«Қаңтар трагедиясы» Қазақстандағы құқық қорғау жүйесіне қатысты екіұдай пікір қалдырып кетті. Елдегі кейбір погондылардың сатқындығын қасық қаны қалғанша антқа адалдық танытқан әріптестерінің жанқияр ерлігі жуып жібергендей. Сонда да болса соңғы жағдайлар халықтың құқық қорғау органдарына деген сеніміне селкеу түсірді. Осындайда істі болғандарды ақтап, хабарсыз кеткендерді табу үшін жеке детективтерден көмек сұрайтындардың саны артуы әбден мүмкін. Алайда елімізде детективтер жұмысын реттейтін заң жоқ.
Шыны керек, Қазақстанда заңды белшесінен басып, басына іс түскенде құқық органдарының баламалы нұсқасының көмегіне жүгінетіндердің қарасы анау айтарлықтай қалың емес. Оның үстіне, ақылы негізде қызмет көрсететін жеке детективтердің қызметі қарапайым халықтың қалтасына әжептеуір салмақ салады. Біле білгенге «Қаңтар трагедиясы» сияқты жағдайда қосақ арасында ілініп, жаптым-жала, жақтым күйенің құрбаны болғалы тұрғандарды ақтап алатын айғақтарды жинауда кәсіби детективтердің рөлі ерекше. Сонымен бірге балапан басымен, тұрымтай тұсымен күн кешкен шақта хабарсыз кеткендерді табуда да дәл осы сала қызметкерлеріне сенім артуға болады. Әлбетте, ақысын алған соң жеке із кесушілердің тапсырысты сапалы орындауға барын салады. Оған қоса, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тайлы-тұяғымен «Қаңтар трагедиясы» қатысы барлардың соңына шам алып түскен шақта хабарсыз кеткендерді іздеу, жекелеген іске нақты тұлғалардың қатыстылығын жан-жақты анықтауда амалдың жоқтығынан детективтердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Әдетте құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерінен жасақталған мұндай агенттіктердің жұмысының қыр-сыры көпшілікке таңсық. Оның себебі де түсінікті. Тапсырыс беруші мен іске қатысты мәліметтердің құпиялылығы өз алдына, қазақстандық «Шерлок Холмстар» өздері туралы да ашылып айта қоймайды. Кинода ғана адамзаттың құтқарушысы болып көрінетін із кесушілер құпиялық қағидатын мейлінше берік ұстанады. Сонда да бірімен журналист, енді бірімен тапсырыс беруші ретінде сөйлескенде, еліміздегі жеке детективтерге қатысты аз-кем ақпарат алудың сәті түсті. Сонымен, қазақстандық детективтердің айтуынша, қақтығыс жағдайында жоғалғандарды іздеу, істі болғандарды ақтауға қатысты дәлел-дәйекті жинау оңай шаруа емес көрінеді. Әрі олардың дені «Қаңтар трагедиясының» жекелеген эпизодтары бойынша әлі бірде-бір тапсырыс түспегенін айтты.
– «Қаңтар трагедиясынан» кейінгі жалпы жеке детектив агенттігі нарығы туралы толық айта алмаймын. Бірақ менің жеке өзімнен соңғы оқиғаларға байланысты туған-туысын немесе қолды болған дүние-мүлкін іздегендер әлі көмек сұрай қоймады. Қазір бұл іспен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар, заңгерлер айналысып жатыр. Хабарсыз кеткендер бойынша ресми мәлімет ұсынатын жедел желі де іске қосылды. Менің ойымша, бұл оқиға бойынша детективтердің көмегіне жүгінетіндер көп болады, – дейді «Қалқан» қауіпсіздік сарапшылары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Мырзабаев.
Ішкі істер органдары саласындағы оперативтік қызмет бойынша 20 жылдық тәжірибесін жеке із кезушілікпен ұштастырған кәсіби маман бүлік құрбандарына қатысты іс жүргізудің детективтердің құзіреті жайында да аз-кем әңгімелеп берді.
– Детективтер мұнда да айғақтарды жинаумен айналысады. Тапсырыс берушінің немесе оны туысының бүлікке қатыспағаны туралы дәлелдер базасын жинақтаймыз. Бүлікке қатысқан күннің өзінде оның ешқандай теріс пиғылда болмағанын дәлелдеу керек. Бұл жағдайда оның туған-туыстары, таныстары арқылы қолжетімді ақпараттарды жинап, саралауға барымызды саламыз. Қолжетімді дегенім, детектив жинауға болатын мәліметтердің арнаулы регламенті бар. Ал Алматыдағы жағдай бойынша іс жүргізу шынында қиындау. Мұндай тапсырыс түссе, әр жағдайды жеке-жеке қарастыруға тура келеді, – дейді Р. Мырзабаев.
Демек, әзірге «Қаңтар трагедиясы» бойынша қамауға алынғандар мен хабарсыз кеткендердің туған-туыстары ресми органдардың жұмысынан нәтиже күтумен жүрген сыңайлы. Мұндайда олар қалтасы көтерсе, жеке детектив агенттіктерінің көмегіне жүгінуге құқылы екенін де ұмытпағаны жөн. Бір қызығы, елімізде жеке детектив агенттерінің қызметіне рұқсат жоқ. Сол секілді із кесушілердің жеке іс жүргізуіне заң жүзінде тыйым да салынбаған. Саланы реттейтін заң болмағандықтан, детективтер қызмет ақысын да қалауынша қояды. Әрі оның жағдайға байланысты қырық құбылатынын ұмытпау да керек. Алматыдағы дүрбелеңде туысынан айырылған тапсырыс беруші кейпінде мегополистегі бірқатар детективке хабарласып көрдік. Өзін Ерлан деп таныстырған із кесуші 250 мың теңгеге жоғалған туысымызды тауып бере алатынын айтты. Аты-жөнін атамаған енді бір алматылық «Шерлок Холмс» өзімізді сұрақтың астына алды. Туысымызға қатысты барлық мәліметті алған ол жағдайды түсініп, іздестіру жұмыстарын 150 мың теңгеге жүргізуге келісті. Олардың талабы бойынша, іздеуді бастау үшін туысымызға қатысты барлық мәлімет пен бірге келісілген соманың 50 пайызын төлеуіміз керек екен.
Әрине, тапсырыс беріп, жеке детективтердің қарым-қабілетін іс жүзінде сынап көрмеген соң олардың қызметінің сапасына қатысты сын айту қиын. Сол секілді олардың жұмысының тиімділігіне баға беру де біздің құзыретімізде емес. Бастысы, ақылы қызмет көрсететін «Агент 007»-лердегі әділдік танбай ақты ақ, қараны қара деп танудан жаңылмаса болғаны. Дегенмен сала мамандары бізде жеке детективтер жүргізген іске құқықтық сипат беруде қиындықтар бар екенін жасырмады.
– Бізде жеке детективтердің қызметі арнаулы құқықтық база шеңберінде реттеледі. Бірақ ондағы регламенттер де детективтің іс жүргізу кезінде қандай қадамға бара алатыны немесе нендей әрекетке тыйым салынғаны ашық көрсетілмеген. Шетелдерде жеке детективтер арнаулы заңсыз-ақ жұмыс істей береді. Олар өз қызметін Қылмыстық кодекс, Салық кодексі, кәсіпкерлік туралы заңнамалық құжаттарға сай жүзеге асырады. Бізде салаға қатысты арнайы заң қабылданатын болса, ол заң шын мәнінде жұмыс істеуі керек. Болмаса детектив жұмысына қатысты регламенттерді бекіту жеткілікті. Ең бастысы, детективтерге құқықтық еркіндік беріліп, олар жинаған материалдар сотта айғақ ретінде қарастырылса болғаны, – дейді Р.Мырзабаев.
Жалпы, қазақстандық жеке із кесушілердің жұмысын заңмен реттеу мәселесі 2004 жылдан бері шешімін таппай келеді. Кейіннен әзірленген заң жобаларының дені детективтердің жұмысын мейлінше шектейтіні айтылды. Сондықтан соңғы жағдайларға байланысты Президент тапсырмасымен еліміздегі құқық қорғау жүйесін реформалау кезінде кешенді жұмыстың бір бағыты ретінде жеке детектив агенттіктерінің мүмкіндігі қаперде болғаны жөн секілді.
P.S.
Қандай істе болмасын жеке детектив жалдауға қатысты қазақ қоғамындағы көзқарас белгілі. Детектив тұрмақ, ұсақ-түйек құқықбұзушылыққа қолды бір сілтеп, полицияға арыз айтып баруға да мойнымыздың жар бере бермейтіні бар. Соған қарамастан әділдікке жетуге ниеттілер үшін жеке детектив агенттіктерінің жұмысын заңмен реттейтін шақ туды. Әрі қазіргідей құқық қорғау органдарына сенім түгесілген сәтте көпшілік те бұл қадамды қолдайтыны анық.