«Холмстардың» қолы жүргелі тұр

«Холмстардың» қолы жүргелі тұр

«Қаңтар трагедиясы» Қазақстандағы құқық қорғау жүйесіне қатысты екіұдай пікір қалдырып кетті. Елдегі кейбір погондылардың сат­қындығын қасық қаны қал­ғанша антқа адалдық таныт­қан әріп­тес­терінің жанқияр ерлігі жуып жібергендей. Сонда да бол­са соңғы жағ­дайлар халық­тың құқық қорғау органда­ры­на деген сеніміне селкеу түсірді. Осын­дайда істі бол­ғандар­ды ақтап, хабарсыз кеткен­дер­ді табу үшін жеке детек­тивтерден көмек сұ­рай­тын­дардың саны артуы әбден мүмкін. Алайда елімізде детективтер жұмысын рет­тейтін заң жоқ. Шыны керек, Қазақстанда заңды белшесінен басып, басына іс түскенде құқық органдарының баламалы нұсқасының көмегіне жүгінетіндердің қарасы анау айтарлықтай қалың емес. Оның үстіне, ақылы негізде қызмет көрсететін жеке детективтердің қызметі қарапайым халықтың қалтасына әжептеуір салмақ салады. Біле білгенге «Қаңтар трагедиясы» сияқты жағдайда қосақ арасында ілініп, жаптым-жала, жақтым күйенің құрбаны болғалы тұрғандарды ақтап алатын айғақтарды жинауда кәсіби детективтердің рөлі ерек­ше. Сонымен бірге балапан ба­сымен, тұрымтай тұсымен күн кешкен шақта хабарсыз кет­кендерді табуда да дәл осы сала қызметкерлеріне сенім артуға болады. Әлбетте, ақысын алған соң жеке із кесушілердің тап­сы­рыс­ты сапалы орындауға барын салады. Оған қоса, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тайлы-тұяғымен «Қаңтар тра­гедиясы» қатысы барлардың соңына шам алып түскен шақта хабарсыз кеткендерді іздеу, жекелеген іске нақты тұлға­лар­дың қатыстылығын жан-жақты анықтауда амалдың жоқтығынан детективтердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Әдетте құқық қорғау органдарының бұрынғы қызмет­керлерінен жасақталған мұндай агенттіктердің жұмысының қыр-сыры көпшілікке таңсық. Оның себебі де түсінікті. Тапсырыс бе­руші мен іске қатысты мәлі­меттердің құпиялылығы өз ал­дына, қазақстандық «Шерлок Холмстар» өздері туралы да ашылып айта қоймайды. Кинода ғана адамзаттың құтқарушысы болып көрінетін із кесушілер құпиялық қағидатын мейлінше берік ұстанады. Сонда да бірімен журналист, енді бірімен тап­сырыс беруші ретінде сөйлес­кенде, еліміздегі жеке детектив­терге қатысты аз-кем ақпарат алу­­дың сәті түсті. Сонымен, қа­зақ­­стандық детективтердің ай­туынша, қақтығыс жағдайында жоғалғандарды іздеу, істі болған­дарды ақтауға қатысты дәлел-дәйекті жинау оңай шаруа емес көрінеді. Әрі олардың дені «Қаң­тар трагедиясының» жеке­леген эпизодтары бойынша әлі бірде-бір тапсырыс түспегенін айтты. – «Қаңтар трагедиясынан» кейінгі жалпы жеке детектив агент­тігі нарығы туралы толық айта алмаймын. Бірақ менің жеке өзімнен соңғы оқиғаларға байланысты туған-туысын не­месе қолды болған дүние-мүлкін іздегендер әлі көмек сұрай қой­мады. Қазір бұл іспен құқық қор­ғау органдарының қызмет­кер­лері, адвокаттар, заңгерлер айналысып жатыр. Хабарсыз кеткендер бойынша ресми мәлімет ұсынатын жедел желі де іске қосылды. Менің ойымша, бұл оқиға бойын­ша детективтер­дің көмегіне жүгі­нетіндер көп болады, – дейді «Қал­қан» қауіпсіздік сарап­шылары қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Мырзабаев. Ішкі істер органдары сала­сын­дағы оперативтік қызмет бойынша 20 жылдық тәжірибесін жеке із кезушілікпен ұштастыр­ған кәсіби маман бүлік құрбан­дарына қатысты іс жүргізудің детективтердің құзіреті жайында да аз-кем әңгімелеп берді. – Детективтер мұнда да ай­ғақ­тарды жинаумен айналысады. Тапсырыс берушінің немесе оны туысының бүлікке қатыспағаны туралы дәлелдер базасын жи­нақтаймыз. Бүлікке қатысқан күн­нің өзінде оның ешқандай теріс пиғылда болмағанын дә­лел­деу керек. Бұл жағдайда оның ту­ған-туыстары, таныстары ар­қылы қолжетімді ақпараттарды жинап, саралауға барымызды сала­мыз. Қолжетімді дегенім, детектив жинауға болатын мә­ліметтердің арнаулы регламенті бар. Ал Алматыдағы жағдай бо­йын­ша іс жүргізу шынында қиын­дау. Мұндай тапсырыс түссе, әр жағдайды жеке-жеке қарас­тыруға тура келеді, – дейді Р. Мырзабаев. Демек, әзірге «Қаңтар тра­ге­диясы» бойынша қамауға алын­ғандар мен хабарсыз кет­кендер­дің туған-туыстары ресми орган­дардың жұмысынан нәтиже күту­мен жүрген сыңайлы. Мұн­дайда олар қалтасы көтерсе, жеке детектив агенттіктерінің көмегіне жүгінуге құқылы екенін де ұмытпағаны жөн. Бір қызығы, елімізде жеке детектив агентте­рінің қызметіне рұқсат жоқ. Сол секілді із кесушілердің жеке іс жүргізуіне заң жүзінде тыйым да салынбаған. Саланы реттейтін заң болмағандықтан, детективтер қызмет ақысын да қалауынша қояды. Әрі оның жағдайға бай­ланысты қырық құбылатынын ұмытпау да керек. Алматыдағы дүрбелеңде туысынан айырылған тапсырыс беруші кейпінде ме­гополистегі бірқатар детективке хабарласып көрдік. Өзін Ерлан деп таныстырған із кесуші 250 мың теңгеге жоғалған туысымыз­ды тауып бере алатынын айтты. Аты-жөнін атамаған енді бір алматылық «Шерлок Холмс» өзімізді сұрақтың астына алды. Туысымызға қатысты барлық мәліметті алған ол жағдайды түсініп, іздестіру жұмыстарын 150 мың теңгеге жүргізуге келісті. Олардың талабы бойынша, іздеуді бастау үшін туысымызға қатысты барлық мәлімет пен бірге келісілген соманың 50 пайы­зын төлеуіміз керек екен. Әрине, тапсырыс беріп, жеке детективтердің қарым-қабілетін іс жүзінде сынап көрмеген соң олардың қызметінің сапасына қатысты сын айту қиын. Сол секілді олардың жұмысының тиімділігіне баға беру де біздің құзыретімізде емес. Бастысы, ақылы қызмет көрсететін «Агент 007»-лердегі әділдік танбай ақты ақ, қараны қара деп танудан жаңылмаса болғаны. Дегенмен сала мамандары бізде жеке де­тективтер жүргізген іске құқық­тық сипат беруде қиындықтар бар екенін жасырмады. – Бізде жеке детективтердің қызметі арнаулы құқықтық база шеңберінде реттеледі. Бірақ он­дағы регламенттер де детективтің іс жүргізу кезінде қандай қадамға бара алатыны немесе нендей әрекетке тыйым салынғаны ашық көрсетілмеген. Шетелдер­де жеке детективтер арнаулы заңсыз-ақ жұмыс істей береді. Олар өз қызметін Қылмыстық кодекс, Салық кодексі, кәсіп­керлік туралы заңнамалық құ­жаттарға сай жүзеге асырады. Бізде салаға қатысты арнайы заң қабылданатын болса, ол заң шын мәнінде жұмыс істеуі керек. Бол­маса детектив жұмысына қа­тысты регламенттерді бекіту жет­кілікті. Ең бастысы, детек­тив­терге құқықтық еркіндік бе­ріліп, олар жинаған материалдар сотта айғақ ретінде қарастырылса болғаны, – дейді Р.Мырзабаев. Жалпы, қазақстандық жеке із кесушілердің жұмысын заңмен реттеу мәселесі 2004 жылдан бері шешімін таппай келеді. Кейіннен әзірленген заң жобаларының дені детективтердің жұмысын мейлінше шектейтіні айтылды. Сондықтан соңғы жағдайларға байланысты Президент тапсыр­ма­сымен еліміздегі құқық қорғау жүйесін реформалау кезінде кешенді жұмыстың бір бағыты ретінде жеке детектив агент­тіктерінің мүмкіндігі қаперде болғаны жөн секілді.

P.S.

Қандай істе болмасын жеке детектив жалдауға қатысты қазақ қоғамындағы көзқарас белгілі. Детектив тұрмақ, ұсақ-түйек құқықбұзушылыққа қолды бір сілтеп, полицияға арыз айтып баруға да мойнымыздың жар бере бермейтіні бар. Соған қарамастан әділдікке жетуге ниеттілер үшін жеке детектив агенттіктерінің жұмысын заңмен реттейтін шақ туды. Әрі қазіргідей құқық қорғау органдарына сенім түгесілген сәтте көпшілік те бұл қадамды қолдайтыны анық.