. Олардың 19 полиция қызметкері қаза болған, 3 393-і жарақат алған. Ал қал­ған­­­­дары­ның ара­сында содыр, бейбіт азаматтар қанша екені белгісіз. Қандай баптармен іс қозғалып жатыр? Асыра сілтеу болып жатқан жоқ па? Оны билік бүгінге дейін ашып, анық­­­­тап айтпай отыр.

Қосақ арасында кеткендер көп емес пе?

Қоғамды да алаңдатып отыр­ғаны осы сұрақтар. Ендеше ақ-қарасын ажырататын дүниелер өте көп. Бұл қыруар шаруаны, табанды тергеуді, прокурорлық зерттеуді, одан қалды объективті сот ба­ғасын талап етеді. Әрине, ала­са­пыранға толы төрт күнде оқиғаның қалай өрбігені туралы көптеген мәлімет базалары, ақпарат көздері, техникалық жазбалар жеткілікті. Азаматтардың өздері түсіргені бар, көшедегі бақылау камераларына жазылғаны бар – мұның барлығы қаңтар оқиғасының хронология­сын түзуге айтарлықтай мүмкіндік бермек. Әрине, оқиғаның өрбу барысы ырықтан шыққан сәттерде адам құқы бұзылып, халықты тәртіпке шақыру үшін немесе тарату үшін құқық қорғаушылар тарапынан адам өлтірмейтін арнайы құралдар мен техникалар пайдаланылғанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жағдай ушыққан сәтте жаппай тәртіпсіздіктердің соңы содырларға қарсы қақтығыс­қа ұласты. Адам шығыны бұған дейінгіден көбейе түсті. Бұл бүгінгі келтіріп отырған 225 адамның, со­ның ішінде 19 тәртіп сақшы­сының қазасына алып келді. Ендеше мұны жасаған кімдер? Содырлар ма, шерушілер ме, полиция ма? Оны анықтау — бүгін-ертең аяқтала қоятын оңай шаруа емес. Сон­дық­тан да тергеу барысында да адам құқықтарының сақталуын про­курор­лар қадағалауы қажет. Әзірге аңғарып отырға­нымыз, бұл іске Президенттің өзі тікелей араласуға мәжбүр болып отыр. Жағ­дай­ды ушықтырмауға, жазықсыз жандарды нақақ күй­дірмеуге тап­сырма берілген соң полиция қыз­меткерлерінің заңға қайшы әре­кеттеріне шағым түсіру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департа­ментінің теле­фондары, Министр­дің блогы, «Ашық-алаң» фрон-кеңселері, өңір­лік қауіпсіздік қыз­меттері ха­лыққа жария етілді. Оның тәртіп сақшыларының репрессивті ары­нына қаншалықты тоқтау салғаны белгісіз. Бірақ желідегі желдей ескен жаманатты хабардан көз сүрінеді, көңіл түңіледі. «Мені кеше сағат күндізгі 12.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қа­лалық Полиция басқармасының ауласында орналасқан «Динамо» спортзалында бірнеше рет ұрып-соқты. СОБР-дан бастап жай өтіп бара жатқан полиция қызметкер­леріне дейін барлығы да ұрды. Ал ұсталғандарды бір-бірден алып кірген спортзалдың шомылатын бөлмесінде тіпті асқан қатыгез­дікпен қатты соққыға жықты», – дейді шеруге қатысқан атыраулық Сергей Шутов. Сергейдің одан кейінгі әң­гімесін тыңдасаң, төбе шашың тік тұрады. 11 қаңтар күні үйінен алып кеткеннен оны тек 13-і күні кешке бір-ақ шығарған екен. Соққы тимеген жері қалмаған. «Динамо­дағы» «тозақтан» жоқ дегенде 400 адам өтті», – дейді ол. Соңында сот оны 2 күнге қамауға үкім шығарған екен. Сондағысы ешқандай тәртіпсіздікке қатыспаған, тек 4 қаңтар күні сағат түскі 15.00-ден 17.00-ге дейін Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңда тұрып, Әнұран айтқанда қосылып, одан соң үйіне қайтып кеткен. Құдай сақтап, бұл оның аман қалғаны екен. Болмаса әлі күнге хабар-ошар жоқ жоғалып кеткендер, ау­ру­ханадан операциядан шыққан бойдан тергеуге әкетіліп жатқан­дары қаншама? Ал тергеудің қандай сипатта өтетіні ендігісі бел­гілі болып отыр. Оны ауруха­надан енді шыққан адам көтере ала ма, алмай ма, белгісіз! Тіпті, Алма­тының мәйітханасынан қолындағы кісені шешілмеген күйінде та­был­ған археолог Ерлан Жағыпаровтың өлімі жұртшылықты бір дүр сіл­кіндірген оқиға болды. «Мен барлығын кеш білдім. Оның 6 қаңтар күні кешкі сағат 19.00-дердің кезінде орталық алаң­ның маңынан жоғалып кеткенін, кейін мәйітханадан жүрегінен оқ тиген өлі күйінде табылғанын есті­дім. Оның кім екенін анықтаған кезде ол қолындағы кісені де ше­шілмеген күйінде мәйітхананың дәлізінде еденде жатыр екен. Үстінде азаптаған соққылардың іздері бар. Атқан адам кеудесіне тақап тұрып атқан. Бұл қалай болғаны? 1937 жылғы репрессия қайта басталғаны ма? Неге жа­зықсыз адамды азаптап қана емес, атып өлтіреді? Кінәлілер жазасын алуы тиіс!», – дейді оның бауыры Нұрлан Жағыпаров. шеру Мұндай жаныңды түршік­тіретін деректерді әлеуметтік же­ліде көптеп кездестіруге болады. Оның өзінде де, бұл – жария бо­лып жатқандары. Ал айтылмай жатқандары қанша екенін құдай біледі. Ендеше полиция қызмет­кер­лері тарапынан мұндай өш­пенділік кімге не берері белгісіз? Халықты да ашындыра бергеннен ештеңе ұтпайтынымыз анық! Жалпы, онсыз да ушығып тұрған саяси-қоғамдық ахуалды асқын­дыра берудің соңы тәуелсіздігімізге де қауіп әкелетінін ескергеніміз абзал.

Объективті тергеу қажет

Негізі, Президенттің Бас про­куратураға ұсталғандардың кі­нәсінің қаншалықты екенін анықтап, ауыртпалығы жоқ болған жағдайда жазасын жұмсарту ту­ралы тапсырма бергеніне, ІІМ-мен жиын өткізгеніне қарап, күштік құрылымдар тарапынан жасалып жатқан шектен шығушы­лықтан жақсы хабардар екенін аңғаруға болады. Содырлардың бетін қай­тара алған күштік құры­лымдар бей­біт тұрғындарға да сол қарқын­мен қырғидай тиіп жатқан сияқты. Сондықтан  Алматыда болған оқиғаны тергеуді Ішкі істер министрлігінің құзыретінен алып, ведомствоаралық топқа тапсырған жөн. Ол топқа тергеу объективті жүруі үшін қоғам өкілдерін де қосу қажет. Бұл тұста ішкі істер орган­дары қызметкерлерінің қатты ке­тіп жатқанының бір себебі – мұндағы әр бір қатысушының кі­нәсін қысқа уақытта әрі дәл анық­тау мақсатында жүзеге асырылып жатқан болуы мүмкін. Өйткені қаза тапқан 225 адамның полиция қызметкерлерін қоспағанда бәрі­нің бірдей ажалы күштік құрылым­дардың оғынан болуы мүмкін бе? Терроршылардың да оғынан өлгендері бар. Тіпті, сол күні қа­ланы тонауға шыққан мародер­лердің де жолында кездескенді аямағаны ақиқат болар? Ендеше өзгенің мүлкін тонап, елімізге 112 млрд теңге залал кел­тір­ген тәр­тіпсіздік ақтауға бол­майтын бас­сыздық. Сол себепті қаңтар қа­сіреті қанша ауыр болса да, әділ төрелігі үшін әрбір қатысу­шы тиісті жазасын алуы қажет. Өйткені жаппай тәртіпсіздіктер болған уақыт Президенттің коммен­дант­тық сағат жариялаған күні бола­тын. Оны халық та, әскерилер де сақ­таған жоқ. Бұл мәселенің ушы­ғуына әкелді. Ал мұндағы бүлдіріп-қирату да, ұрлық та, мародерлік те, өртеу де, ұрып-соғу да, ең ақыры адам өлтіру де – заңға қайшы қыл­мыс! Расында да, оқиға өткен төрт күннің ішінде не болғаны, қалай болғаны, кімдердің содыр екені, кімдердің бейбіт тұрғын екені әлі толықтай ашылып айтылған жоқ. Билік тек там-тұмдап, қоғамның тамырын басып, көңілін орнына түсіру үшін ғана ақпарат беріп жатыр. Қалай болғанда да, сол күндері интернетті үзіп, күллі Қа­зақстанды ақпараттық блока­дада ұстағаны секілді мемлекеттің ақпараттық вакуум жағдайын сақтап қалуы қоғамның көңілін көншітіп отырған жоқ. Терроризммен қарсы күрес, бейбіт шеруді басып-жаншу құ­ралына айналып кетпеуі керек. Өкініштісі, алматылық­тар­дың теріс пиғылды содырлардың ойын­шығына айналып кеткені. Олар қалың нөпірді пайдаланып, ел арасына ылаң салып, хаос ту­дырып, билікті төңкеріп таста­ғысы келді. Оны өткен оқиға­лар­дың там-тұм естеліктерінен аң­ғаруға болады. Сондықтан да қаза тап­қандардың қалғаны сол со­дырлар екенін де жоққа шығаруға болмас. «Лаңкестер мен содырлар іште дайындалды ма, әлде сырттан келді ме, оларды жұмсаушылар мен нақты ұйымдастырушылар кімдер деген сұрақтарға жауап әділет пен ақиқат үшін маңызды. Бірақ мәселенің түбіріне үңілетін болсақ, наразылыққа себеп бол­ған, бай мен кедейдің арасын ал­шақтатып, әлеуметтік шиеленісті ушықтырған, елді жегідей жеп, халықтың ашынуына алып келген жемқорлық, байлық пен биліктің аз топтың қолында шоғырлануы екені айдан анық. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған экономикалық рефор­маларда экономика мен қаржы ағымдарының жариялылығына, жемқорлықты ауыздықтау мәсе­лелеріне арнайы басымдық берілуі керек. Өз кезегінде бұл бағытта нәтижелі күрес жүріп, халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасуы үшін саяси реформалар қажет», – дейді қоғам қайраткері Алихан Байменов. Сонымен, соңғы ақпараттарға сүйенсек, терроризмге қарсы опе­ра­ция басталғалы Алматы қала­сында ішкі істер органдарына жалпы саны 2 601 адам жеткізілген. Олардың 240-тан астамы қарақ­шылар және жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар. Олар қамауға алын­ды. 84 адам коменданттық сағатты бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. «7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалғаны белгілі, онда 1347 қару ұрланған. Осыған байланысты арнайы тергеу тобын құрып, қабылданған шаралардың арқа­сында 127 қару мен 4 077 оқ-дәрі тәркіленді. Оның 58-і аңшылық дүкеннен ұрланғаны анықталды. Сон­дай-ақ 4 000-ға жуық оқ-дәрі тәркіленді. 265 адам ауруханаларда жатыр. Оның 67-сі ауыр халде. 225 науқастың 175-і медициналық ұйымдарда қайтыс болды», – деді қалалық ПД бастығы Қанат Таймерденов Алматы қалалық жедел штаб отырысында. Ко­мендатура бастығының мәліметін­ше, өткен тәулікте «102» пультына 329 хабарлама келіп түскен.